Еліміз жаңа экономикалық серпіліс қарсаңында тұр

Жақында өткен Қазақстан Републикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық экономиканы дамыту бойынша алда тұрған жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап көрсетіп берді. Президент ең басты мақсат 2029 жылға дейін жалпыұлттық ішкі өнімнің көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард АҚШ долларына жеткізу екенін атап өтті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өнеркәсіп секторын, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек екені белгілі.

Осы орайда Шымкент қаласының Қазақстанның зор экономикалық серпіліс жасауына лайықты үлес қосарлық әлеуетке ие екенін атап өткен жөн. Бүгінде Шымкентте экономиканы әртараптандыру және өнеркәсіпті алға жылжыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұны қаланың өткен жылғы даму қорытындыларына қарап айтуға болады.

Экономиканың қозғаушы күші инвестициялар екені белгілі. 2023 жылы шаһарда негізгі капиталға бағытталған тікелей инвестициялардың көлемі 722 миллиард теңгеден асты. Бұл көрсеткіш 2022 жылғымен салыстырғанда шамамен 42 пайызға жоғары. Демек, Шымкент инвестиция көлемінің өсу динамикасы бойынша республика өңірлерінің арасында алдыңғы қатарда тұр. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қала экономикасына құйылған инвестицияның 70 пайыздан астамын жеке тұлғалардың капиталы құрап отыр.

Қаладағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына бірнеше фактор әсер етуде. Оның бірі қала аумағында индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың қызмет етуі болса, жергілікті атқарушы биліктің «ШымкентИнвест» орталығы арқылы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаларын басынан аяғына дейін сүйемелдеуі дер едік.

Жауапты басқарманың мәліметінше, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда 358 млрд. теңге сомасына 337 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, өткен жылдың қортындысы бойынша жалпы құны 216 млрд. теңгелік жобалар іске асырылып, 273 кәсіпорын нақты жұмыс істеп жатыр. Онда 8 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орны құрылған. Атап айтар болсақ, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 95,9 млрд. теңгеге 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарымен 95 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 76 кәсіпорын іске қосылып, онда 2,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 91,4 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Бұл индустриалды аймақта былтыр тағы 5 жоба жүзеге асырылған. Инвестициялық құны – 1,4 млрд. теңге. Нәтижесінде 99 жаңа жұмыс орны құрылыпты.

«Оңтүстік» индустриалды аймағында 1 теңге бюджеттік инвестицияға 10 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы аймақ ашылғалы бері ондағы компаниялар бюджетке 36,3 млрд. теңге салық төлеген. Инфрақұрылымға жұмсалған қаржы 6,9 млрд. теңге екенін ескерсек, бұл аймақтың тиімділігі жоғары деген сөз.

Ал, «Тассай» индустриалды аймағында 50,7 млрд. теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 36,7 млрд. теңге инвестиция тартыла отырып ашылған 24 зауыт-фабрика нақты өнімдерін шығарып жатыр. Онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылған.

«Тассайда» 2023 жылы 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны 7,4 млрд. теңге құрайтын бұл жобалар 290 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл аймақты ашуға бюджеттің әр 1 теңге қаржысына 35 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, «Тассай» индустриалды аймағы ашылғалы бері онда жұмыс істеп жатқан компаниялар бюджетке 6,8 млрд. теңге салық төлеген.

Шымкенттің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын тағы бір өнеркәсіптік аймақ – сауда-логистикалық орталығы. Мұнда 43,5 млрд. теңгеге 8 жоба жүзеге асырылуда. Онда 660 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде 24,5 млрд. теңгеге 285 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған.

Мұнда 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 5,2 млрд. теңге салық төленгенін айта кетуге болады.

Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық қоржыны жалпы құны 166,6 млрд. теңге болатын 58 жобадан тұрады, олар 5,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Мұнда да 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 9,6 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған.

Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен сауда-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.

Мәселен, «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 166 млрд. теңгені құрайтын 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 13,2 млрд. теңгені құрайтын 353 жаңа жұмыс орнымен 7 жоба іске қосылған.

Одан бөлек 2023 жылы «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриалды аймағында да жұмыс жалғасуда. Оның аумағы – 132 гектарды құрайды. Бүгінде онда орналастырылатын құны 22,7 млрд. теңгелік, 1,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 21 жобаның пулы әзірленіпті.

Сондай-ақ, басқарманың мәліметінше, жеке «Standard» индустриалды аймағын құрып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен сауда-логистикалық орталығының аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қаласындағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына өнеркәсіптік аймақтармен қатар ұлттық жобалар мен өңірлік бағдарламалардың да оң әсер тигізіп жатқанын айта кету керек. Мәселен, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында қаладағы бизнес өкілдеріне өткен жылы 18 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Ұлттық жоба аясында шағын кәсіпкерлер, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері алатын несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау көзделген. Мамандардың айтуынша, бұл бағыт бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілетін несиенің ең жоғары мөлшері 20 миллион теңге, ал айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін несие үшін бұл шек 5 миллион теңгені құрайды екен. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 7 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 15,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Сонда шағын кәсіпкерлер ұлттық жоба аясында қаржы нарығына қарағанда әлдеқайда арзан несиеге қол жеткізеді.

Одан бөлек, ұлттық жоба аясында индустриалды-инновациялық қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі де қарастырылған. Мұндай кәсіпкерлерге берілетін несиенің шекті соммасы 3 миллиард теңгеден, ал несиелеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 5 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 13,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді.

Мемлекет тарапынан осындай қолдаудың нәтижесі де жоқ емес. 2023 жылдың қорытындысы бойынша шаһарда кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны 132 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артып отыр. Шындығында Шымкентте кәсіпкерлердің саны ғана емес, аталған секторда жұмыспен қамтылған адамдар мен олар өндірген өнімнің көлемі де көбейіп келеді. Нақты айтар болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында шағын және орта бизнес секторында 220 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Ал осы сектордың өңірлік ішкі өнімдегі үлесі 50,3 пайызды құраған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда» деген болатын.

Бұл Қазақстанның жаңа бір экономикалық серпілістің алдында тұрғанын көрсетеді.

Еліміздің осынау асқақ мақсатқа қол жеткізуіне Шымкент қаласы да өзінің лайықты үлесін қоса алады. Жоғарыда баяндалған даму көрсеткіштері шаһардың сондай әлеуетке ие екенін паш етіп тұрғандай.

Дереккөз: А.ТІЛЕУБЕК, «Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...

В Шымкенте недоношенному новорожденному провели две сложные операции

Врачи Шымкентского городского перинатального центра успешно провели одновременно две сложные операции недоношенному новорожденному. Малыш появился на свет на 31-й неделе ...