Шымкентте жеке кәсіпкерлерге МӘМС туралы түсіндірілді

Жеке кәсіпкер МӘМС жарнасын есептік айдан кейін төлей ала ма және қанша төлеуі қажет? Кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып жүрген азаматтардың көкейінде жүрген осы және өзге де сұрақтарға бүгін ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден егжей-тегжейлі жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Grand Park Shymkent» сауда орталығында қалалық Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен кездесуге 100-ге жуық жеке кәсіпкер қатысты. Міндетті жарна төлеміне қатысты түсіндірме барысында айтылғандай, жарналарды ай сайын да, алдағы кезең үшін де алдын-ала төлеуге болады. Кешіктіріп төлеген жағдайда берешек пайда болады және жеке кәсіпкер МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесін жоғалтады. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер органдары төлемді кешіктіргені үшін өсімпұл есептейді. Төлем кезінде ЖСН, ТАӘ, төлем сомасын қатесіз көрсету маңызды. Өйткені, жарналар кері қайтарылуы мүмкін.

Жеке кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылған сұрақтардың бірі егер мүгедектігі бар болса, ЖК МӘМС-ке жарна төлеуі қажет пе? Қор филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден түсіндіргеніндей, ол азамат жеңілдетілген санат қатарында болғандықтан төлемнен босатылады. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар; зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағы, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар көп балалы аналар; мектептерде, лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, магистратурада күндізгі білім алушылар санатындағы азаматтардың жарнасы да мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Жалпы, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар өзге де әлеуметтік аударымдармен қатар МӘМС-ке белгіленген жарналарды төлейді. Жарна мөлшері ЕТЖ-нің 1,4-еселенген мөлшерінің 5%-ын құрайды, яғни 5% * (85 000 * 1,4) = 5 950 теңге (2024 жылы).

#әмсқшымкент #мәмсшымкент

x

Check Also

Шымкентте сәбиге сирек әрі күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды

Шымкент қалалық балалар ауруханасында алғаш рет 2,5 айлық сәбиге сирек әрі күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды. Дәрігерлер орталық жүйке жүйесінде ...

Шымкентте қала күніне орай республикалық ақындар айтысы өтеді

Бұрыннан белгілі болғандай ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне Орталық Азия және басқа да халықтарға ортақ мұраның элементтері енгізілген. ...