Қарияларға қамқор орталық

«Жастық шақ­­та бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді халқымыз. Үлкенге құрмет, қарттарды сыйлау, қария келсе құ­­рақ ұшып, қос қолдап амандасу, дастарқан басында төр­­ге оздырып, бата сұрау – халқымыздың асыл дәстүрі. Бү­гін­гі игіліктің бәрі сол ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әже­­­ле­ріміздің қапысыз қажыр-қайраты, ерен еңбегімен жа­сал­­ған.

Шымкент қаласында миллионнан астам халық бар. Демек зейнеткерлердің де саны әжептәуір. Оларға жағдай жасау – жергілікті атқарушы биліктің басты міндетінің бірі. Кеңестік дәуірде мегаполис аумағында қаншама зауыт-фабрика, мекемелер салынды. Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұр­­ғын үйлер бой көтерді. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында құрылыс жұмыстары қар­қынды жүргізіліп, қаланы көр­кейту бағытында да көп жұмыс атқарылды. Міне, осы жұмыстардың бәріне де белсене атсалысқан бүгінгі зейнет жасындағы аға-апа­ла­ры­мыз. Сондықтан оларға қан­дай жағ­дай жасалса да жарасым­ды. Мем­лекет тарапынан түр­лі қол­дау, көмек шаралары жүйе­лі ұйым­­дастырылып келеді.

Мәселен, Шымкентте бұл күнде «Белсенді ұзақ өмір» орта­лығы қарттарға жан-жақ­ты қызмет көрсетеді. Мұндай мекеме шаһарда біреу емес, үшеу. Енді бұйыртса, төр­тін­шісі ашыл­ғалы жатыр. Олар­дың бәрі де жұмыспен қам­ту және әлеуметтік қор­ғау басқармасына қарайды. Ба­сында 2019 жылы «Асыл жүрек» әлеуметтік-меди­ци­налық орталығы болып ашыл­ған мекеме атауы 2021 жылы есімін қазіргі атауына өз­гертті. «Белсенді ұзақ өмір» орталығының әлеу­мет­тік қызметкері М.Арыс­бае­ва­­ның айтуынша, күн сайын­ сегіз жүзден астам зейнеткер екі мезгіл – таңертеңнен түске дейін, түстен кешке дейін қаладағы 3 орталықта кө­ңіл сергітіп, демалып, ме­ди­циналық ем-домдар қа­был­дайды. Массажға барады, йогамен айналысады, таң­ғы жаттығулар жасайды, тре­на­жерлік залда шынығады. Одан бөлек шахмат, дойбы ойнап, бильярдтан кіші турнирлер өткізіп, үстел теннисінде жары­сып, көңіл сергітеді. Меди­цинада денемен бірге миды жат­тықтыру да пайдалы. Әсіресе ол зейнет жасына келген қартаң кісілерге өте керек. Сол себепті ардагерлер ойын, физикалық қимыл-әрекеттен бөлек, кітап оқып, бейнелеу өнері, қыш өнері бөлмелерінде шығармашылығын шыңдап, рухани ләззат алады. Сонымен бірге әртүрлі танымдық тақы­рыпта көркем фильмдер тамашалап, караокеде ән салып, көңіл көтереді. Ең бас­тысы, тек ғимарат ішінде қа­малып қалмай, аптаның әр жұ­­м­асында дендросаябаққа ба­рып, түрлі жаттығу жасап, ден­­саулықтарын нығай­та­­ды. Мұ­н­да тек зейнет жа­сын­дағы аза­­маттар ғана емес, Екін­ші дүн­ие­­жүзілік соғыс арда­гер­ле­ріне теңес­тірілген жандар да де­мала алады.

Бүгінде жасы 65-ке келген, талай жыл құқық қорғау саласында еңбек етіп, полиция ма­йоры шенімен зей­нет­керлікке шыққан Ағмен Жұмабаев та осы орталықтың тұрақты қыз­ме­­­тін көріп жүр­ген жандардың бірі. Қазіргі таңда Қарттар күніне орай арнайы кон­церт­тік қойы­лым дайындап жатыр.

«Өзім полицияда жұмыс істе­сем де, өнерге бір табан бол­­дым. Ән салғанды, музы­ка­лық аспапта ойнағанды жақ­сы көремін. Сонымен бірге спорт­ты да жанымнан тастаған емес­пін. Орталықта үстел тенни­сін ой­нап тұрамын. Одан бөлек, шы­ғар­машылықпен айналысамын. Шынын айтқанда, бұл жер ме­нің талантымның кәдім­­гі­дей тынысын ашты. Қария­лар­ға осындай қызмет ұйым­­дас­тырған мемлекетке көп рах­­мет. «Адам қартайғанда үйге сый­майды» деген рас. Кей­де бір жерге барып, құр­дас­­­тармен әңгі­мелесіп, көңіл сер­­­гіткің ке­леді. Орта­лық – жал­ғыз­дықтан қажы­ған жан­дар­­ға на­ғыз таптырмас орын», дейді ол.

x

Check Also

Денсаулық сақтау министрлігі: Фертилдік жастағы әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту 45%-ға дейін артады

Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдердің жағдайын бақылау мен диагностикалауды жақсарту үшін тиімді шаралар қабылдауда, жаңа скринингтік бағдарламалар енгізілуде, болашақ аналардың ...

Шымкенттік дәрігерлер комаға түскен науқасты аман алып қалды

Бас ми тамырынан қан кетіп, геморрагиялық инсульт алған 67 жастағы науқас комаға түскен. Өмірі қыл үстінде тұрған пациенттің өмірін сақтап ...