Аз балмен де грантқа түсе аласыз

Мектеп бітірген әрбір түлектің бір арманы жоғары оқу ордасының грантына қол жеткізу болса керек. Десе де, Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкерлердің барлығына бірдей сәтті бола бермейді.

Алайда, қазір білім сынағынан аз балл жинап қалғандардың өзі түрлі бағдарламалар арқылы оқу грантына ие бола алады. Сондай игілігі мол бағдарламалардың бірі – он жылдан бері мемлекеттік деңгейде іске асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы. 2014 жылдан бері халық тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр тапшылығы байқалатын солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыруды мақсат еткен бағдарлама биыл да жалғасын таппақ.

Биыл аталған жобаны жүзеге асыру үшін 3 653 грант бөлінген екен. Оның 800-ден астамы түркістандық түлектерге арналып отыр. Бұл жайында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті оқу-әдістемелік бөлімінің әдіскері Нұржан Рүстемова Түркістанда өткен баспасөз жиынында айтты.

– «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер толықтай жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оқу бітірген соң университет олардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Қазіргі таңға дейін біздің түлектердің барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондықтан ҰБТ-да төмен балл жинаған түлектерді аталған бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамын, – деді спикер.

Журналистермен кездесуге арнайы келген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор Сәуле Маханова мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының магистр – аға оқытушысы Сандуғаш Жиенбай да өз университеттеріндегі студенттерге жасалатын жағдайлар мен оқу орындарының артықшылықтары жайында сөз қозғады.

Бауыржан ЕРМАН,
«Ońtústik Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...

Арыс қаласында жаңа «Келешек мектебі» ашылып, үш мектептің мәселесін шешті

Арыс қаласының Тараз мөлтек ауданында жаңа №2 «Келешек мектебі» өз жұмысын бастады. Заманауи білім ордасының ашылуы қаладағы үш мектептегі орын ...