Жуырда Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева брифинг өткізіп, жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Сала жетекшісінің айтуынша, 1 тамызға дейінгі жағдай бойынша мегаполисте 27 мыңнан аса адам жұмыспен қамту бағдарламасына қатысты. Биылғы жоспар – 57 мыңға жуық адамды жұмысқа тарту. Бағдарлама азаматтарды жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлік бастамалар мен қысқа мерзімді кәсіптік оқуларды өткізуді көздейді. Оған биыл 30 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде кәсіпкерлікті ілгерілету, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқытуға жолдау секілді міндеттер қарастырылған. 7 айлық есепте 17 мыңнан аса адам осы шараларға қатыстырылып, жоспар 56,8 пайызға орындалды. Бүгінге дейін 10 мыңдай азамат 2021-2025 жылдарға арналған қаланың даму бағдарламасы мен кәсіпкерлік бастамалар негізінде құрылған жұмыс орындарына орналасты. Адамдар жаңадан ашылатын балабақша, спорт кешендері, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, дәріхана, асхана мен басқа да сауда нысандарына жұмысқа жолданып жатыр.
Президент тапсырмасына орай, биыл 273 жас шағын несиеге қол жеткізеді. 2019 жылдан бері шаһарда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың бизнес-жобаларын қолдауға 400 АЕК-ке дейін қайтарымсыз грант беріліп келеді. Биыл комиссия 428 адамның бизнес-жобасына қайтарымсыз қаржы беруді мақұлдады. Жоспардың артығымен орындалуының себебі – комиссия өкілдері 400 АЕК-ке дейінгі қаржыны оңтайландырып, тағы екі адамға грант тағайындады. Конкурс екі лекте өтіп, 2 426 адамнан өтінім келіп түсті. Комиссия мақұлдағандар ішінде мал және құс шаруашылығы, қызмет көрсету салалары, кондитер және нан өнімдері, тігін, жартылай фабрикаттар, жиһаз өндірісі, өндіріс саласы, қоғамдық тамақтану орындарын іске қосу секілді жобалар бар. 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысын несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге жұмсауға болмайды.
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. АӘК ақшалай төлем, жұмыспен қамту шарасы болуы мүмкін немесе сол арқылы гранттық конкурсқа қатысуға, тұрақты жұмыс орнына орналасуға жолдама алуға болады. Сонымен қатар АӘК-те 1-6 жас аралығындағы әр балаға ай сайын 5 583 теңге жәрдемақы төленеді. Биыл 7 айда 7 797 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Қаламыздағы халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде, мемлекеттен жәрдемақы алатын отбасылар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға азайған. Мәселен, 2023 жылдың 7 айында 11 089 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Биыл оның саны жоғарыда атап өткендей 8 мыңға жуық отбасын құрап отыр. Ал 1-6 жас аралығындағы балаларға белгіленген 1,5 АЕК көлеміндегі көмек қаражаты 6 900 отбасыға төленіп жатыр. Көмектің бұл түрін алушы балалар саны жыл сайын кеміп келеді. Мәселен, былтыр 7 айда 9 782 отбасында тұратын 18 608 балаға төлем төленсе, биыл осы мерзім аралығында 13 494 балаға жәрдемақы берілген. Яғни өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 27,5 пайызға төмендеген. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Бүгінде кедейлік шегі – күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде. 2024 жылдың ІІI тоқсанында бұл орта есеппен 34 662 теңге болып белгіленді. Бір адамға келетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері жан басына шаққандағы орташа кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмамен есептеледі. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 11 411 азамат жұмысқа жарамды. Өтініш берген кезде 6 716 азамат жұмыс істейтін. Олардың ішінде 279 адам нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Шымкентте 93 407 зейнеткер тұрады. Оның екеуі – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер. Арасында 1 767 тыл еңбеккері бар. Қалада көп балалы аналар саны – 64 605. 13 370 ана – «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар. Жыл сайын мәслихат шешімімен 5 мың ардагер тегін жолдамамен шипажайларда демалып қайтады. Басқарма жанынан 70 орындық «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені жұмыс істейді. Жыл сайын сонда 2 мыңға жуық зейнеткер демалады. Осылайша шаһарда 7 мың зейнеткердің шипажайда сауықтыру емін қабылдауына жағдай жасалды. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 4 шипажаймен келісімшарт түзілді. Бұлар – Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі» шипажайы, Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайы, Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» және Шымкенттегі «Денсаулық» шипажайлары. Демалыс орындарына жолдама беру кезегі geo-shym.kz порталы арқылы автоматтандырылған. Кезекке үйден шықпай порталмен-ақ тіркелеуге және кезек ретін бақылауға болады. Қазір шипажайға жолдама кезегінде 26 мыңнан аса зейнеткер тұр екен. Тағы бір қызықты дерек, 1 935 ардагерге «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Айқын», «Ардақты ардагер» басылымдарына тегін жазылуға келісімшарттар түзілген. Оның қаражаты 10,3 млн теңгені құрады.
