Шымкенттің матасы Италия нарығында

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Туризм кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Италияның Милан қаласының индустрияландыру қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана, Шымкент креативті индустрия қауымдастығының төрағасы Жанна Байтелиева, қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының жетекшілері, «Shymkent» ӘКК» өкілдері, қолөнершілер мен кәсіпкерлер қатысты.

Бауыржан Берікұлы алдымен Кәсіп­керлер палатасындағы кәсіпкер­лерді қолдау бағытындағы шаралар туралы қысқаша баяндап, Италия мен Қазақ­станның арасындағы іскерлік байланысқа тоқталып өтті.

«Италия – Қазақстанның экспорт жө­ніндегі басты серіктесінің бірі. 2024 жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 14 млрд долларға жуықтады, оның ішінде Қазақстаннан Италияға экспорт көлемі 12,9 млрд долларды құрады. Қазақстанда Италияның қатысуымен 251 компания тіркелсе, соның екеуі Шымкентте жұмыс істеп тұр», деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Шымкент қаласының креативті индустрия қауымдастығының төраға­сы Ж.Байтелиева осы кездесуді ұйымдас­тыруға көмектескені үшін Палата өкілде­ріне алғысын білдірді.

«Креативті индустрия қауымдастығы мен Кәсіпкерлер палатасы, «Shymkent» ӘКК» АҚ басшылығы арасында меморандум түзіліп, өзара әріптестік орнаған. Кездесу – сол әріптестіктің бір кө­рінісі. шымкенттік кәсіпкерлерге енді шетелдік әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Сол үшін сонау Милан қаласынан қонақ шақырып отырмыз», деді ол.

Бұдан кейін Милан индустрияландыру қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана сөз алып, өз қаласының мүмкіндіктері мен жетістіктері туралы баяндап берді.

«Қазақстанның экономикалық әлеуе­­тімен жақсы таныспыз. Барлық саласы, оның ішінде тоқыма, жеңіл өнер­кәсіп салалары да қарқынды дамып келеді. Осыған орай біз сіздерді тікелей әріптес болуға шақырамыз. Мысалы, сіздерде креативті индустрияда қолда­нылатын былғары илеу­ге қажетті тері, мата тоқитын жіп, мақта сияқты ши­кізаттар жеткілікті. Ендеше, сол теріні шетелде емес, өздеріңізде де өңдеп, былғары шығаруға қажет техникаларды, құрыл­ғыларды жеткізіп бере аламыз. Осылайша, дайын өнім шығарудың толық циклі өздеріңізде болады», деді Урсу Лилиана.

Жиын барысында тараптар өзде­рін қызықтырған сұрақтар қойып, ұсыныс­тарын білдіріп, өзара әріптестікті нығай­туға қатысты жан-жақты мәселелерді тал­қылады. Соның ішінде миландық іскер топ өкілінің жергілікті «Azala Cotton» компанияның тоқыма жіптерін сатып алуға қызығушылық танытуы жергілікті өнім өндірушілер үшін үлкен қолдау болмақ. Өз кезегінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова Ита­лияда шымкенттік музейлердің көрмесін ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді.

Инвестиция тарту, туризм саласын дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке, жер­гілікті атқарушы органдарға қойған басты талаптарының бірі. Бұл жөнінде Прези­дент өзінің өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын.

«Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді» десе, креативті индус­трия жайында: «Қазіргі заманда азамат­тардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығар­машыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналып келеді. Елімізде бұл сала әлі дамы­маған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креа­тивті экономиканың жан-жақты дамуы­на барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», деген еді.

Осы ретте инвестицияға тоқталсақ, мегаполисте бұл салада үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде шаһарда үш ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Ол – айталық, Орта Азияда ең ірі саналатын жылыжай кешенінің құрылысы. Мұнда өндірілетін өнімдер келешекте еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық мақсатын орындайды. Одан өзге маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып, соның есебінен баға шарықтап кететін. Енді жергілікті нарық­та отандық өнімдер жеткілікті дәрежеде болғандықтан, өнім тапшылығы туындамай, нәтижесінде сұраныс бағаны өсірмейтін болады. Оның үстіне қала іргесінде сауда-логистикалық орталығы жобасы қолға алынып, соның аясында заманауи қоймалар салынып жатыр. Болашақта сырттан келетін, өзімізде өндірілген өнімдер сол қоймаларда сақталып, маусымаралық кезеңде ішкі нарықта ауыл шаруашылығы өнімдеріне ешқандай тапшылық тудырмайды.

