Сауран ауданындағы оңалту орталығы мүгедек жандарға қызмет көрсетуді бастады, деп хабарлайды 24KZ.
200 орынға арналған кешен кезекте тұрған алғашқы 90 адамды қабылдады. Түркістан облысындағы орталықта 25 күн бойы медициналық көмекпен қатар 7 түрлі арнаулы әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Ордабасы ауданы Бөріжар елдімекенінің тұрғыны Елтай Лесбектің инсульттан кейін бір қол, бір аяғы сал болып қалған. Жүйелі емнің нәтижесінде қолы икемге келгенімен, аяғы әлі де сезбейді. Қария орталық мамандарының қызметіне риза. Олар құжатын реттеп, бірден палатаға жайғастыған. Енді науқас күнделікті емдік шара қабылдайды.
Елтай Лесбек, Ордабасы ауданының тұрғыны:
— Бұрын Шымкенттегі оңалту орталығында 28 күн жаттым. Одан кейін хабарасты. «Барасыз ба?», – деді. «Түркістанға? Барам», – дедім. Сөйтіп, келдім бүгін. Кіреберістен бәрі қарсы алды, тойда олай қарсы алмайды. Риза болдым.
Орталық заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Медициналық емнен бөлек, 7 түрлі әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық бағытта қызмет көрсетіледі. Салауатты өмір салтын ұстану үшін арнайы спорт залда шынығып, қысқы ботаника бағында серуендеуге де жағдай жасалған.
Әшім Нұрланұлы, орталық директорының орынбасары:
— Қазіргі таңда кезектегі 90 қызмет алушыны қабылдау жүргізіп жатырмыз. Негізі орталығымыз 200 орынға арналған. Физикалық ем қабылдайтын 16-дан астам кабинеттеріміз бар. Одан бөлек, емдік денешынықтыру кабинеттері, арнайы асхана жабдықталған. Сумен емдеу іс-шаралары және де жатын бөлмелермен қамтылған.
Қазіргі таңда мекемеде 100-ден астам қызметкер еңбек етіп жатыр. Негізінен орталық18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарды қабылдап, қызмет көрсетеді. Жалпы Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның 40 мыңнан астамы әлеуметтік оңалту қызметіне мұқтаж.
https://www.youtube.com/watch?v=WoaTfVXoR6M
© «24kz» телеарнасы