Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелеріне тоқталып өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырдан бастап бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік осал топтағы отбасының балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп келеді.
Қазіргі уақытта 1,7 млн оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған, бұған жергілікті бюджеттен 162 млрд теңге бөлінді.
Оқу-ағарту министрлігі тамақтандыру сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап, тиісті нормативтік-құқықтық талаптарды бекітті. Оның ішінде:
1. Білім беру ұйымдарында тамақтану нормалары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес қайта қаралды.
2. Тамақтану сапасына бракераж комиссияларының күнделікті мониторинг жүргізуі және ведомствоаралық сарапшылық топтың ұдайы бақылауы енгізілді.
3. Өнім берушілердің қызметін бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы туралы шарт бекітілді.
4. Аспаздар біліктілігіне, олардың білімі мен еңбек өтіліне қойылатын талаптар күшейтілді.
5. Ас блогына бейнебақылау орнату міндеттелді.
6. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тегін тамақ алатын балаларды автоматтандырылған түрде есепке алу жұмыстары жүргізілуде.
7. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленіп, 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда.
Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне қыркүйек-қазан айларында мониторинг жүргізілді.
«Республикалық мониторинг қорытындылары, мектептегі тамақтандырудың ұйымдастырылу сапасына қатысты сұрақтардың туындауы жергілікті атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетіп отыр, бұл заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де байқалып отыр. Дәлірек айтқанда, мониторинг жұмысының барысында 771 бұзушылық анықталғанын атап өткім келеді», — деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ Министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысына кешенді бағалау жүргізді. Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді.
Мәселен, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Бұл аталған өңірлердегі әкімдіктердің тамақтандыру сапасына ерекше назар аударып, бақылауды күшейту қажеттілігін көрсетеді.
Қазіргі таңда Министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда.
«Сондай-ақ мектептегі тамақтану сапасын арттыру үшін мүдделі органдар тарапынан қосымша шаралар қабылдауды қажет деп санаймыз», — деді оқу-ағарту министрі.
1. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне:
· мектепте тамақтандыру сапасына және заңнамада белгіленген талаптардың сақталуына бақылауды күшейту;
· тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша жеткізушілерді іріктеу кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтау;
· өңірлік ведомствоаралық сарапшылық топтардың жүйелі жұмыстарын белсендіру;
· мектептегі тамақтандыру сапасына күн сайын бракеражды комиссияның бақылауын қамтамасыз ету;
· 1 балаға бөлінетін тамақтану құнын өзектендіру мәселесін қарау;
· мектеп асханаларын жаңғырту жұмысын белсендіру;
· «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік бөлімшелерімен бірлесіп мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыруда бизнес-қауымдастықтың жауапкершілігін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
· Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерімен бірлесіп, мектеп асханаларын сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау ұсынылады.
2. Денсаулық сақтау министрлігіне:
· білім беру ұйымдары үшін перспективалық мәзір әзірлеу жөніндегі құзыретті қарастыру;
· алдын ала хабардар етпей мектептердің санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізу бөлігінде заңнамаға өзгерістер әзірлеу;
· мектептердегі медбикелердің тамақтандыру сапасына күнделікті бақылауды қамтамасыз етуін енгізу;
· білім беру ұйымдарында тамақтанудың халықаралық стандарттарға негізделген жаңа стандартын 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету ұсынылады.
«Осы аталған шаралар мектептегі тамақтандыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік мәселесі. Оқу-ағарту министрлігі “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірге балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр», — деді Ғани Бейсембаев.
Биыл төтенше жағдайлар органдарының қатысуымен оқушылар арасында 4 640 жаттығу өткізілді.
Бұған қоса, өңірлерде жылыту маусымының басталуына байланысты балалар арасында өрт қауіпсіздігі оқуларын күшейту қажеттігі туындап отыр.
Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі оқуларын өткізудің кестесін әзірлеп, өңірлерге жолдайтын болады.
«Әкімдіктерден жергілікті төтенше жағдайлар құрылымдарымен бірлесіп, балалар арасында кестеге сәйкес оқу-жаттығуларды өткізуді сұраймыз», — деп түйіндеді сөзін Ғани Бейсембаев.
Дереккөз: primeminister.kz