Қажымұқанның ұрпағы Көкшетауға жәдігерлер алып келді

Даңқты бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың төлқұжаты, киімі, жол сөмкесі, сүлгісі мен фотосуреттерін оның ұрпағы Меруерт Ескермес Көкшетауға алып келді. Әлем чемпионы атағын алған тұңғыш қазақ палуанының туғанына 150 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция мен көрме ұйымдастырылды.

Атақты палуанның шөпшегі 15 жылдан бері ата-бабасының есімімен аталатын мұражайда жұмыс істейді. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданында орналасқан. Мұражай 1976 жылы құрылған.

— Палуанның төрт әйелінен үш ұл және бір қыз тарады. Мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша үйленген үшінші әйелінен тараған шөбересімін, − дейді Меруерт Ескермес.

Оның айтуынша, мұражайда қазақтың ұлы тұлғасына тікелей қатысы бар 130-дан астам жәдігер сақталған.

— Жәдігерлердің 70 пайызы – фотосуреттер мен құжаттар. Олардың арасынан бірден көзге түсетіні — Қажымұқанның төлқұжаты. Ол оны алғаш рет 1941 жылы 70 жасында алды. Кеңес Одағымен қатар шет мемлекеттердің ареналарында құжатсыз жүрсе де зор беделге ие болған. Жәдігерлер арасында киім мен тұрмыстық заттар ғана емес, сонымен қатар қойылым кезінде палуан майыстырған темірлер де бар, − деді палуанның ұрпағы.

Қажымұқанның алып тұлғалы дене бітімін растайтын бір жәдігер – оның жеке сүлгісі. Оның ұзындығы – екі метр, ені — отыз метр. Өзімен бірге әлемді шарлаған қол сөмкесі де көрмеден орын алған.

Ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың айтуынша, Қажымұқан Мұңайтпасовтың салмағы — 174 келі, бойы 195 сантиметр болған. Фотосуреттерде палуанның өмірі мен спорттық мансабындағы жарқын сәттер бейнеленген. Ол тасты бөлу трюкін оңай көрсеткен. Қажымұқан жерде жатқанда оның кеудесіндегі екі тақтай арқылы трактор өткен.

Қажымұқан соңғы ойынын 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында өткізді. Жиналған ақшаны соғысқа жіберген. Сталиннің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі үшін Қажымұқан Мұңайтпасовқа жазған алғыс хаты да сақталған.

— Қажымұқанның соғысқа көмек ретінде қаражат жинағанын бәрі біледі. Ол Кеңес армиясының атынан У-2 ұшағын беруді өтінген. Қажымұқан өмірінің көп бөлігін шетелде өткізді. Отанына оралғаннан кейін ол көптеген маңызды іс-шараға шақырылды. Абай Құнанбаевтың ұлы Тұрағұлмен және оның шәкірті Көкбаймен бірге түскен суреті де бар, — деп атап өтті музей қызметкері.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы елімізде түрлі чемпионаттар ұйымдастырып, қазақ күресінің дамуына елеулі үлес қосты. 1926 жылы Қызылордада қазақ театрының ашылуына ұйытқы болды. Өнер ордасында Қазақстанның Халық әртісі Қалибек Қуанышпаев, суырыпсалма ақын Иса Байзақов және Парижде өткен дүниежүзілік халық шығармашылығын орындаушылар байқауының жеңімпазы Әміре Қашаубаев сияқты майталмандар өнер көрсетті.

— Әлемнің 50-ден астам елінде өнер көрсетіп, жеңіп алған медальдардың бірде-біреуі сақталмаған: палуан алған сыйлықтарын таратып берген. Ол өте ақкөңіл, жомарт еді. Медальдарын материалдық көмек ретінде де берді. Өйткені мұқтаж жандар оларды ақшаға немесе өнімдерге айырбастай алатын еді, − дейді атақты балуанның ұрпағы.

Музей ұжымы Көкшетауға алғаш рет Қажымұқанның парсы орденін, медальонын, Варшава мұсылмандары төсбелгісін, сондай-ақ поляк королі Сегизмунд атынан марапат – былғары белдікті алып келді. Бұл марапаттардың іздеу-зерттеу жұмыстары барысында табылғанын түсіндірді Меруерт Ескермес.

Қазақ палуанының шөбересі Қажымұқан Мұңайтпасовтың портретін Ақмола облысына сыйға тартты.

Күш атасының мерейтойына арналған онлайн-конференцияға Ресей, Түркия, Қырғызстан және басқа да елдердің ғалымдары қатысты.

Ақмолалық ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманай Сейітқасымов Қажымұқан жай спортшы ғана емес, патриот, саяси көзқарасы бар тұлға екенін атап өтті.

— Дереккөздер оның 20-жылдары Алаш Орда қайраткерлеріне көмектескенін айтады. Алаш көшбасшылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен тығыз байланыста болған. 30-жылдары алашордашыларды халық жауы, шетелдік тыңшылар, контрреволюцияның жақтаушылары деп айыптаған саяси қуғын-сүргінде газет шығаруға, партия қызметіне материалдық көмек көрсетті. Мұңайтпасов осындай көзқарастары мен іс-әрекеттері үшін биліктің назарынан тыс қалмады. Тіпті алты ай түрмеде отырды. Ол тек спортшы, палуан ғана емес, саяси көзқарастарға да ие болды, − деп атап өтті Аманай Сейітқасымов.

Ғалым Қажымұқан өміріне қатысты тың зерттеулер алдағы күннің еншісінде деп есептейді.

— Палуан Еуропа, Канада, Америка, Азиядағы жарыстарға қатысты. Ол Поддубный және Шемякин, Заикин, Мартынов, Лурих сияқты атақты палуандармен, мысырлық палуан Нурламен күрескен. Ресей құрамасына қабылдана алмаған ол жапондық Ямагата Муханура деген лақап атпен Маньчжурия үшін халықаралық жарыстарда өнер көрсетті. Менің ойымша, біз барлық дереккөздерді білмейміз. Себебі Қажымұқан жарыста түрлі лақап аттармен өнер көрсеткен. Бір жерде оны Черный Иван, бір жерде Мұханура, Қажымұқан, Мұқан деп атайды. Еуропалық мұрағаттардан қосымша ақпарат табуымыз әбден мүмкін, – деп түйіндеді тарихшы.

Дереккөз: Baq.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Жыл қорытындысы: құқық бұзушылыққа қарсы күресті күшейту, әйелдер мен балалар құқығын қорғау, ТЖ алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар қабылдау

Primeminister.kz сайтының редакциясы еліміздің 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланымдар сериясын жалғастырады. Өткен жылы Қазақстанның ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ...

Итоги года: усиление борьбы с правонарушениями, защита прав женщин и детей, принятие комплексных мер по предупреждению и ликвидации ЧС

Редакция сайта Primeminister. kz продолжает серию публикаций об итогах развития Казахстана в 2024 году. В уходящем году органы внутренних дел ...