Қаладағы сауда-логистикалық орталық аумағында «Coca-Cola Kazakhstan» алкогольсіз сусындар шығаратын өндіріс орны ашылды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков инвестициялық жобаның ашылу рәсіміне қатысып, өндіріс барысымен танысты. Шаһар басшысы аталған жаңа өндіріс қаланың дамуына серпін беретінін атап өтті.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Сауда-логистикалық орталық аумағында орналасқан «Coca-Cola Kazakhstan» сусын шығаратын зауыттың ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Аймақтың ғана емес, бүкіл елдің дамуына үлес қосатын бұл жобаның құны 27 млрд теңге. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 283 млн литр өнім. Мұндай жобалардың іске асырылуы қаламыздың одан әрі өркендеуіне жаңа серпін береді. Инвестициялық климатты жақсарту — мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз – деді Ғ.Сыздықбеков.
Айта кетейік, жобаның құны – 27 млрд теңге. Өндірістік және қойма алаңдарының аумағы – 14 087 шаршы метр. Онда қазіргі таңда салқын шай мен кока-кола сусындарын шығаратын желілер іске қосылды. 16 га аумақтағы жобаның қуаттылығы – жылына 283 млн литр өнім шығару. Жаңа өндіріс 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын басшылары өндірісті одан әрі кеңейтуді де жоспарлауда.
Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың айтуынша, инвесторға әкімдік тарапынан жер телімі беріліп, оған инфрақұрылым тарту жұмыстарын жүргізу бойынша қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеуге де сүйемелдеу жасалынған.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында қалада жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындарының саны артуда. Инвестициялық ахуалды жақсарту – мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі.
Тағабай ҚАСЫМ
«Шымкент келбеті» газеті