«Worldskills Shymkent – 2024»: Үздіктер марапатталды

Жақында қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі өтті.

Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу, мамандықтардың танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру. Кеше аймақтық чемпионат қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыратын жобаға еліміздің жастары қатысып, халықаралық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп келеді. Жоба шеңберінде қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру жоспарланған.

«WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінде 42 құзыреттілік бойынша 221 үміткер бақ сынады. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Қызмет көрсету саласы», «Білім беру», «Медицина», «Шығармашылық және дизайн», «Құрылыс индустриясы», «Көлік және логистика» бағыттары бойынша үздіктер анықталды. Чемпионат қатысушыларының конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады.

Бүгінгі іс-шарада білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрдәулет Абылаев халықаралық жобаның ұтымды тұстарына тоқталып, жеңімпаздарды марапаттады. Н.Абылаев бүгінде инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанын, оған жұмысшы мамандар керек екенін айтты.

Енді аймақтық чемпионат жеңімпаздары биыл қараша айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Айта кетсек, «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионаты барысында 9-11 сынып түлектері үшін «Ашық есік» күндері ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына колледждердің материалдық-техникалық базасы мен жетістіктері таныстырылып, инновациялық жобалар көрмесі өткізілді.

Т. ҚАСЫМ
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйледі

Президент Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, ...

Мемлекет басшысы «Tulip Hall» көпфункционалды кешеніне барды

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген конгресс-холл ғимаратымен танысты,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап. Президент тапсырмасына сәйкес бой ...