Түркістанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қаһармандарына құрмет көрсетілді

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Дүбірлі сынға әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Айтулы бәсекеде Қазақстан құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс және 37 қола жүлде еншіледі.

Ортақ жеңіске Түркістан облысынан барған 32 спортшы да үлес қосты. Өңір спортшылары 16 алтын, 10 күміс, 5 қола жүлдені иеленіп, республикада өздерінің үздік екендерін дәлелдеді. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, құрмет көрсетті.

– Қазақ еліндегі дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халқымыздың ғана емес, көшпенділердің тарихы, мәдениеті, спорты таныстырылып, абыройымыз аспандады. Түркістан облысының спортшылары өте табысты өнер көрсетіп, жүлде саны бойынша өңірлер арасында үздік болды. Елдің еңсесін көтердіңіздер. Көк туымызды желбіреткен қырандарымызға алғысымды білдіремін! Біздің білекті, жүректі батырларымыз Көшпенділер ойындарының қаһармандарына айналды. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауларында ұлт денсаулығын сақтау, спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Облыста тұрғындарымыздың салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында соңғы 3 жылда 115 спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың арасында «Түркістан Арена» стадионы, «Мұз сарайы», «Теннис орталығы», «Olympic Center» спорт кешені және өзге де нысандар бар. Биыл да көптеген спорт нысанын пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында заманауи үлгідегі атшабар салу жоспарлануда. Ұлттық спорт түрлеріне қолдау көрсету жалғасады. Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына – 1 млн, күміс жүлдегерге – 700 мың және қола жүлдегерлерге 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

Аударыспақтан әлемнің мықтысы, Көшпенділер ойындарының жеңімпазы Сырым Ізбасаров спортшылар атынан өңір басшысына қолдауы үшін алғысын білдірді.

Түркістан облысының 4 жігіті көкпар құрамасы сапында чемпион атанса, аударыспақтан 5 алтын, 1 күміс медаль еншіледі. Сонымен бірге овари, жамбы ату, қазақ күресі, күштілер сайысы, теңге ілу, асық ату спорт түрлерінен де қоржынға алтын жүлделер түсті. Көк бөрі, ордо, алыш, кураш, құсбегілік, жамбы ату спорт түрлерінен күмістер мен қола медальдар бұйырды.

Чемпиондар қатарында Айкөз Ералхан, Батыр Бексауыт (жамбы ату), Айжан Жылқыбаева (қазақ күресі), Азамат Мақұлбеков (күштілер сайысы), Рахат Қамбаров (теңге ілу), Әсел Далиева (овари), Амандос Айтқұлов (асық ату), Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиев (аударыспақ), Дәулет Айтан, Арман Жамалбеков, Абылайхан Нышанбеков және Әділет Мамыт (көкпар) бар.

x

Check Also

Түркістан облысында ірі қара малдың сүйегін өңдеп, өнім шығаратын зауыттың капсуласы салынды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Tangshan Huating Ceramics Co., LTD.» компаниясының сиырдың сүйегін өңдеп, пептон, желатин қоспасын дайындайтын зауыт салынады. Бүгін ...

Важные вопросы обсуждали на гражданском форуме в Туркестане

В Туркестане прошел ХІІ региональный гражданский форум «Социальная ответственность и общественная активность: движущая сила гражданского общества». Сначала состоялась презентация книги ...