Біреу білсе, біреу білмес, бәріміз күнделікті тұрмыста қолданып жүрген шыны банкілер, ішімдік пен сусындарға арналған шыны бөтелкелердің біраз түрі Шымкентте шығарылады. Аталған өнімдерді өндіретін «ЕвроКристалл» ЖШС. Серіктестік зауыты қала іргесіндегі «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан.
Бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, кәсіпорын шығаратын тауарлар нағыз тұрмысқа қажетті өнімдер дерсіз. Шыны банкілер қарапайым отбасының күнделікті өмірінде де, тағам өнеркәсібіне негізделген кәсіпорындар үшін де өте керекті дүние. Түрлі тосаптар мен салаттарды қысқа дайындау үшін әрбір шаңырақ жаз бен күз мезгілінде міндетті түрде банкі жабады. Сан алуан сусындар мен ішімдіктер шығаратын отандық кәсіпорындар да бірінші кезекте шыны бөтелкелерге мұқтаж.
«ЕвроКристалл» өнімі елімізде кезінде кең көлемде іске асырылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көздеген мақсатына дәл келіп отыр. Өйткені, шыны ыдыстарды қолданбайтын сала жоқ. Химия өнеркәсібінен бастап тамақ, тіпті, медицина саласында да оған деген сұраныс өте үлкен. Бұрынғы кезде ішкі нарыққа банкі мен бөтелкелер негізінен шетелден импортталатын. Енді отандық кәсіпорын іске қосылғалы шетелдік өндірушілермен бәсекелестік орнап, жергілікті базар, сауда нүктелері өзіміздің шыны ыдыстармен толықты. Мемлекеттің басты стратегиялық жоспарында қарапайым инеден бастап, күрделі технологиялы машиналарға дейін өзіміз шығаратын идея өзегі жатыр. «ЕвроКристалл» кәсіпорны сол мемлекеттік стратегияны орындаудың жарқын бір үлгісі, мысалы болып табылады. Рас, бір кездері қиырға көз тастап, қарапайым заттар өндірісі ұмыт қалған еді. Жергілікті кәсіпорындар тауар шығарғанымен орын орап-қаптайтын зат таппай шетелден қымбат бағаға алдырушы еді. Кейін Үкімет күнделікті тұрмысқа қажетті заттар өндірісі де елімізде ауадай қажеттігін сезініп, қолдау білдіргенде мегаполисте сол айтқан орама бұйымдарды шығаратын инвестициялық жобаларға әкімдік тарапынан басымдық берілген болатын. Сондықтан көп кәсіпорын «ЕвроКристалл» серіктестігінің ізімен жүріп, тұрмысқа керекті дүниелерді жасауға көшті.
Қош делік, сапасы өте жоғары, ассортиментке бай, көлемі 250 миллилитрден басталып 3 литрге дейінгі, сан алуан пішіндегі, негізінде тамақ өнркәсібіне арналған шыны ыдыстар шығаратын бұл компания 2011 жылы құрылды. Кәсіпорын ғимаратының құрылысы 2012 жылдың сәуірінен бастап салынды. Зауытта шыны балқытатын екі пеш, шыныға әртүрлі қалып беретін төрт өндірістік желі бар. Сонымен бірге, кәсіпорында өндірілетін шыны ыдыстардың физикалық, химиялық қасиетін бақылап отыратын зертханада жұмыс істейді. Өндіріс орнында Қазақстан бойынша таптырмайтын керемет қондырғылар орнатылған. Атап айтқанда немістің шыныға қалып беретін Неуе аппараты. Оның NNPB қызметі салмағы жеп-жеңіл бірақ мықты шыны ыдыстар шығаруға мүмкіндігі бар. Шыны бұйым бәрібір де нәзіктеу келетіні рас. Өндірісте, тасымалдау барысында абайсыздық салдарынан ернеуінде жарық немесе бір кетік пайда болуы мүмкін. Адам қолымен тексергенде де бірі байқалып, бірі байқалмай кетеді. Сондықтан мұндай олқылықтың алдын алу үшін кәсіпорын дайын өнімдерді автоматты түрде сканерлеп тексеретін қондырғыны іске қосты.
«ЕвроКристалл» ЖШС басшысы Рустам Суховтың айтуынша, кәсіпорынның жылдық қуаттылығы шамамен 200 млн бұйымды құрайды. Сонымен бірге компания ECOQOLDAY деп аталатын экологиялық бағдарламаның қатысушысы болып табылады. Сол арқылы зауыт пайдаланылған өнімді қайта өңдеп, қалдықсыз тауар шығарады. Яғни, босап қалған ыдыстарды қайтадан балқытып, жаңадан өнім жасайды. Оның экологияға тигізер оң әсері өте зор. Осылайша компания табиғаттың тазалығына, экологияның таза қалпында сақталуына зор үлесін қосып отыр. Жалпы, әлемде шыны ыдыстар ең экологиялық таза бұйым болып саналады екен.
