Мүгедектігі бар адамдарды кемсітуге болмайды

Түркістан қаласында мүгідектіге бар, еңбекке жарамсыз балалар мен ересек адамдарға барынша жағдай жасалуда. Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен жұмыспен қамтуды кеңейту мақсатында толымды жұмыстар атқарып келеді. Жалпы, елдегі жағдайға талдау жасайтын болсақ, жұмыс төмендегі деректердегідей өріледі.

Бүгінгі күні білім беру саласында ерекше білім беруге қажеттілігі бар 153 230 бала (54 311 мектепке дейінгі және 98 919 мектеп жасындағы) анықталып тексерілді, оның ішінде 47 мыңға жуығы мүгедектігі бар балалар екендігі анықталды.

Мәселен, мектепке дейінгі ұйымдарда ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 42 мыңнан астам бала тәрбиеленуде, оның ішінде 15 мыңнан астамы инклюзивті білім алуда. Орта білім беру ұйымдарында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 91,5 мыңнан астам бала білім алуда, оның ішінде 46 мыңға жуық бала инклюзивті білім алуда. 2020 жылы балабақшалардың 30 %-ы мен мектептердің 70 %-ында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалатын болады.

Бүгінгі күні жалпы білім беретін мектептердің 60 %-ында (7 014 мектептің 4 207-і), балабақшалардың 20 %-ында (6 115 балабақшаның 1 232-і) ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін жағдай жасалған.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында колледждердің 30 %-ында (821 колледждің 247-сі) ерекше білім беруге қажеттілігі бар 2 928 баланы оқыту үшін жағдай жасалған, оның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамдар – 2 192, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар – 736. 71 сурдоаудармашы, 37 тифлоқұрал енгізілді, 44 арнайы жұмыс оқу жоспары әзірленді, олар бойынша кадрлар даярлау жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда ЖОО-ларда ерекше мүмкіндіктері бар студенттердің саны 1 609 адамды, оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар студенттердің саны 85 адамды құрайды, 358 адам – екінші топтағы мүгедектігі бар адам, 1 151 адам – үшінші топтағы мүгедектігі бар адам, 15 адам – бала кезінен мүгедектігі бар адам.

119 ЖОО-ның 70-і (58,8 %) ерекше білім беруге қажеттілігі бар студенттерді оқыту үшін жағдай жасаған.

Сонымен қатар 2012 жылдан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түскен кезде мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген квота мөлшері 1 %-ды құрайды.

2018 жылы конкурс нәтижелері бойынша мүгедектігі бар 432 балаға білім беру гранты, оның ішінде білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезіндегі қабылдау квотасы шеңберінде 312 грант берілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050″ Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін жұмыс берушілер халықтың әлеуметтік осал топтарын жалақымен қамтамасыз етіп, оларды жұмысқа белсенді түрде тартатын жағдай жасау қажеттігі туралы атап өтілді.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар 411 мың адамның 27 %-ынан астамы (111,5 мың адам) жұмыс істейді.

Еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар адамдардың құрылымында мүгедектік топтары бойынша екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың (46 % немесе 191,9 мың адам) және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың (45 % немесе 186,4 мың адам) үлес салмағы қомақты, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың үлесі болмашы (9 % немесе 39,7 мың адам).

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды кеңейту мақсатында жұмысқа орналастыру квотасы қайта қаралды. Егер бұрын ол барлығы үшін 3 %-ды құраса, бүгінгі күні ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыскерлердің санына қарай және салалар бойынша 2-ден 4 пайызға дейін сараланған тәсіл жүзеге асырылуда.

Квота шеңберінде мүгедектігі бар 7,4 мың адам жұмысқа орналастырылды. Квота бойынша жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың ең көп саны білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көрсетілетін қызметтер салаларында, саудада, ауыл шаруашылығында және көлікте жұмыс істейді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде мүгедектігі бар адамдар халықтың басқа да осал топтарымен қатар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына басым тәртіппен қатысуға құқылы.

