Түркістанның жеті айдағы даму көрсеткіші

Соңғы алты жылда қала облыс орталығы ретінде жаңа серпінмен дамып, өркендеудің алғашқы кезеңін өткерді. Киелі шаһардың экономикалық және әлеуметтік дамуы бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әр деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі дәстүрлі жалғасын тауып келеді.

2024 жылдың алғашқы жартысында қалада көптеген игі істер жүзеге асырылды. Экономикалық дамудың көрсеткіштері тұрақты өсу қарқынын көрсетті. Инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй салу, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру және білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру бойынша бірқатар жобалар қолға алынғаны бәрімізге белгілі. Кез келген өңірдің дамуы – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бүгін Түркістан қаласының 2024 жылдағы алғашқы жеті айын қорытындылап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен танысатын боламыз.

Түркістанның экономикалық өсімі мен бюджет әлеуеті
Түркістан қаласының 2023 жылғы бюджет кірісі 107,4 миллиард теңге болса, 2024 жылдың алғашқы жеті айында 138,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқанын көрсетеді. Қала бюджетіндегі осындай өсу тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді. Енді өзіндік кірістердің динамикасына зер салайық. Мәселен 2023 жылы өзіндік кірістер 17,6 миллиард теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 21,9 миллиард теңгеге жетті, яғни 24,4%-ға артты. Бұл қаланың экономикасындағы дербестік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды көрсеткіш. Былтыр нақты түсім 33,2 миллиард теңгені құраса, 2024 жылға арналған жоспар 40,4 миллиард теңгеге қойылған. Бұл жоспарлардың орындалуы экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2024 жылдың 7 айында Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнім көлемі 196,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5%-ға өсті.

Экономикалық құрылымның маңызды құрамдастары мыналарды қамтиды:
– Өнеркәсіп саласы: 19,9 миллиард теңге
– Құрылыс жұмыстары: 109,9 миллиард теңге
– Ауыл шаруашылығы: 3,5 миллиард теңге
– Тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлемі: 63,2 миллиард теңге.

Яғни, 2024 жылғы қаңтар-шілде аралығында өнеркәсіп көлемі 19,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың 7 айындағы көрсеткіштен 7,6%-ға артық болды. Түркістан қаласының бюджеті мен экономикасының дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрақты экономикалық өсуге негізделген. Қаланың қаржылық көрсеткіштері мен экономикалық құрылымы оның даму стратегиясының дұрыс бағытта екенін көрсете отырып, болашақта да жаңашылдықтарға негізделген саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың іске асырылуын талап ететіні сөзсіз. Ал инвесторлық өсімге келер болсақ, қалаға 163,1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. 2023 жылдың 7 айында Түркістан қаласына 461,6 мың зиярат етуші ішкі туристер келсе, ағымдағы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 752,1 мың адамға жеткен. Шетелден келген туристердің саны да артып, 2024 жылдың 1 жартыжылдығында 58,1% өскен.

Түркістан қаласындағы тұрғын үймен қамту мәселесі
Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 16364 азамат тіркелген, олардың ішінде жетім балалар, апатты үйде тұратындар және әлсіз топтағы азаматтар да бар. Тұрғын үй кезегінде 190 жетім бала, 3 апатты үйде тұратын азамат, 6485 әлсіз топтағы азамат, 4835 көп балалы отбасы және 4851 бюджет қызметкері тіркелген. Соңғы уақытта тұрғын үй кезегіне түгендеу жүргізіліп, 2 149 азамат кезектен шығарылған. 2024 жылы Түркістан қаласында жалпы құны 41089,2 миллион теңгені құрайтын 20 тұрғын үйдегі 1728 пәтерді сатып алуға бюджеттен 27897,1 миллион теңге қаралды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 17709,2 миллион теңге, облыстық бюджеттен 10187,9 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 1314 пәтерді пайдалануға беру жоспарда екенін айтады әкімдік. Ал 2023-2024 жылдары «Отбасы банк» арқылы 66 тұрғын үйдің 3206 пәтер сатылған. Қалған 111 пәтер қараша айының соңына дейін нарыққа шығатын болады. Ал 2025 жылға дейін жалпы 2084 пәтерді құрайтын 33 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Түркістан қаласында көп пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Түркістан қаласының тұрғын үймен қамту бойынша атқарылған шаралар мен жоспарлар қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Түркістан қаласындағы білім беру жүйесінің дамуы
Түркістан қаласы білім беру саласында елеулі жетістіктерге жетуде. Оның айқын дәлелі жалпы орта білім беру ұйымдарының саны бүгінде 34-ке жеткен. Ал жалпы оқушылар саны 42 115-ті құрап отыр. Түркістан қаласында қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан төрт мектеп бар. Сонымен қатар, ағымдағы жөндеу жұмыстары 7 мектепте жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласында 108 балабақша бар, олардың 21-і мемлекеттік, 87-і жеке меншік. Жалпы балабақшадағы балалар саны 16 850-ді құрайды. Сонымен қатар, мектептен тыс 7 мекеме жұмыс істейді, ал қосымша үйірмелерге қатысатын оқушылар саны 4 540-ты құрайды. Түркістан қа-ласындағы білім беру ұйымдарының дамуы мен жөндеу жұмыстары оқу процесін жақсартуға және білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралар болып табылады. Бұл балалардың білім алуына, әлеуметтік және мәдени дамуына ықпал етеді, сондай-ақ қаланың болашағына оң әсерін тигізеді.

