Оңтүстік медицинасы – оң бағытта

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Шымкентке іссапары аясында үшінші мегаполистегі медициналық ұйымның жұмыстарымен танысты. Бірінші вице-министр 23 учаскеге тіркелген 40 мыңға жуық халықты бастапқы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отырған №1 қалалық емханаға барды.

Аталған емдеу мекемесінің бас дәрігері Махамбет Бейсеуов мемлекет тарапынан жергілікті емханаларға көрсетіліп жатқан көмек пен қолдаудың нәтижесі туралы баяндап берді.

№1 қалалық емханаға барғанда Т.Сұл­тан­ғазиев, әсіресе диспансерде есепте тұрған науқастарға консультативтік-диаг­ностикалық көмектің қолжетімділігі қалай жүзеге асып жатқанын байқап көрді, мамандарға кезекке тұру мәселесін тексерді, азаматтардың сауал-өтініштеріне жауап берді, сондай-ақ бірыңғай колл-орталықтың жұмысымен танысып шықты. Бұған қоса вице-министр вакциналау жүргізуге дайындық, медперсоналдың екпе туралы білімі мен машықтарын бағалады. Иммундауға арналған дәрілердің сақталу шартына жіті көз салды. «Салқындату желі­сіндегі» температуралық режімнің сақта­луына назар аударып, ақпараттық жүйе­лердің жұмысын қарап көрді.

Сондай-ақ сапар аясында вице-ми­нистрдің блогерлермен, ҮЕҰ белсен­діле­рімен, өңір дәрігерлерімен кездесуі өтті. Сол жүздесуде адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жүргізу мәселесі қозғалып, оның маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Шымкент қаласының қара­пайым жұртымен болған есепті кездесуде Т.Сұл­танғазиев ведомство тарапынан халыққа медициналық көмекті жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы толық баяндап берді.

«Жаңадан ашылған «Бір күндік клиника» базасында бірінші рет ұрықтың туа бітті патологиясы қаупін дер кезінде анықтау және босану алдындағы диагнос­тиканы жүргізу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар респираторлық аурулар, гемодиализ, нефрология, ревматология, орфандық аурулар бойынша құзырет орталықтарын ашу жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жүргізіле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында отандық медицинада түбегейлі өзгерістер орын алып жатыр. Оның ең бастысы – денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмектің пациентке бағдарланған моделін қалыптастыру. Халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту – бас­ты міндет. Соның аясында ұлттық стандарт­тарға сәйкес емханалық ұйымдарға қойы­латын талаптар күшейтілді. Мәселен, бейін­ді мамандарға қолжетімділік жеңілде­тілді, дәрігерлердің пациенттермен өзара байланысы жақсарды. Пациентке бағдар­лануды қамтамасыз ету мақсатында 21 нор­мативтік-құқықтық акті жобалары әзір­ленді. Соның нәтижесінде пациенттер бейін­ді мамандарға бірден жазыла алады, қабыл­дау да жоспарлы түрде жүргізіледі. Жалпы, практика дәрігерлеріне жазылу 4%-дан 21%-ға дейін, оның ішінде бейінді мамандарға және диагностикаға жазылу 41%-дан 70% -ға дейін өсті. Қажетті зерт­ханалық зерттеулер 42-ге қысқарып, жос­пар­лы емдеуге жатқызуға дайындық кезінде кон­сультациялық-диагностикалық қызмет­тердің бірыңғай тізбесі стандартталды, сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің қолданылу мерзімі 14 күннен 6 айға дейін ұзартылды», деді бірінші вице-министр.

Сала өкілі медициналық ұйымдарда қаржылық жағдайды күшейту мақсатында бірнеше кешенді жоспар қолға алынғанын жеткізді. Атап айтқанда, шығыны көп тарифтер қайта қаралып, ақша жаратудың жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Құрсақ көтерген, жаңа туған әйелдерге, кішкентай балаларға медициналық көмек артып, 2024 жылдың 1 маусымынан бастап тариф құны орта есеп­пен 30 пайызға өсті. Неонотология, балалар неврологиясы, аллергологиясы мен ревматологиясы қатарлы қызмет көрсететін медициналық ұйым өкілдерінің еңбекақысы да өсті. Биыл 1 қыркүйегінен бастап абдоминальді хирургия, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология, ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология секілді салаға қаржылық мәселені жақсарту жұмыстары қолға алынады. Нәтижесінде, жыл соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдарының қаржы жетіспеушілігі шешімін тауып, тапшылық тудырған біраз медициналық дүниелерді сатып алуға мүмкіндік туады.

Бірінші вице-министрдің мәлімдеуінше, клиникалық хаттамалар аясында бар­лық ауру түрі мен оларға қажетті дәрі-дәрмектер тізімі үйлестірілген. 2025 жыл­ға қарай халықты амбулаторлық дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етуді жоспарлауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шетелден келетін дәрілердің нұсқасын елімізде отандық фармацевтика күшімен шығару қолға алына бастайды. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін алкогольді, темекі өнімдерінің акциздік бағасы қымбаттатылды. Биыл маусым айында вейптер мен оған қажетті хош иістендіргіш пен сұйықтықтардың саудасы елімізде толық тоқтатылды. Энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатпау мен құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізуге тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр. Медицина саласындағы басты жаңалықтың бірі биыл сәуір айында Президент арнайы заңға қол қойып, оған ауылдық жерде сұранысқа ие маман­дықпен жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне 8,5 млн теңге қаражат беріледі. Бұл денсаулық сақтау саласын жақсарту мен абырой-беделін көтеру мақсатында жүргізіліп отыр. Сондай-ақ 2030 жылға қарай еліміздегі медициналық кадр мәселесін түбегейлі шешетін арнайы тұжырымдама әзірленіп жатыр. Оның көздеген бағытының бірі – республикада денсаулық сақтау саласы мамандарының әр өңірдегі тапшылығын жою мен медицина мамандарын даярлаудағы сапа мәселесін жақсарту. 2027 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің ең төменгі пакеті мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың базалық пакетін қамтитын Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру ұсынылады. Міне, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінге дейін атқарған жұмыстары мен келешектегі жоспар, әрекеттері осындай.

Қала тұрғындарын жеке қабылдау кезінде азаматтар емханалардағы дәрілік қамта­масыз ету, салалық тар бейінді маман­дарға қабылдауға жазылу, ерекше қажет­тіліктері бар адамдарға медициналық қызмет көрсету мәселесін көтерді.

Сапар қорытындысында Т.Сұлтанғазиев ағымдағы эпидемиялық жағдай тура­лы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ вице-министр сөзі­нің соңында денсаулық сақтау саласын жақ­сарту бағытында кейінгі жылдары еліміз­де өте үлкен ауқымдағы реформалық жұ­мыс­тардың жүргізілгенін, осы күнде сол өзгеріс­тер оң нәтиже бере бастағанын атап өтті.

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...

В Шымкенте недоношенному новорожденному провели две сложные операции

Врачи Шымкентского городского перинатального центра успешно провели одновременно две сложные операции недоношенному новорожденному. Малыш появился на свет на 31-й неделе ...