Шымкентте қоқыс өңдеу зауыты іске қосылуы мүмкін

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Шымкентке келді. Сапар аясында Нұркен Шәрбиев жергілікті тұрғындармен кездесіп, толғандырған сауалдарына жауап берді,-деп хабарлайды «Отырар» телеарнасы

Шымкентке Экология және табиғи ресурстар вице-министрі іс-сапармен келіп, халықпен кездесті. Жергілікті тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелердің бірі қоқыс полигонына байланысты болды. Сөздерінше қалада адам саны көбейген сайын қалдық саны да артып келеді. Ал Нұркен Шәрбиев бұл проблема алдағы уақытта шешімін табатынын айтады.

«Республикаға барлығы 185 млрд. теңге бөлінді. Бұл қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытын ұйымдастыруға арналған, үш пайыздық жеңілдікпен қайтарылатын қаражат. Қазір республика бойынша 50-ге жуық өтініш түсті. Оның ішінде Шымкент те бар», – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Сонымен қатар, жиналған жұртшылық шаһардағы күннің күрт ысып, орман шаруашылығына зақым келтіріп жатқанын айтты. Ал келесі уәж иесі кәсіпорындардың ауаны ластап жатқаны жайында шағымын жеткізді.

«Біз қашанғы осылай жүре береміз? Біз тәжірибелік жануар емеспіз ғой. Қазіргі халіміз сол жануар сияқты», – дейді тұрғын.

«Біз ескертпей барып кәсіпорындарды тексере алмаймыз. Алдын ала рұқсат алуымыз керек. Заң солай. Барлығы кәсіпкерлердің жағдайы үшін жасалған. Олардың кәсібін дамыту үшін жасалып жатыр», – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Вице-министр қазір қалада жағдайдың тұрақты екенін айтады. Ол қаланың ластануына әсер етіп жатқан кәсіпорындар тізімін атап өтті.

«Шымкенттің ауасын негізі ластаушылар «ПетроКазахстан Ойл Продактс» кокс көлемі 19 578 тонна, «ШымкентЦемент» зауыты – 4 941 тонна, «3-Энергоорталық» – 3294 тонна, «Стандарт Цемент» жылына – 992 тонна. Қаланың экологиялық жағдайын кешенді шешудің жол картасына 29 шара жоспарланған. Оның 12-сі орындалды», – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Нұркен Шарбиев экологиялық мәселелерді шешу жұмыстары әлі жалғасатынын атап өтіп, барлық тұрғындарды экологиялық бастамалар мен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

© «Отырар» телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...

В Шымкенте недоношенному новорожденному провели две сложные операции

Врачи Шымкентского городского перинатального центра успешно провели одновременно две сложные операции недоношенному новорожденному. Малыш появился на свет на 31-й неделе ...