69 жастағы студент Түркістанға Түркиядан тіл үйренуге келді — Xnews — ақпарат агенттігі

69 жастағы студент Түркістанға Түркиядан тіл үйренуге келді

Киелі Түркістан қаласында орналасқан Ахмет Ясауи университеті – Түркі әлемі жастарының қарашаңырағына айналған білім ордасы. Мұнда жыл сайын дүниенің төрт бұрышындағы түркітілдес елдер мен ұлт өкілдері келіп, білім алады. Қазіргі таңда оқу орнында түркі әлемінің 17 елінен және 30-ға жуық ұлт пен ұлыстан 10 мыңға жуық студент оқып жатыр. Солардың бірі – түркиялық Кадрие Ышыклы. 69 жастағы білімгер шекара асып, қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысу үшін Түркістанға оқуға келген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Кадрие Ышыклы – Түркия азаматы, Стамбул қаласының тұрғыны, үш баланың анасы. Қазір Ахмет Ясауи университетінің Дайындық орталығының тыңдаушысы. Ол – университет тарихындағы ең жасы үлкен студент атанып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.

Түркиялық студент Түркістанға келіп білім алуына түркі елдерінің тілі және мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуға деген қызығушылығы себеп болғанын айтады. Кадрие ханымның Қазақстанға келгеніне бір жарым ай болса да, қазақ тілін жеткілікті деңгейде түсінетін хәлге жеткен.

«Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Осында қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысып, содан кейін өзге де бауырлас елдерге барғым келеді», — дейді ол.

Кадрие Ышыклы бұған дейін Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша жоғары оқу орынын тәмамдап, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттаған. Ендігі мақсаты – Орта Азия елдерімен танысу. Сондықтан Ахмет Ясауи университетінде де «Туризм» мамандығы бойынша білімін жалғастырмақ.

Айта кетейік, Кадрие Ышыклы білім алып жүрген Дайындық орталығында университеттің ішкі грантына (квота) ие болған түркі әлемінен келген білім алушылар оқиды. Олар 2 семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. Биылғы оқу жылында орталық ұстаздары 200-ден астам тыңдаушыға сабақ беріп жүр. Дайындық орталығын сәтті аяқтаған білімгерлер әрі қарай өзі таңдаған мамандығы бойынша университетте білімін жалғастырады.

Дайындық орталығының ұжымы жасы үлкен студент келетінін алғаш естіген кезде таңырқап, абдырап қалғандарын жасырмайды. Алайда, Кадрие Ышыклы Қазақстанға келген бойда барлығымен оңай тіл табысып, ортаға тез қалыптасқан. Орталық оқытушылары оның білімге ашық, қазақ тіліне қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

Кадрие Ышыклы өзінің батыл шешімі арқылы жастарды ынталандырып, білім алуға ешқашан кеш емес екеніне көрсете алды. Бірге оқитын студенттермен жақын араласып, оларды өз баласындай көріп, қамқорлық танытып жүр. Оның өмірге көзқарасы және білімге деген ерекше ынтасы – жастарға өнеге.

Яндекс.Погода
x

Check Also

Түркістан облысындағы су айдындарында қауіпсіздік жұмыстары күшейтілді

Шомылу маусымы баталғанда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында ...

В Туркестане развивается хлопково-текстильный кластер полного цикла

В Туркестанской области продолжается реализация крупных инвестиционных проектов. Аким области Нуралхан Кушеров встретился с инвесторами, реализующими проект «Туркестанский хлопковый агропромышленный ...