Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай Шымкентте «Мейірім – жан шуағы» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне мұрындық болған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы.
Мереке күні концертке келушілер арнайы көрмені тамашалады. Көрмеге қойылған заттардың бәрін мүгедектігі бар азаматтар өз қолдарымен жасаған. Әсіресе іс-шараға қатысушылардың көңілінен шығып, ерекше қызықтырғаны әртүрлі кәдесыйлар мен ұлттық қолөнер бұйымдары болды. Мерекелік жиында «Шымкент концерт» пен «Шымкент цирк» өнер ұжымдары арнайы концерт қойып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында мүгедектігі бар азаматтарға демеушілер есебінен арнайы сыйлықтар берілді. Ұйымдастырушылар елімізде барлық азамат тең қоғамда өмір сүріп жатқанын, сондықтан ешкімді бөліп-жаруға болмайтынын атап өтті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда әкімдік жанындағы еңбек мобильділігі орталығы тұрғындарды жұмыспен қамту шараларына тарту мақсатында көп әрекет жасап отыр. Мәселен, әкімдіктің биылғы жоспарында отыз мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Оның ішінде бір жарым мыңға жуығы мүгедектігі бар азаматтар. Биылғы 9 айда еңбек мобильділігі орталығына 2155 мүгедектігі бар жан жұмыс жөнінде өтініш жасаған. Олардың 951-і жұмыспен қамту шараларына қатысып, қазіргі таңда жұмыс орындарында еңбек етіп жатыр. Осы тұрақты еңбекпен қамтылғандардың ішінде 344-і жастар.
Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Бағдат Мақсұтұлының айтуынша, жұмыспен қамту шаралары Үкіметтің 2025-2026 жылдар аралығындағы Ұлттық жобасы аясында белгіленген. Оған алты бағыт кіреді. Атап айтқанда, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, күміс жас, қоғамдық жұмыс орны, әлеуметтік жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты. Осы бағыттарда азаматтармен бірге мүгедектігі бар жандарды да жұмысқа тұрғызу міндеті қарастырылған.
«Әлеуметтік жұмыс орнына жолданған азаматтардың жалақысының 35 пайызын еңбек мобильділігі орталығы өзі төлеп береді. Яғни субсидиялайды. Қазір мүгедектігі бар 9 адам әлеуметтік жұмыс орны бағытымен еңбек етіп жатыр. Күміс жас бағытында азаматтар 3 жылға жұмысқа тұрады. Осы кезеңде еңбек мобильділігі орталығы бірінші жылы жалақының 75 пайызын, екінші жылы 70 пайызын, үшінші жылы 65 пайызын өзі өтеп береді. Күміс жас елу жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға қажет. Себебі елуден асқанда жұмыссыз қалған адамдарға бір жерден жұмыс табу өте қиын екені белгілі. Сондықтан мемлекет зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдарға қамқорлық көрсету мақсатында Ұлттық жобаға осы бағытты енгізіп отыр. Бүгінгі таңда күміс жаспен мүгедектігі бар 37 азамат еңбек етіп жатыр. Осы екі жұмыспен қамту шарасы барысында азаматтарды тек жекеменшік мекемелерге жолдаймыз. Жастар практикасы бағыты бір жылға арналған. Бұл бағытта 37 мүгедектігі бар жас еңбекке тартылды. Алғашқы жұмыс орны бағыты 18 айды қамтиды. 26 мүгедектігі бар жандар осы бағытпен жұмысқа жолданды. Жастар практикасы мен алғашқы жұмыс орны бағыттары 35 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыруға жоспарланған. Еңбек мобильділігі орталығы осы бағыттарда жұмыс істеп жатқан жастарға еңбекақысын төлеп береді. Қоғамдық жұмыс бір жыл аралыққа көзделген. Бұл бағытпен жұмысқа тартылған азаматтарға еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 28 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айлық төленеді. Бүгінгі таңда 133 мүгедектігі бар адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар жыл соңына дейін қоғамдық жұмыспен айналысып, мемлекеттен айлық алып отырады. Ұрпақтар келісімшарты бағытының мақсаты зейнеткерлікке шығуға алты ай қалған азаматқа жас маман жолданып, ол жарты жыл бойы тәлімгерден мамандықтың қыр-сырын үйренеді. Кейін алты ай өткен соң зейнеткерлік демалысқа шыққан тәлімгерінің орнын жас шәкірті басып қалады. Алты ай бойы жас маманның айлығы еңбек мобильділігі орталығы есебінен төленеді. Түрлі мекеме өздеріне жұмыс күші қажет болған кезде орталыққа өтініш жасайды. Сол өтінішке қарап жұмыспен қамту шарасының қай бағытына қанша адам керек екенін анықтаймыз. Көбінесе мекемелер заңгер, экономист, есепші, басқа да түрлі мамандыққа жұмыскерлер сұрайды. Техника саласының мамандарына да сұраныс жетерлік», деді Бағдат Мақсұтұлы.
