Түркістан облысында апатты мектеп күрделі жөндеуден өтті (видео)

Түркістан облысының Төлеби ауданында 2010 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты 3 жылдан кейін сыр берді.

Қостөбе ауылындағы 150 орындық білім ұясының едені отырып, қабырғасы жарылған. Арада 12 жыл өткенде аудандық соттың шешімімен мектеп ғимараты апатты деп танылып, оқушылар көрші ауылға тасымалданды. Апатты мектепке бірнеше рет сараптама жасалған соң биыл білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Жаңа мектептің жай-күйі қалай? Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілді ме?

Қостөбе ауылында 85 түтін, 500-ден астам тұрғын бар. Оның 140-қа жуығы мектеп оқушысы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 2010 жылы жаңа мектептің құрылысы асығыс жүргізілген. Небәрі 8 айда тапсырылды деп отыр. «Табаны дұрыс тапталмағандықтан едені отырып, астындағы су жүйелері бүлінді»,- дейді ауыл қариялары.

Мықтыбек Жолаев, ауыл қариясы:
— Осы мектеп бұрын салынғанда қадағалаусыз, жақсы салынбағанның әсерінен 1-2 жылдан кейін отырып қалды. Астынан су кетті, құбыр жарылды.

Әу баста 480 млн теңгеге салынған мектептің едені отырған соң 2013 жылы құзырлы органдар асхана бөлігін жауып тастаған. Алайда 2022 жылы аудандық соттың шешімімен мектеп толықтай апатты деп танылған. Оқушылар көрші ауылға тасымалданған. Аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, уақыттың өтіп кетуіне байланысты бұрынғы мердігер жазасыз қалған. Ал мектеп ғимаратына бірнеше мәрте сараптама жасалып, биыл күрделі жөндену жұмыстарына 438 млн теңге қаржы бөлінген.

Пернебек Асанов, аудандық білім бөлімінің әдіскері:
— Мектептің мына шетіндегі топырағы мектептің іргетасынан биік еді, соны төмен түсірді. Мектептің сыртының барлығы темірмен қапталып шықты. Кіреберіс жерін тегістеп, ойын алаңшасы салынды. Ішіне келетін болсақ, терезелері мен есіктері ауыстырылды. Одан соң мектептің дәлізіндегі барлық ішкі сылақ жұмыстары қайта жасалынды.

Сонымен қатар жарық пен су жүйелері, едені мен шатыры толықтай ауыстырылып, асханасы қайта жаңғыртылған. Одан бөлек тамыз айында жылу жүйесі көмірден газға ауыстырылыпты.

Данияр Айтбаев, мектеп директоры:
— Дер кезінде көтерілген дабылдың арқасында мектебімізге күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір міне өздеріңіз көріп отырғандағыдай, заманауи, ауданымыздың түкпірінде орналасқан болса да, қалалық мектептерге бергісіз мектеп болып шықты. Енді биыл өзіміздің мектебімізде ешқайда бармай-ақ балаларымызға сапалы білім беруге тырысамыз.

Мектеп ұжымы күрделі жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілгенін айтады. Ендігі міндет – оқушыларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу, дейді ауыл мұғалімдері. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында үнемделген қаражат есебінен 350-ге жуық білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...