Бағдарламаға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар және біліктілігі жоқ, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар қатыса алады.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бағдарламаға қатысушылар құрамына мүгедектігі бар 18,9 мың адам қосылған, бұл Бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 2,8 %-ын құрайды, оның ішінде 16,6 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Жұмыс берушілерді мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға ынталандыру мақсатында 2018 жылдан бастап жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты шығындарын субсидиялау енгізілді.

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен олар құрған ұйымдардың мемлекеттік сатып алуға қатысу рәсімдерін автоматтандыру бөлігінде түзетулер күшіне енді. Аталған шара тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің және олар құрған ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.

Мемлекет кепілдік беретін арнаулы әлеуметтік қызметтер азаматтарға тегін, ал арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген қосымша көлемі ақы төлеу шартымен көрсетіледі. Бұл ретте стационар, жартылай стационар (күндізгі бөлімшелер), үйде күтім жасау, уақытша болу жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету нысанын таңдауға мүмкіндік берілген.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің желісі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 893 субъектіден тұрады.

Әлеуметтік қызмет көрсетудің басты қағидаттарының бірін сақтау – адамды отбасында қалдыру мақсатында мүгедектігі бар балаларға арналған күндізгі бөлімшелер желісін үкіметтік емес ұйымдарға (бұдан әрі – ҮЕҰ) аутсорсинг арқылы беру жолымен оны кеңейту; стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерді әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары етіп қайта құру бойынша жұмыс жолға қойылған.

2015 – 2018 жылдар кезеңінде:
қызмет алушылар саны 24,5 %-ға өсті (121 мың адам), оның ішінде қызмет көрсетудің ең көп саны үйде күтім көрсету жағдайында – 46,1 %, стационарлық ұйымдарда – 19,9 %;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың саны 893 бірлікке дейін ұлғайды (2015 жылы – 797), олардың ішінде басым позицияларды үйде қызмет көрсететін ұйымдарда ұстап отыр – 53 %, стационарлық үлгідегі ұйымдарда – 12,4 %, үкіметтік емес сектор ұйымдарында өсу серпіні байқалып отыр – 19,1 %.

Жұмыс істеп тұрған интернат ұйымдарының желісін деинституцияландыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және азаматтарды қауымға әлеуметтік бейімдеу мақсатында сыйымдылығы аз үйлерді дамыту басталды. Сыйымдылығы аз үйлер 8 өңірде: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, Шымкент және Астана қалаларында жоқ.

Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер жүйесінде кемсітушілік дефиницияларға жол бермеу мақсатында 2016 жылдан бастап медициналық-әлеуметтік мекемелер әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары болып қайта құрылды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес сектордың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету нарығына қатысуы 2009 жылы 4 ҮЕҰ-дан 2018 жылы 177-ге дейін ұлғайды.

Өмірде қиын жағдайдан шығу үшін жасалған жағдайлар мүгедектігі бар 748 баланы балалар интернат үйлерінен отбасына қайтаруға; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 867 ата-ананы жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде 30 мыңнан астам жұмыскер, оның ішінде 10 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді, олардың басым бөлігі – 79,8 %-ы үйде қызмет көрсету жүйесіне тиесілі.

Әлеуметтік қызметкерлер денсаулық сақтау, білім беру жүйесінде, ішкі істер пенитенциарлық жүйесінде, жастар мекемелерінде, бос уақытты өткізу мекемелерінде және басқа да салаларда жұмыс істейді.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптары бекітілген, оларда білім деңгейін ескере отырып орындалатын жұмыстар үшін білімнің, машықтар мен дағдылардың қажетті көлемі айқындалған.