Ендеше «ЕвроКристаллдың» өнімдеріне келсек, зауыт ағарған мен шырынға, түрлі алкогольді ішімдіктерге арналған бөтелкелер мен консервілеуге қажетті банкілер өндіреді. Кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығын жоғары сапалы шыны ыдыстарымен қамтамасыз етеді, соның ішінде төмендегі өндіріс орындары бөтелкелерді осы «ЕвроКристаллдан» сатып алады. Олар Амиран, Globus plus Эфес Казахстан, Первый пивзавод, Carsberg Kazakhstan, Дионис, Golden food, Рауан және тағы басқа осы секілді сусындар мен алькогольді ішімдіктер шығаратын компаниялар. Сондай-ақ серіктестік өз өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Литва, Польша сияқты мемлекеттерге экспорттайды.
Шетелге өнім шығару мәселесінің еліміз үшін маңызы айрықша. Өйткені, мемлекет табысының негізгі бөлігі сол экспорттан түседі. Әлемдегі дамыған елдерді алып қарасақ олардың басты табыс көзін шетелге шығарылған тауарлар құрайды. Мәселен, Қытай экономикасы таза сыртқы тауар экспортына негізделген. Сол секілді Жапония өзінің электроникасымен, көліктерімен табыс тауып отыр. Яғни, дүниежүзілік нарыққа қай ел көбірек брендті, сұранысқа ие тауарлар экспорттаса, сол елдің экономикасы алға жылжиды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтті.
«Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн» деген еді Мемлекет басшысы.
«ЕвроКристаллдың» басты айырмашылығы ол Қазақстанда алғашқы болып NNPB форматында бөтелкелер шығара бастады. Сонымен бірге, елімізде түрлі-түсті шыны ыдыстар өндіретін жалғыз кәсіпорын саналады. Кәсіпорынның алға қойған жоспары да ауқымды. Ол бірінші кезекте №2 шыны балқыту пешін жаңғыртудан өткізу. Сол арқылы өндіріс қуаты артады, өнім сапасы жақсарады, табиғи газды тұтыну көлемі азаяды, шикізатқа мұқтаждық төмендейді, ең бастысы француздық компания «Tiama»-ның заманауи қондырғысын сатып алумен өнім сапасын бақылау күшейеді. Осы тұста мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанын айта кету керек. Мәселен, №2 шыны балқыту пешін жаңғыртуға қажетті қаражатты «Қазақстанның халық банкі» бөліп отыр. Сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мемлекеттік бағдарлама аясында алған несие үстемақысының бір бөлігін субсидиялауға көмек бермек. Кәсіпорында 500-ге тарта адам еңбек етеді. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, тегін тасымалдау қарастырылған, барлық қызметкер медициналық сақтандырылған, ұялы байланыс шығынын кәсіпорын өзі өтейді. Одан бөлек жұмысшыларға материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Ал еңбек озаттарына сыйақылар төленеді. Кадрдың біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар мен оқулар ұйымдастырылады» деді серіктестік басшысы Р.Сухов.
Оның айтуынша, елімізде шыны өндірісін дамыта беру керек. Өйткені, бұл өнімге деген сұраныс Қазақстанда әлі де жоғары. Сондықтан ішкі нарықта одан пайда табуға мүмкіндіктер өте көп. Кәсіпкердің пікірінше мейлі қарапайым отбасы немесе сусындар шығаратын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар болсын банкі мен бөтелкелер олар үшін әрдайым ең қажетті тұрмыстық зат болып қала береді. Бұл ретте шетелдің импортына тәуелді болмай, нарықтық сұранысты отандық өндіріс арқылы өзіміздің қанағаттандыруымыз өте маңызды деп санайды кәсіпкер. Кәсіпорын басшысының мәлімдеуінше елімізде бұл саланы өркендету үшін жоғары және арнаулы оқу орындарында шыны өнеркәсібінің мамандарын дайындайтын кафедралар ашу қажет. Себебі көп жағдайда кадр тапшылығы өндіріс орындарында үлкен мәселе туғызады. Кейде соның салдарынан зауыт-фабрикалар мамандарды шетелден жалдауға немесе жұмысшыларды шетелге оқытуға мәжбүр болады. Дегенмен, бүгінгі таңда дуальді оқыту жүйесі бұл мәселені оңтайлы шешіп келеді. Яғни студент оқу мерзімінің бір бөлігін аудиторияда теориялық білім алумен өткізсе, қалған бөлігінде кәсіпорынға барып алған теориялық білімін іс-тәжірибемен ұштастырып қайтады. Өз кезегінде кәсіпкер тағы бір мәселеге назар аударды. Өз сөзінде ол отын түрінен тек газ пайдаланатын кәсіпорындар үшін оның тарифін сәл де болса төмендетсе деген тілегін жеткізді. Егер «көгілдір отын» бағасы арзандаса, ол тікелей өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне алып келеді.
Айта кету керек, «ЕвроКристалл» ЖШС өткен жылы 7.134 млрд теңгенің өнімін өндірді. Немесе 174.4 млн дана шыны ыдыстарын шығарды. Ал, зауыт еңбеккерлерінің орташа айлық жалақысы өткен жылғы мәлімет бойынша 466 мың теңгені құрайды.
Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ
«Шымкент келбеті» газеті