Еңбек мобильділігі орталығы басшысының айтуынша, 262 мүгедектігі бар азамат Бастау-Бизнес жобасымен курс оқып, кәсіпкерлік негіздерін үйреніп жатыр. Осы санаттағы 69 адам арнайы комиссия шешімімен тегін грантқа ие болды. Олар грант қаражатын ойға алған бизнес идеяларын жүзеге асыруға жұмсап, қосымша жұмыс орнының көбеюіне атсалысады. Биылдыққа 364 мүгедек жан тұрақты жұмыс орнына орналасты.
Өткен жылы 30 қарашада қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға 2024 жылға арналған жұмыс орындарына квота белгілеу туралы қаулысы шыққан. Сол арқылы 54 мекемеге 200 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарға енді. Бүгінге дейін 52 мекеме 138 азаматты жұмысқа алды. Соның нәтижесінде жоспар 69 пайызға орындалды.
Дегенмен, жауапты сала мамандарының мәлімдеуінше, азаматтарды жұмысқа орналастыру барысында жұмыс берушілер тарапынан түрлі мәселе туындап жатыр. Айталық, еңбек мобильділігі орталығы квотаға сәйкес бекітілген мекемелерге бос жұмыс орындарын сұратып қатынас хат жолдайды. Бірақ олар хатқа өз мерзімінде немесе мүлдем жауап бермей қоя салады. Болмаса квота арқылы бос жұмыс орындарын ұсынбайды. Егер бөлінген квота мерзімінде толық орындалмай қалған жағдайда, жұмыспен қамтушы мекеме Шымкенттегі мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына хат жолдайтынын хабарлады. Екіншіден еңбек мобильділігі орталығынан көмек сұрап өтініш жолдаған, сонда жұмыссыз ретінде тіркелген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі, өкінішке қарай, тұрақты бір мамандық иесі емес, тіпті ешқандай жұмыс өтілі де жоқ. Алайда квотаға сәйкес бекітілген мекемелер мүгедектігі бар жандардың осы жағдайын ескерместен, біліктілігі жоғары мамандықты талап етіп, еңбек жағдайы ауыр бос жұмыс орындарын ұсынады. Қысқасы, жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды онша жұмысқа ала бергісі келмейді. Одан бөлек, бүгінде орталықтың «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінде мүгедектігі бар 270 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып өзіне қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, ала алады. Бүгінгі таңда Шымкентте 41455 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың көпшілігі үшінші топтағы мүгедектер. Арасында 18 жасқа толмаған сегіз мыңға жуық бала мен жасөспірім бар. Олардың барлығы жеке оңалту бағдарламаларына қатысады. Сондай-ақ протездік-ортопедиялық көмек, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық, қоларба құралдарымен толықтай қамтылып отыр. Әрі мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекші, ымдау тілі мамандары мен инватакси қызметі қарастырылған. Жыл сайын мұндай азаматтар еліміздегі демалыс орындары мен шипажайларға тегін берілген жолдама арқылы демалып қайтады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жанынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік порталмен жұмыс істеуіне қолайлы, арнайы өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І, ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында күтім жасалады. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік мекемелермен бірге оларға балама болып табылатын үкіметтік емес ұйымдар да жүзеге асырады. Бұл ретте басқармаға қарасты 12 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Осы аталған орталықтарда 1162 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді. Биыл мүгедектігі бар үш мыңнан астам адам оңалту шараларымен қамтылды. Бұл бүгінге дейінгі сан. Көрсеткіштің жыл соңына дейін тағы өсетіні анық.
Қорыта айтқанда, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерін жайлы сезінуіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Өйткені еліміз әділетті, инклюзивті, тең қоғам құру жолын таңдаған мемлекет.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
«Egemen Qazaqstan» газеті