Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Энергетика – адамзаттың болашағы» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жиында атом электр станциясын салу мәселесі талқыға түсті. Оқу ордасының шәкірттері белсенділік танытып, көкейдегі сауалдарын қойды.
«Басқару» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы еліміздегі энергетика саласындағы мәселелер, АЭС салудың қажеттілігі жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Әлем елдеріндегі энергетика тапшылығын шешу жолдары, қоғамдық-саяси маңызды іс-шараларда азаматтардың белсенділік танытуы, тағы басқа жағдайларға тоқталды.
– Елімізде республикалық реререндум төртінші рет өтпек. Біздің қоғамдық қор қазіргі таңда аталған маңызды іс-шараларды халыққа жан-жақты түсіндіруді қолға алды. Осы ретте АЭС-тің қажеттілігі және референдумның маңыздылығын жан-жақты түсіндіріп келеміз. Бүгінде дамыған мемлекеттер АЭС салудан бәсекеге түскен деп айтуға болады. Бізде де соңғы уақыттары энергетика тапшылығы сезілуде. Энергетика саласында әлі де көмірді пайдаланамыз. Сол себептен, алдағы уақытта стратегиялық мақсатта АЭС салу қажеттілігі туындап тұр, – дейді сарапшы.
Еркін форматтағы басқосуда жастар АЭС-тің экономикаға қосар үлесі, экологиялық ерекшелігі туралы. сауалдарын қойды. Қазіргі уақытта Жастар ресурстық орталығы қаладағы ЖОО мен колледждерде АЭС-тің қажеттіліктерін жастарға насихаттау, референдумге шақыру мақсатында кездесулер өткізуде. Бұған дейін Орталық Азия инновациялық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚУ және тағы басқа колледжерде студенттермен аталған мәселелер талқыға түскен еді. Жоспарлы іс-шара осылайша ОҚМА-да жалғасын тапты.