Екінші ірі жобаның бірі – coca-cola өндірісі. Осы күнге дейін алкогольсіз сусын Алматыдан тасымалданып келді. Осы сусынды шығарушы шетелдік компания қала іргесінен үлкен зауыт ашып, coca-cola Шымкенттен шыға бастады. Қазіргі таңда жергілікті нарықтың өзінде бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Жыл сайын еліміздің оңтүстік өңірінде тұратын халық мыңдаған литр coca-cola  тұтынады. Енді шымкенттік сусын сол жергілікті нарықты өзі қамтамасыз ететін болады. Бұл кәсіпорын да ел экономикасына үлкен пайда әкеліп отыр. Оның ең басты табысы – жергілікті жердің азаматтарын жұмыспен қамтуы. Себебі осы өндіріс орны ашылғалы оған шаһардан қаншама жергілікті маман мен қарапайым жұмысшылар еңбекке тартылды.

Үшінші тағы бір маңызды жоба ретінде жуырда ғана тұсауы кесіл­ген керамогранит зауытын айта аламыз. Бұл инвестициялық жобаның бір ар­тықшылығы – шетелдік компания кәсіпорынды бастан-аяқ салып, іске қосуға өз қаражаты есебінен инвестиция шығарды. Ал ол дегеніміз – миллиард­таған ақшалар. Елімізге келіп жатқан көптеген инвестор тікелей қаражат құя бермейді. Сондықтан отандық қаржы капиталының үлесі іске қосылады. Ал керамогранит өндірісі жобасына шетелдік инвестор жеке өзі қаражат жұмсап отыр. Бұл көптеген жайтты аңғартады. Ең біріншіден, елімізде сая­си тұрақтылықтың барын білдіреді. Себебі инвесторлар саяси тұрақсыз елдерге ешқашан қаражат салмайды. Екіншіден, тұрақты экономикалық өсім мен инвесторларға жасалған жайлы жағдайды көрсетеді. Осы жағынан келгенде Шымкентте инвесторларға өте үлкен қолдау мен жәрдем беріледі. Қазіргі таңда қалада индустриалды аймақтар бірінен кейін бірі салынып жатыр. Ол жерде қазірде көптеген жаңа зауыт бой көтеріп келеді. Мемлекет тарапынан индустриалды аймақтарға инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдар тегін тартылады. Әрбір зауыттың алдына дейін жеткізіледі. Сонымен бірге индустриалды аймақтан зауыт ашқан инвесторға салық жағынан көптеген жеңілдік қарастырылған.

Италиялық іскер топ өкілі айтып өткендей, расында да мегаполис жеңіл өнеркәсіпті дамытып, еліміздің ең ірі орталығына айнала алады. Өйткені оған барлық мүмкіндік бар. Ең басты керегі шикізат десек, ол іргедегі Түркістан облысында өндіріледі. Онсыз да шетелге өнімін саудалап жатқан түркістандық кәсіпкерлердің «ақ алтыны» Шымкенттің фабрикаларында терең өңделсе, одан дайы­н тауар шығарып, бағасын өсірген ел экономикасы тек ұтатыны сөзсіз. Оның үстіне шаһарда тек жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығаруға арналған арнайы экономикалық аймақ бар. Сол жерде елімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелге де экспортталып жатқан небір кілем, шұлық, мата, басқа да тоқыма бұйымдары шығарылады. Яғни жеңіл өнеркәсіпті дамытуға Шымкентте өндірістік негіз қалыптасқан, сондай-ақ жұмыс қолы да жеткілікті әрі тиісті мамандардан да анау айтқандай тапшылық жоқ. Себебі қаладағы кәсіпорындар жергілікті жоғары оқу орындарымен, техникалық колледж­дермен арнайы келісімшарт түзіп, сол бойынша дуалды оқыту жүйесі негізінде студенттерді заманауи қондырғыларда жұмыс істеуге үйретіп жүр. Жақсы нәти­же көрсеткен шәкірттердің келе­шек­те оқуды аяқтаған соң сол кәсіп­орындарда жұмысқа орналасуға мүм­кіндіктері мол. Осы жетістіктерге қарап мегаполистің негізгі капиталға инвес­тиция тарту, экономикалық тиімділігі жоғары бірлескен жобаларды іске асыру жағынан әлеуеті өте жоғары деп айта аламыз. Бұл тұрғыда Президент тапсырмалары Шымкентте орнықты жүзеге асырылып келеді.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...

В Шымкенте недоношенному новорожденному провели две сложные операции

Врачи Шымкентского городского перинатального центра успешно провели одновременно две сложные операции недоношенному новорожденному. Малыш появился на свет на 31-й неделе ...