2016 жылдан бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді, оның шеңберінде әлеуметтік жұмыскерлердің жалақысы орта есеппен 35 %-ға арттырылды.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту жүгінген әрбір адамның қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызмет көрсетудің барлық деңгейінде – стационарда, жартылай стационарда, уақытша болу ұйымдарында, үйдегі күтімде әлеуметтік жұмыстың жаңа сапасын болжайды.

Мүгедектікке қатысты қоғамды толғандыратын аса маңызды мәселелерді анықтау және міндеттер саласын түсіну үшін бірқатар әлеуметтік сауалнамалар тұрақты негізде жүргізіледі.

Қоғамдық пікірді зерттеу – мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту және құқықтарын қорғау бағдарламасы шеңберіндегі іс-шараларды жоспарлаудың маңызды факторларының бірі.

Қоғамдық пікірді сұрау нәтижелері мүгедектігі бар адамдардың қоғамның толыққанды мүшесі ретіндегі бейнесін қалыптастыруға бағытталған ағартушылық қызмет іс-шараларын түзетуге және толықтыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елде бұқаралық ақпарат өкілдерін (бұдан әрі – БАҚ) және басқа да заманауи ақпарат құралдарын тарта отырып, мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасы мәселелерін жария етуге бағытталған кең ауқымды ағартушылық қызмет жүргізілуде.

Соңғы үш жылда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 100-ден астам республикалық және өңірлік БАҚ тартылды, олардың беттерінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау мәселелері және олардың жетістіктері бойынша 24 мыңнан астам электрондық және баспа материалдары жарияланды.

«Хабар» республикалық арнасында «Сильные духом» тележобасы іске асырылды, ондағы сюжеттердің кейіпкерлері – беделді әрі айналасындағылардың құрметіне ие, өзінің достары мен жақындарына тірек болған мүгедектігі бар адамдар.

Мүгедектік проблемасы бойынша қоғамның сауатын арттыруда маңызды рөл ҮЕҰ-ға тиесілі, мүгедектігі бар адамдардың еңбегін көтермелеу үшін бірқатар сыйлықтар мен номинациялар белгіленген, бұдан басқа Қазақстан Республикасының аумағында қайырымдылықты және әлеуметтік қызметті, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қолдау үшін жүзеге асыратын коммерциялық ұйымдар мен жеке тұлғалар үшін номинациялар белгіленген.

Алайда мүгедектік, мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасы және олардың құқықтарын қорғау мәселелерінде қоғамның сауатын арттыруда деңгейі төмен екенін атап өту қажет. Жергілікті деңгейде жұмыс берушілер арасында мүгедектігі бар адамдарды кемсітуді жою бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы жеткілікті түрде жүргізіледі.

Бағдарламаларды, телебағдарламаларды, тәрбиелік-таныстыру сипатындағы бұқаралық іс-шараларды ілгерілетуді және санын көбейтуді жалғастыру қажет.

Лезде таралатын ақпарат пен жаңа технологиялар ғасырында осы шара Қазақстан халқын қамтуды және осы мәселе бойынша оның сауатын арттыруға көмектеседі. БАҚ пен ақпаратты таратудың басқа да заманауи құралдарының көмегімен мүгедектігі бар адамдардың қоғам өмірінің түрлі салаларына қосқан үлесі мен әлеуетін насихаттау қажет, бұл да мүгедектігі бар адамның жағымды бейнесін қалыптастыруға әсер етеді.

Ұлттық жоспардың мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың тұрмысын жақсарту жолында жұмылдырылған барлық тараптың үйлестірілген іс-қимылдарының стратегиясын, құрамын және дәйектілігін тұжырымдау.

Мыналар:
1) мүгедектіктің профилактикасы және алдын алу;
2) әлеуметтік оңалту және абилитация;
3) кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта;
4) білімге қолжетімділік;
5) мүгедектігі бар адамдардың экономикалық дербестігі және сапалы жұмыспен қамтылуы;
6) әлеуметтік қызметтер;
7) қоғамдық сананы жаңғырту негізгі бағыттар болып табылады.