Түркістан қаласындағы әлеуметтік сала
Түркістан қаласында әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында 1916 отбасыға көмек көрсетілген. ҰОС теңестірілген 413 ардагерге және 308 тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек берілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2024 жылдың 7 айында 4968 адамға әлеуметтік үлестірілген. Ал зейнет жасындағы азаматтардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 2769 адамға толыққан. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында «Бекзат» тұрғын алқабында орталықтың филиалы ашылып, «Белсенді ұзақ өмір» бөлімшесі іске қосылды. Бұл бөлімше 435 адамға қызмет көрсетеді. Қалада еңбек индикаторларын жақсарту мақсатында жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін бірқатар шаралар қолға алынған. 2023 жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды құрады. Қалада жалпы экономикалық белсенді халық саны 83522 адамды құрайды. Түркістан қаласындағы әлеуметтік салада атқарылып жатқан шаралар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Бұл азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесі
Түркістан қаласында 47355 абонент ауыз сумен қамтылған. Түркістан қаласындағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерді ауыз сумен қамтамасыз ету және қала аумағындағы ауыз су жүйелерін реконструкциялау бойынша жоба құны 820 млн. теңгені құрайтын тағы бір нысанның ЖСҚ әзірленуде. Ал қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен 16596 абонент қамтылған. 2024 жылы кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 55,8%-ға жету жоспарлануда. Қалада тәулігіне 20000 м³ сарқынды су тазарту имараты бар, және қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500-5000 м³ құрайды. Қазіргі уақытта 27 дана КСС және 127 км сарқынды су құбырлары қолданыста. Осыған байланысты, бүгінде 17 жобаның іске асыру жұмыстары жоспарланып, 2 нысан 2023 жылы пайдалануға тапсырылды. 2024 жылы 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал 4 нысан құрылысына республикалық бюджетке қаржыландыру ұсынылған. Бұл нысандар қатарында Шаугар ықшам ауданындағы кәріздік желісінің құрылысы, Иассы шағын ауданындағы сарқынды су жүйесі, Баянауыл шағын ауданындағы кәріз жүйелері және Иассы мен Бірлік тұрғын үй массивіндегі кәріз жүйелері кіреді. Түркістан қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, экологиялық тазалықты сақтау мен қаланың инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған. Бұл шаралар қала тұрғындарының санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және қаланың жалпы дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Түркістандағы жолдарды жөндеу, жолаушылар тасымалы
Түркістан қаласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 59,1%-ға жеткізу жоспарлануда екен. Яғни асфальт жолдың жалпы ұзындығы 383,9 шақырымды құрайды, ал қанағатты жағдайдағы жолдардың ұзындығы 461,1 шақырымға жетеді. Қазіргі таңда қалада 1 жаңа құрылыс және 3 нысанды реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, олардың жалпы ұзындығы 19 шақырымды қамтиды. Теміржол вокзалы аумағында 2 жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы да қолға алынған. 2024 жылы 129 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек, қала аумағында 458 аялдама қажеттілігі бар, бүгінгі таңда 276 аялдама жаңартылып орнатылған. Қосымша 182 аялдаманы кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлануда екен. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 22 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді. Оның ішінде «Жолаушы» ЖШС 16 қалаішілік бағыт, ал «ТехПрофАвто» ЖШС 6 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Облыс орталығы статусын алғаннан бері, тасымалдаушы мекемелер сыйымдылығы жоғары 190 автобустармен қызмет көрсетуде. 2021 жылы – 46, 2022 жылы – 40, 2023 жылы – 78, ал 2024 жылы 26 жаңа автобус іске қосылады. Жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 2024 жылы 100%-ға жеткізілмек. Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілген, бұл қала тұрғындары мен қонақтарына тасымал қызметтерін пайдалануды жеңілдететіні сөзсіз. Ал 2018 жылмен салыстырғанда, қаладағы түнгі жарықпен қамтылған көшелер саны да айтарлықтай артты. 2018 жылы 161 көшенің 18,3%-ы түнгі жарықпен қамтамасыз етілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш жақсарып, қалада жарықтандыру мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Түркістан қаласындағы жолдарды жөндеу, жолаушылар тасымалы және жарықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және қаланың заман талабына сай болуына бағытталған. Бұл шара қала тұрғындарының қозғалысын жеңілдетіп, қоғамдық көліктердің қолжетімділігін арттыруда.

Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары
2024 жылы Түркістан қаласында жалпы 49 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олардың ішінде 22 нысан жалпы абаттандыруға, 23 нысан ойын алаңшаларына, 4 нысан саябақ пен скверлерге арналған. Атап айтқанда, Керей хан көше бойындағы сквер, Бекзат м/а саябағы, Бекзат аллеясы, Төреқұлов көшесіндегі саябақ, Шипа су аумағындағы саябақ, Ботаникалық бақ аумағындағы сквер, Шаяхметов көшесіндегі сквер, Жандосов көшесіндегі аллея секілді нысандар қала тұрғындарының демалуы мен мәдени іс-шараларын өткізу үшін маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, негізгі көшелердің көгалдандыру жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазыбек би, Қожанов, Тауке хан, Байбұрт, Алматы, Ерубаев және басқа да көшелерде жүргізіліп жатқан жұмыстар қала көрінісін жақсартып, тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер етеді. Көгалдандыру саласында күтім мен баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда, 626 гектар аумақта жүргізілуде. Олардың арасында 32 саябақ, 32 сквер мен аллея, 56 көше және жасыл алаңдар мен аймақтар бар. Секторларға бекітілген көшелер мен аумақтар 64 нысанды қамтиды, олардың жалпы ауданы 59,5 гектарды құрайды. Күтім жұмыстары жыл бойы, яғни қаңтар айынан желтоқсан айына дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстар қаладағы жасыл желектердің сақталуына, көркейтілуіне және экологиялық жағдайдың жақсаруына бағытталған.

Дереккөз: Yassy-tur.kz

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...