Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен Қазақстан шахмат федерациясы, Шымкент қаласы мәслихатының ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында шахмат турнирі бастау алған болатын,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іріктеу турниріне қатысуға Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінен 120 дан аса өтінім келіп түскен. Шахматшыларды іріктеу барысында 7 мүшеден құрылған төрешілер алқасы ойыншыларды қадағалады.
Интеллектуалды ойынның қорытындысы бойынша қатысушылар командалық және жекелей 1, 2, 3 – орындармен марапатталды. Сонымен төрешілер шешіміне сәйкес жеке құрамда сайысқа түскен Әл-Фараби ауданынан Сейтжан Джаханов бірінші орынды иеленсе, екінші орын Абай ауданынан сынға түскен Нұрсұлтан Жұмадуллаевқа бұйырды. үшінші орынға Әл-Фараби ауданынан қатысқан Сұлтан Садықов жайғасты. Ал, командалық есепте бірінші орын Әл-Фараби ауданы, екіншң орын Абай ауданы, үшінші орын Қаратау ауданына бұйырды. Барлық шахмат ойынына қатысқан жеңімпаздарға арнайы диплом, медаль табыс етілді.
Ынталандыру марапаттары бойынша депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам белсенділері және әйелдер арасында үздік көрсеткіш иелері мен зейнеткерлер арасында үздік деп танылған қатысушылар арнайы грамотамен марапатталды. Сондай-ақ қатысушыларға сертификат берілді.
Іріктеуден өткен 25 үздік шахматшыға 18 маусым күні қала күніне орай Шымкент қаласында өтетін өңірлік жартылай финалға жолдама берілді. Жартылай финалдан өткен жеңімпаздар алдағы уақытта Астана қаласында өтетін финалдық ойындарда бақтарын сынайды.