Мемлекет басшысының бастамасымен сәуір айында қолға алынған шарада елді мекендер мен өзен бойлары, шалғай аймақтар мен орталықтар, гүлзарлар мен тарихи аумақтар күл қоқыстан тазаланып, ағаштар егілуде. «Таза Қазақстан» акциясы халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге, жастарды Отаншылдық рухында тәрбиелеп, ел мен жерге деген жанашырлық сезімін оятуға бағытталған бағдарлама Шымкент қаласында нәтижелі жүзеге асып жатыр.
Атап айтқанда Шымкент қаласының барлық ауданының аумақтарында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық іс-шарасы өтуде. Мәселен, Абай ауданына қарасты Достық және Асар-2 шағын аудандарында өткен экологиялық іс-шарға аудан тұрғындары, «Жасыл ел» жасақтары мен белсенді жастар, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, ардагерлер қатысты. Олар Таң шапағы көшесі бойын ретке келтіріп, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
Мұхамедәлі Баубеков, Асар-2 шағынауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
— Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышымыз. Мұндай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен. Жалпы тазалық өзімізден басталады.
Көпқабатты үйлердің ауласы да тазаланды. «Таза Қазақстан» экоакциясына тұрғындар мен коммуналдық мекемелердің қызметкерлері қатысты. Олардың арасында ауданның ақсақалдар алқасы мен белсенді жастары, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. 3-ші шағынауданда 40-қа жуық коммуналдық қызметкер тұрғындармен бірге ауланы қоқыстан тазартты.
Ақайша Байымбетова, Тұран ауданы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шебері:
— Біз 3 мөлтекауданда тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тазалықтың ішінде жол жиектерін тазалау, подьездердің алды, ойын алаңшаларын тазалау жұмыстары кіреді. Таза Қазақстан аясында басқа мекемелер де көмекке келеді ғой, студенттер де келеді, әкімшіліктен келеді. Солар келгеннен кейін бізге жұмыс жеңілдей түседі. Жеңіл болады жұмыс. Адам көбейген сайын жұмыс жеңілдейді ғой.
Еңбекші ауданындағы Қапал батыр көшесінің бойы мен Еламан шағын ауданы және Әл-Фараби ауданы Сәуле шағын ауданында да өткен экологиялық іс-шарасына Шымкент қаласының белсенді жастары, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен тұрғындар аталған шағын аудан аумағындағы аулаларды тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып шықты.
Зұлпыхар Жәйшібеков, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзімнің сүйікті қаламды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышым деп білемін, – дейді Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Жәйшібеков.
Қайыржан Бөгенбай, белсенді жас:
– Халқымыз «Тазалық – саулық кепілі» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Шымкент жасыл желекті, гүлге оранған қала ғой. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер біз Шымкентті жасыл қала деген атына лайық етіп, үнемі таза ұстай білсек, бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді. Қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырамын.
Ал, Қаратау ауданындағы Тассай шағын ауданында өткен «Таза көше» атты іс-шара аясында Алматы тас жолының бойы тазаланды. Бұл іс-шараға жергілікті тұрғындар, белсенді, ерікті жастар, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері белсенді түрде қатысты.
Пердеш Есенбеков, Қаратау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындарды, әсіресе, жастарды айналамыздың таза болуын сақтауға өз үлесін қосуға шақырады. Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын осы игілікті шараға үлес қосуға шақырамын.
Айта кетейік, экоакция аясында апта сайын қаланың әр бөлігінде сенбілік өткізіліп тұрады. Табиғатты аялау, тазалық сақтау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында ұйымдастырылатын акция жыл соңына дейін жалғасады.