Қазақстан Республикасында ұлттық деңгейдегі стратегиялық міндеттерді іске асырудың табысты тәжірибесі негізінде, сондай-ақ халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, қызметтің барлық бағыттары бойынша интеграцияланған тәсілді іске асыру шеңберінде ғана Ұлттық жоспардың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге болады.

Ұлттық жоспарды іске асыру:
1) мүгедектіктің профилактикасы бойынша нақты шаралар жүргізу жолымен бастапқы мүгедектікті төмендетуді;
2) білімге қолжетімділікті және білім берудің барлық деңгейлерінде (мектепке дейінгі, жалпы орта, жоғары) ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға білім беру сапасын арттыруды;
3) еңбек нарығында мүгедектігі бар адамдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және сапалы жұмыспен қамтуды;
4) тыныс-тіршіліктің барлық салаларында толық кедергісіз орта құру жолымен әлеуметтенуді және қоғамға толық интеграциялануды;
5) өмірде қиын жағдайда жүрген азаматтардың қажеттіліктерін саралауды ескере отырып, сапалы әлеуметтік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен атаулылығын;
6) үздіксіз кәсіптік білім беру және біліктілікті бағалаудың тәуелсіз жүйесі негізінде кәсіби кадр құрамын қалыптастыруды;
7) азаматтардың әлеуметтік мұқтаждықтарын ескере отырып, қызметтер көрсетудің сапалы нәтижесіне бағдарланған шығындарды басқару жүйесін енгізуді;
8) әлеуметтік қызмет көрсетудің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қажеттіліктер мен шығындарды тұрақты және жан-жақты талдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатында халық денсаулығын нығайту үшін шаралар қабылдануда. Сырқаттанушылықтың алдын алуда профилактикалық іс-шаралар ерекше рөл атқарады.

Қазақстан халқының мүгедектік алу деңгейін төмендету мақсатында тиімді алдын алу, диагностика және ерте араласу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Ол үшін:
1) профилактика мақсатында сырқаттанушылық пен мүгедектікті (балалар мен ересектерде) ерте анықтау бойынша шараларды күшейту;
2) мүгедектікті болдырмау үшін созылмалы ауруларды басқару бағдарламасын (АББ) кеңейту;
3) ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық оңалту көмегі желісін кеңейту қажет.

Көрсетілген шараларды іске асыру нәтижесінде мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізілетін болады:
жүргізілген скринингтік зерттеулердің жалпы санына қатысты ауруды ерте диагностика (скрининг) кезінде анықтау;
2025 жылға қарай 10,0 мың тұрғынға шаққанда алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткішіне қол жеткізу – 28 %;
пациенттерді АББ-мен 100 % қамтуға қол жеткізу;
жаңа стандарттар бойынша аккредиттеуден өткен оңалту орталықтары – 100 %.

Мүгедектігі жоқ, табысы төмен егде жастағы адамдарды ассистивті құралдармен (есту аппараттарымен, кресло-арбалармен, жүріс арбаларымен, балдақтармен, коммуникацияның көмекші құралдарымен, протездермен, таблеткаларға арналған органайзерлермен, еске салу құралдарымен және басқа да құралдармен) оларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосу жолымен қамтамасыз ету ұсынылады.

АББ – бұл денсаулық сақтау шығындарын азайтуға және интеграцияланған көмек арқылы аурудың салдарын болғызбау немесе азайту жолымен созылмалы аурулары бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бағдарлама. АББ үйлестірілген медициналық араласулар мен коммуникацияларды қамтиды және жекелеген адамдарға басқа медициналық қызмет көрсетушілермен бірге өз ауруын басқаруға және асқынуларды болғызбауға мүмкіндік береді.

АББ-ны енгізу жұқпалы емес созылмалы аурулардың алдын алу және олармен күрес мәселелерінде, пациенттердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін арттыруда, медициналық персоналдың өзара іс-қимылын жақсартуда және ықтимал асқынуларды немесе жай-күйдің ауырлауын болғызбауға бағытталған қолда бар барлық ресурсты пайдалануда елеулі өзгерістер қажеттігінен туындады.

