Шымкентте жылыту маусымына дайындық: Өрт қауіпсіздігі айлығы қорытындыланды

Шымкентте 2024-2025 жылғы жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Бұл шара тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұйымдастырылып, өрт қаупін азайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы бүгін Өңірліу коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі — Ережепова Эльмира Уалиханқызы баяндады.

Өткен маусымда, 2023-2024 жылдары, қатты отын пайдаланғанда улы газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 4 адамның өмірі қиылды. Бұл көрсеткіш 2022-2023 жылдармен салыстырғанда 44%-ға төмендегенімен, жарақат алғандардың саны артты. Осыған байланысты, жергілікті билік тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа жылыту маусымы алдында сақтық шараларын қайта қарады.

8 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Кәрімов «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекітті. 16 тамызда өткен қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, шаралар хаттамаға енгізілді.

Жылыту маусымына дайындық: 7 мыңнан астам тұрғынға өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Қалада өрт және улану қаупінің алдын алу мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік желілерде 120, ал бұқаралық ақпарат құралдарында 25 материал жарияланып, олардың ішінде 10 басылымда, 6 телеарнада және 9 радиода материалдар жарық көрген.

Эльмира Ережепованың айтуынша, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3500 үйге аралау жүргізіліп, 7 мыңнан астам адам қамтылған. Оқу орындарында 1000 оқушыға арналған 34 интерактивті сабақ өткізілген. Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 3541 адамға арнайы жадынама парақшалары таратылған. Бұл отбасылардың үйлеріне қайта аралау жұмыстары да жалғасуда.

Әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігін арттыру үшін 81 үйге газ анықтағыш құрылғылар орнатылған. Қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер арасында меморандумдар түзіліп, 125 газ анықтағыш құрылғы сатып алынды. Барлық осал топтарды газ анықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, тұрғындарға апта сайын улы газбен уланудың алдын алу бойынша СМС-хабарламалар жіберіліп отырады.

Өрт қауіпсіздігі күшейтілуде: Шымкентте 3500 үй мен 22 жатақхана тексеруден өтті
Шымкентте жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін күшейту шаралары қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газбалондарын қолданатын 22 жатақханада қауіпсіздік бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды.

Қатты отын пайдаланатын 3500-ден астам тұрғын үйге де ерекше назар аударылып, өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өрт қауіпсіздігі мен ауланы күтіп ұстау мәселелері талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Ал «Үлгілі үй» байқауында «Дендропарк» тұрғын үй кешені үздік деп танылып, өрт қауіпсіздігін сақтаудағы үлгісін көрсетті. Кинотеатрларда өрт қауіпсіздігі тақырыбында 10 арнайы бейнеролик көрсетілсе, ЛЭД экрандарда 25 бейнеролик жарияланған. Сондай-ақ, «Жатақхана» және «Оттан сақ бол» акциялары аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілуде.

Толық видеоны мына сілтемеден көре аласыздар: https://www.facebook.com/share/v/CNedt2VUJWMsrYtX/

x

Check Also

Ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық негізгі құндылығымыз

Бірлігі жарасқан еліміз өзінің тағы да бір асқаралы кезеңі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына үлкен табыстармен келіп отыр. ...

Шымкентте спорт мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Шымкентте №15 Жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Жаңа нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. ...