Д.Сатыбалды Шардарада су қоймасының жағдайымен танысты

Түркістан облысы Шардара су қоймасындағы су деңгейі төмендеп барады. Өзекті мәселе туралы облыс әкімдігі стратегиялық нысанға жауапты Су ресурстары комитеті мен Экология және табиғи ресурстар министрлігін дер кезінде хабардар еткен. Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр болса, қазіргі судың көлемі бес есе аз. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларымен су айдынының бүгінгі жағдайымен танысты.

Мамандардың мәлімдеуінше, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін судың деңгейі азайған. Министрлік тарапынан көрші елдермен келіссөздер жүргізіліп, шектік деңгейге жеткізбеудің амалдары жасалуда. Соның нәтижесінде қыркүйек айында судың мөлшері көбейеді, деген болжам жасауда.

Облыс әкімі Шардарадағы отыз мыңнан аса халық ауыз сусыз қалмау үшін алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бүгінде су таситын көліктер алдын ала дайындалған. Себебі шағын шаһардың тұрғындарына тіршілік нәрі су қоймадан тазартылып беріледі.

Шардара су қоймасының түбін тазарту жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары аясында су қоймасының түбінен сынақ материалдары алынып, шөгінділердің арақатынасын анықтау үшін зертханаға жіберілді. Ал шөгінділерді өңдеп, материал ретінде кәдеге жарату жаңа технологияларды қажет етеді. Айта кету керек, мұндай жұмыстар біздің елімізде алғаш рет жүргізілуде. Бұл оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын жою үшін жаңа серпін болмақ.

Айта кететіні, су қоймасы 1966 жылы салынған және көлемі бойынша елімізде үшінші орында. Шардара су қоймасының соңғы батиметриялық түсірілімі (тереңдіктегі бірдей сызықтар туралы деректерді жинау процесі) 1977 жылы жүргізілген, сол кезеңдерде су қоймасының көлемі 5,2 млрд.м3 құраған екен. Уақыт өте келе су қоймасының түбі біртіндеп шөгінділерге толып, су қоймасының көлемінің өзгеруіне әкеліп соққан (соңғы 55 жылда шөгінді тұнбасының көлемі шамамен 20% құрайды). Жаңа батиметриялық түсірілім су қоймасының нақты көлемін анықтау үшін жүргізілді.

Облыс әкімі Шардара қаласындағы «Шардара су электр станциясы» акционерлік қоғамына барды. Мұнда шығарылатын электр энергиясының 100% ішкі сұранысқа бағытталған. Өндірістік аумағы 2 гектар болатын кәсіпорын Қазақстан Республикасының оңтүстік аумағын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ете алады.

«Шардара су электр станциясында» 158 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 537 млн. кВт.сағат электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістанда Шауғар тұрғындарының мәселелері тыңдалды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті көшпелі кездесу аясында Шауғар секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...

Түркістан қаласы, Сауран секторында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылады

Бүгін Түркістан қаласының әкімі кезекті көшпелі кездесулер аясында Әзімбек Пазылбекұлы Сауран секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...