Бүгінгі таңда мүгедектігі бар азаматтар өзіне қажетті қызметтер мен құралдарды әлеуметтік қызметтер порталына электронды қолтаңбамен кіру арқылы ала алады. Мегаполисте 41 406 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Басқарма осындай жандарға протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар мен мүгедектерге арналған қоларба әперуге жәрдемдеседі. Жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының, инватакси көлігінің қызметін ұсынады. Жолдамамен шипажайларға тегін демалдырады. Электронды цифрлық кілт арқылы әлеуметтік порталмен жұмыс істеу үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқармада өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған.
Айта кету керек, психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үй жағдайында мемлекеттік мекемелермен бірге үкіметтік емес ұйымдар да арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бүгінгі таңда басқармаға қарасты 12 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Онда 1 162 адам жұмыс істейді. Көпшілігі – осы саланың білікті мамандары. Биыл 7 ай ішінде 3 мыңнан аса мүгедектігі бар жандар оңалту шараларынан өтті.
«Көші-қон мәселесінде биылғы 1 тамызға дейінгі жағдайды айтсақ, 450 адам «қандас» мәртебесін алды, 34 азамат оны 6 айға ұзартты. ТМД мен шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі – Өзбекстанның бұрынғы азаматтары. Олардан бөлек Қазақстанның үшінші мегаполисіне табан тіреген ағайындардың ішінде Қырғызстаннан – 1, Ресейден – 6, Түркіменстаннан 2 адам көшіп келген. Қандастардың басым бөлігі құрылыс, сауда-саттық саласында, сондай-ақ басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысады. Шымкентте 2008 жылдан бері Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы жұмыс істейді. Орталық қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы ортаға бейімдеу мен қоғамға кіріктіру бойынша қызметтер көрсетеді. Осы күнде мекемеде 19 отбасының 51 мүшесі ортаға бейімделу бойынша білім алып жатыр. Ал қалалық әкімдіктің Еңбек мобильділігі орталығына 96 қандас жүгінген. Олардың 48-і бүгінгі таңда бағдарламаға қатыстырылып, еңбек нарығындағы әртүрлі жұмыстарға тартылды», деді Ж.Өтебаева.
Сонымен қатар сала жетекшісі мәлімдегендей, мегаполиске шетелдік жұмыс күшін тартуға еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдыққа 537 адамға квота бөлінді. Осы жеңілдікпен бүгінде шаһардың 15 кәсіпорны мен мекемесінде жүзден аса шетелдік маман жұмыс істеп жатыр. Бұлар – негізінен өз саласының білікті мамандары. Әйтпесе қаладағы кәсіпорындарда жергілікті жердің тұрғындары еңбек етеді. Статистикалық мәлімет бойынша, кәсіпорындардағы жұмыс күші бойынша отандық қамту көрсеткіші 97,7 пайызды құрайды. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және оның мерзімін ұзарту нәтижесінде жыл басынан бері жергілікті бюджетке 46 млн теңге кіріс түскен.
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті