Сырға толы Шымқала

Шымкент – күн сайын гүлденіп, түрленген шырайлы шаһар. Өңір халқы қонақжайлылығымен ғана ерекшеленбейді, әр гектарында өткен күннің белгісі бар. Тарихы, тамыры тереңге жайылған, мәдени мұраларға аса бай қала.

Қала жұрты Бадам мен Қошқарата өзендерінің ортасында орналасқан. Қытайдың әйгілі ғалымы Монах Сюань Цзянь 629 жылы Үндістанға жасаған саяхаты туралы жазбаларында Тараз, Ақсу, Кунгу, Ташкент арасындағы аймақты сипаттай отырып мұны Нуджикент мемлекеті деп суреттеген. Ол былай деп жазады: «Жері құнарлы, егіншілікке қолайлы, от-шөп, орман-тоғай, гүл-бәйшешек пен жеміс-жидекке аса бай, сондай-ақ, тым құнды бағаланатын жүзім де көп өндіріледі. Бұл елде жүзге тарта елді мекен (кент) бар, олардың әрқайсысының өз билеушісі бар. Әр қаланың өз билігі өзінде, бір-біріне өзара тәуелді емес. Әр қаланың өз алдына жеке шекарасы болғанымен, алайда, олар біртұтас Нуджикент мемлекеті деп аталады».

Сырға толы бұл қалашық туралы тағы да бір дерек тіркелген. Парсы тарихшысы Шараф ад-Дин Али-Йаздидің «Зафар-наме» шығармасында Шымкентті Сайрам маңындағы елді мекен деп көрсеткен. «…Бахрам Жалаир Темір мен Кейхосровтың рұқсатынсыз Джета әскерімен Ташкенттен Сайрамға кеткен». Ал Темір мен Кейхосровтың арбалы керуені Бахрамда болғандықтан, олар соның артынан ере жөнелген. Екеуі Сайрамға жеткен уақытта өздерінің арбалы керуендерін Чимикент деген қоныстан тапқан» деп Зафар-намеде жазылған. Бұл 1365-1366 жылдары болған оқиға.

Осы уақытқа дейін ғалымдардың көпшілігі XI−XII ғасырларда қазіргі Шымкент қаласының аумағында қоныс мекендер болған деген гипотезаны алға қарай тартқан болатын. Сонымен қатар, Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған дәлел, археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабірлер. Мамандардың болжамы бойынша біздің эрамызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән.

Өткен ғасырдың басындағы қала қамалы болған жерде жақында бір еркек пен әйелдің мәйіті табылды және ол зороастрлық салтпен жерленгендігі анықталып отыр, олай болса бұл мәйітке 1500 жыл. Бірқатар археолог-ғалымдардың пікірлері бойынша бұл жерде үлкен қорым болған. Егер бұл расталса, онда қаланың пайда болған мерзімі қайта қаралуы мүмкін.

Ресейдің этнограф-саяхатшысы Филипп Михаилович Назаров Қоқан хандығына барар жолда Шымкент қаласы туралы: «Қала биік жерде тұрғызылып, биік қабырғаның төбесіне қоршалған. Бадам өзені жағынан бір жылқы ізімен ғана қалаға кіруге мүмкіндік бар. Су қалаға қабырғада жасалған терезелер арқылы ағып жатыр, диірмендер салынған. Үйлер күйдірілген кірпіштен соғылған, қытай үйлеріне ұқсас терезелері жоқ.

Ежелгі Шымкент қалашығы өзінің тарихи ядросын, яғни қамалын сақтаған. Қамал қазіргі Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде жоғарғы төбеде орналасқан. Солтүстік жақтан Қошқарата өзені ағып өтеді.

Қалашыққа барлығы үш стратиграфиялық қазба қаланды. Қалашықтың мәдени қабаттарының тереңдігі 14 метрді құрайды. Қалашықтың ең төменгі қабатында б.з.д. III ғасырдың аяғы — б.з.д. II ғасырдың басына жататын керамика кешені жинақталған, ол Соғды мен Қаңлының урбанизацияланған елді мекендерге тән қызыл-ангобты тостағандар, цилиндрлік ыдыстар және т.б. табылды. Бұл керамика біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырдағы Самарқандтың қалалық мәдениетімен ұқсас және Самарқанд пен Оңтүстік Қазақстанның байланыстарын көрсетеді. Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырға жататын Отырар-Қаратау мәдениетінің материалдары жоғары төменгі қабаттардан табылды. Осыншама сырға толы қалашық жайында түрлі мәліметтер бар. Құпиясын сақтаған бұл қалашық қазірде туристік аймаққа айналған.

Ж.ТӨЛБАСЫҚЫЗЫ,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені экскурсия-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...

В Шымкенте недоношенному новорожденному провели две сложные операции

Врачи Шымкентского городского перинатального центра успешно провели одновременно две сложные операции недоношенному новорожденному. Малыш появился на свет на 31-й неделе ...