Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Әл-Фараби ауданының 2024 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 гектарды құрайды, халық саны 234 857 адамды құрайды. Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген, 16 633 жеке үй, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ бар. Бұл туралы бүгін брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы баяндады.
Аудан инфрақұрылымы толыққанды, ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтылған.
Ал «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнату үшін 1 миллиард 717 миллион 971 мың 510 теңге бөлінді.
Халық қатысатын бюджет жобасы шеңберінде 66 балалар ойын және 4 спорт алаңшасы орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңында абаттандыру деңгейі 78,3%-ға жетіп, 2025-26 жылдары 100%-ға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына демалыс орындарын ұлғайту мақсатында 2024 жылы 3 гүлзар салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Ауданда көшелерді жарықтандыру мен жол инфрақұрылымын жақсарту қарқынды жүзеге асуда
Әл-Фараби ауданында 390 көше бар, оның ішінде 124 көше (31,8%) жарықтандырылған. Ағымдағы жылы бюджеттен 118 көшені жарықтандыру жоспарланып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 62%-ға жеткізу көзделуде. 2024 жылдың 4 мамырында қабылданған қалалық мәслихат шешімі бойынша, түнгі жарықшам бағаналарын орнату жұмыстарын Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізуде. Қазіргі уақытта 118 көшеге жарық шамдары орнатылып, іске қосылған.
Рашид Мамытұлының айтуынша, демеушілер есебінен тағы 50 көше ұсынылып, 22 көшесі жарықтандырылған. Жалпы, жыл соңына дейін аудан бойынша 342 көше жарықтандырылады, бұл 87,6% құрайды.
2024 жылы аудан аумағында 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. 366 көшесі (245 шақырым) асфальтталған, 24 көше (15 шақырым) тас жол. Жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 32 көшеге асфальт қабатын салу жұмыстарын жүргізуде. Олардың арасында орталық көшелер мен жаңадан асфальтталған орамдық көшелер бар. 2024 жылға асфальтталған көшелер саны 366-ға жетіп, 94%-ды құрайды.
Әл-Фараби ауданында қоқыс жәшіктерін жаңарту мен тазалық жұмыстары қала көркіне үлес қосуда
2024 жылы Әл-Фараби ауданындағы орталық көшелерге 657 дана үлкен көлемді темір қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары басталды. 2023 жылы аудан бойынша 120 қоқыс алаңы жаңартылып, «GLOBAL BUSINESS CONSTRUCTION» ЖШС-мен жасалған келісім аясында 680 қоқыс контейнерін жеткізу жоспарланды. Қазіргі таңда мердігер мекеме 497 контейнерді орнатқан.
Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін аудан 7 секторға бөлінген. Әр секторға аудан әкімдігі тарапынан жауапты мамандар бекітілген. Ішкі орамдардың тазалығын «Әл-Фараби» КММ қамтамасыз етеді, оларда 21 техника мен 161 адам жұмыс істейді. Басты көшелердің тазалығына «ТАЗА ӨЛКЕ» ЖШС-нің 68 техникасы мен 382 қызметкері жауапты.
Әл-Фараби ауданындағы 928 көпқабатты тұрғын үйдің 859-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта 854 үй қысқы жылу маусымына дайын, бұл 99,4%-ды құрайды.
Аудан инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы осы шаралар тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған.