Контакттан кейінгі алдын алу шараларына антиретровирустық дәрі-дәрмектердің қысқа курсы жатады. Ол инфекцияны ықтимал жұқтыру қауіпін төмендету мақсатында қабылданады.
АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) — инфекцияны жұмыс барысында жұқтыру қауіпі келесі контактта болу мүмкін:
– терінің бүлiнуi (инемен немесе үшкір медициналық инструментпен жарақат алу);
– биологиялық сұйықтарды бүлiнген тері немесе шырышты қабыққа тигізу;
– бүлінбеген терімен биологиялық сұйықтар, қан, тіндермен ұзақ уақыт бойы контактта болғанда.
Контакттан кейінгі алдын алу шаралары дегеніміз не?
Алдын алу шаралары АИТВ-ны жұқтыру қауіпін төмендетуге бағытталған. Яғни, антиретровирустық (АРТ) дәрі — дәрмектерді қабылдау. Бұл дәрі — дәрмектерді қауіпті қатынастан кейін неғұрлым ерте қабылдаса, соғұрлым АИТВ-инфекциясын жұқтыру қауіпі төмен болады. Дәрілер алғашқы 24-36 сағатта қабылданады, 72 сағаттан кешіктірмеу қажет және емдеу курсы 4 аптаға созылады. Себебі 72 сағаттан кейін дәрінің әсері болмайды. Бұл дәрі — дәрмектер ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында тек дәрігердің рұқсатымен беріледі.
Контакттан кейінгі алдын алу шаралары кімге ұсынылады?
1. Медицина қызметкерлері (хирургиялық оталарда, анализ алу, оны талдау және т.б.с.с барысында жарақат алса);
2. Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау қызметкерлері; полиция, түзету мекемелері, құтқарушы бригада, қан және басқа биологиялық сұйықтықтармен жұмыс барысында төтенше жағдайға тап болғанда;
3. Дискордантты қатынаста тұратын серіктестерге. (Дискордантты- серіктестердің біреуі АИТВ-инфекциясына шалдыққан, біреуі шалдықпаған);
4. Зорлық зомбылыққа шалдыққан тұлға. Егер жыныстық қатынас зорлау барысында жүзеге асса, онда зардап шеккен тұлғаға жоғарыда көрсетілген схема бойынша қатынастан кейінгі алдын алу шаралары ұсынылады.
Жұмыс барысында қауіпті контакт болғанда, келесі іс-әрекеттерді жасау қажет:
– қан және басқа биологиялық сұйықтармен контакттан кейін дереу бүлінген теріні суастында сабынмен, ал бүлінген шырышты қабықтарды таза сумен жуу қажет;
– егерде контактта болған пациент АИТВ-инфекциясына шалдыққан болса, онда контакттан кейінгі алдын алу шараларын өткізу керек.
Г. БЕРДИЕВА,
Шымкент қалалық ЖИТС орталығының дәрігері