Отандық фармкомпанияларға дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайтып, тізбесін көбейту жүктелді, деп хабарлайды 24kz.
Үкімет басшысының жаңа міндеті бойынша Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жоспар түзіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылады. Еліміз бойынша жетекші өндірушілердің шоғыры Шымкент қаласында орналасқан. Ірі шаһарда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндіретін 17 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері 39 миллиард теңгенің өнімін нарыққа шығарды. Жаңа талаптарды орындауға өндіріс кешендерінің әлеуеті жете ме?
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
— Биыл дәрілік препараттардың өндіріс кешені цифрлық таңбалауға толық көшірілді. Осының арқасында өндірушіден тікелей тұтынушыға дейін тексерілген өнімнің жетуі бақылауда болады. Дәрілік заттардың ашық айналымы фармацевтика саласының әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін көрсетті.
Оксана Соснова, цех жетекшісі:
— Арнайы жүйе арқылы дәрілік заттардың қорапшасындағы 2D кодына сканерлеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қосымша қызметкерлер тартылып, оқу-курстарынан өткізілді.
Бүгінде фармацевтикалық зауытта 200-ден аса дәрілік заттың түрі шығарылады. Ендігі кезекте өндіріс тізбесі гармондық дәрі-дәрмек пен онкологиялық ауруларға қарсы препараттармен толығады. Компания өкілдері еуропалық GMP сертификатына қол жеткізіп, әлемдік алпауыт өндірушілермен жаңа келісімшарттар жасасуға мүмкіндік алды.
Рустам Байғарин, фармацевтикалық зауыт директоры:
— Көпшілік жапондық көліктер жақсы немесе неміс технологиясы дамыған деп есептеп жатады. Әлемдік фармацевтикада да осындай пікірлер жиі айтылады. Халық дамыған елдердің өніміне сеніммен қарайды. Сондықтан біз дүниежүзіндегі жетекші компаниялармен ынтымақтастық орнатып, отандық дәрі-дәрмектің беделін арттыруға ниеттіміз.
Биыл Шымкентте өңдеуші өнеркәсібінде 535 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның 39 миллиард теңгесі фармацевтика саласының еншісінде. Былтырғымен салыстырғанда медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек шығаруда 45%-ке өсім байқалды. Сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктері отандық кәсіпорындардың дамуына оң өзгеріс әкелген.
Бақыт Қалдыбеков, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:
— Кепілді түрде біраз уақытқа өнімдерін сату мүмкіндігін алады. Шекті баға тұрақты сақталып, сізден кепілді түрде сатып алынады. Бұл деген сөз инвестиция жасау мүмкіндіктеріне ие болады кәсіпорындар.
Салалық министрліктің мәлімдеуінше, алдағы уақытта отандық өндірушілерді қолдауға басымдық беріледі. Оларға медициналық жабдықтарды сатып алуы үшін қаржылық лизинг механизмі қайта енгізілетін болады. Сонымен мемлекеттік сатып алымда жеңілдіктер қарастырылып, жергілікті заттармен қамту үлесі артатын болады.
© «24kz» телеарнасы