Шымкенттегі перзентханаларда ана мен бала өлімі азайды.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайғылы жағдайлар көрсеткіші 7,1% төмендеген. Мұндай оң өзгеріске жүкті әйелдерді диогностикалық тексерулерден өткізіп, денсаулығын ұдайы бақылауда ұстау әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, былтыр қаладағы перинаталдық орталықтар заманауи қондырғылармен жабдықталды. Нәтижесінде төрт босану үйінің үшеуі жоғары дәрежелі медициналық қызмет көрсете бастады.
Биыл Израиль, Түркия мемлекеттерінде 36 дәрігер біліктілігін арттырады. Тағы 250 медицина қызметкеріне жергілікті жерде литвалық мамандардың шеберлік сабақтары жоспарланған.
Айта кетейік, өңірде демографиялық өсімі жақсы. Былтыр 26 мың сәби туылса, биыл нәрестелер әр 15 минут сайын дүние есігін ашып жатыр. Жыл басынан бері қалада 10913 сәби дүниеге келген. Оның 5579-ы ұл болса, 5334-і қыз. Егіздердің саны 107-ге жетіп, төрт үшем өмірге келген.
Жақында ғана Шымкентте 24 жастағы жас ана Айгүл Бақытжанқызы үшемді дүниеге әкелді. Ұлдар мерзімінен бұрын, жүктіліктің 31-аптасында қалалық перзентханада туылды, салмақтары — 1580, 1640, 1610. Дәрігерлер сәбилерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда қарап, арнайы ем-шараларды жасап болған соң палатаға шығарған.
Бүгін дәрігерлер салмақ жинап, жағдайлары жақсарған нәрестелерді сән-салтанатымен үйлеріне шығарып салды. Қуанышқа кенелген отбасы үшемге Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмухаммед есімдер берген.
Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— 4 мекемені жарақтандыру үшін былтыр 900 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, соған балалардың, аналардың өміріне байланысты жабдықтар сатып алынды. Сол мекемелердің бәрі аккредитация өтіп жатыр. Сапасын көтеріп жатыр. Осының бәрі қосымша сол аналар мен балаларға сапалы көмек көрсетуге көмектеседі.
© 24.kz телеарнасы