Бүгінде елімізде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бойынша түрлі мемлекеттік жобалар жүзеге асып жатыр. Оның ішінде денсаулығы сыр берген жандардың жұмысқа орналасуы да назардан тыс қалған емес,—деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының Абай аудандық «Мансап орталығы» 2024 жылы мүгедектігі бар 40 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері аудандық «Мансап орталығы» «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығымен бірлесе мүгедектігі бар 7 жанның жұмысқа орналасуына ұйытқы болған.
Екі қолға бір күрек іздеген 37 жастағы Эльмира Байғабысова «TEN QOGAM» әлеуметтік орталығына келгенге дейін талай мекенің табалдырыған тоздырыпты. Әлеуметтік желіде жарияланған жұмыс орындарының көбі желілі маркетинг болып шыққанын, көңілге қонатын орын таппағанын айтады.
– Мамандығым – бағдарламашы. Бұл мамандық бойынша орта білімім бар. Міне, 15 жылдан бері денсаулығым сыр беріп, ІІІ топтағы мүгедек атанып отырмын. Бұрын түрлі мекемелерде хатшылық қызметте 6 жыл жұмыс істедім. Бұл салаға бейімделгендіктен жұмыс іздеген кезде «Хатшы керек» деген жарнаманың артында желілі маркетинг тұрғанына талай куә болдым. 2024 жылдың қаңтарында әлеуметтік қолдау орталығына келіп, мүмкіндігіме сай жұмыс қарастырып беруге өтініш қалдырдым. Маған Абай ауданы «Мансап орталығының» мамандары хабарласып, №11 мектепте хатшылық қызметті ұсынды. Өзім білетін сала. Жұмысқа орналасқаныма апта болды, – дейді Эльмира Иманәліқызы.
Айта кетсек, «TEN QOGAM» орталығы Шымкент қаласында мүгедектігі бар, әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. 2023 жылы осы орталық арқылы мүгедектігі бар 37 азамат жұмысқа орналасқан.