Жүргізіліп жатқан медициналық оңалту қазіргі уақытқа дейін мүгедектіктің алдын алу және оның профилактикасының өзара байланысы белгіленбегенін көрсетеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, медициналық оңалту бойынша жоспарланған көрсеткіштер 84 %-ға орындалуда, бұл белгілі бір дәрежеде аудандық (қалалық) ауруханалар жанындағы медициналық оңалтудың стационарлық, амбулаториялық-емханалық бөлімшелер, мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталықтары санының жеткіліксіз болуына байланысты.

Оңалту іс-шаралары тиімділігінің төмен болуы ересектер арасында (9,8 %) да, балалар арасында (0,7 %) да ішінара оңалту көрсеткіштерінен көрінеді.

Осыған байланысты амбулаториялық-емханалық медициналық ұйымдардың базасында қажеттілігі ерекше (тірек-қимыл аппараты бұзылған және т.б.) балаларды оңалту кабинеттерін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен емдеуді қоспағанда, ауылдық амбулаториялар базасында қажеттілігі ерекше балалар үшін оңалту спектрінің қызметтерін (физиотерапиялық көрсетілетін қызметтер, массаж және т.б.) көрсетудің маңызы зор.

Мүгедектікті анықтау мен белгілеу тәсілдерін қайта қарау мәселесі және мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен қолдаудың неғұрлым кешенді тәсілін қамтамасыз ету үшін мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен қолдаудың барынша кешенді тәсілін қамтамасыз ету үшін Тыныс-тіршілік пен денсаулықтың қызмет етуінің, шектелуінің халықаралық сыныптауышының (сақтандыру элементтерін енгізу, білім беру, жұмысқа орналастыру) терминологиясын біртіндеп қатар пайдалану мүмкіндігі қаралуда.

Сурдопедагогтердің жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, жұмыс істеп тұрған 40 сурдологиялық кабинеттің (19 балалар, 12 ересектер және 9 аралас кабинет) 13 кабинетінде (32,5 %) ғана өздеріне жіберілген пациенттерді тереңдетілген аудиологиялық тексеруге және есту-сөйлеуін оңалтуға қатысатын сурдопедагогтер бар.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту мен абилитациялаудың кешенді тәсілін іске асыру оларды қоғамға толыққанды интеграциялау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді, ол мыналарды қамтиды:
1) қажеттілік түрлері бойынша әлеуметтік оңалту стандарттарын әзірлеу және енгізу (тіршілік әрекетінің шектелу түрлеріне байланысты);
2) жеке қажеттіліктер негізінде ОТҚ-мен және әлеуметтік оңалту қызметтерімен қамтамасыз етудің кешенді тәсілін іске асыру;
3) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталын енгізу арқылы ОТҚ таңдау құқығын және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету;
4) әлеуметтік оңалту орталықтарының инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын дамыту.

Әлеуметтік оңалту және абилитациялау тиімділігінің нысаналы индикаторлары:
оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ОТҚ-мен қамтамасыз етілу;
мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің толық спектірін ұсыну.
Әлеуметтік оңалту негізінде қажеттілігі ерекше адамдардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру, олардың тіршілік әрекетінің барлық аспектілеріне толық тартылуын қамтамасыз ету және қосу жатыр. Бұл міндетке елдегі әртүрлі ұйымдар мен мекемелер кешенді оңалту мен абилитациялық қызметтер көрсеткен кезде ғана қол жеткізуге болады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік оңалту мен абилитациялау стандарттарын әзірлеу және енгізу осындай қажеттілік туындауы ықтимал барлық адамдар үшін осы қызметтерді көрсетудің тең-жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

x

Check Also

Түркістан облысындағы 900-ден астам мектеп ғаламтор желісіне қосылған

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді. Спикердің сөзінше, Түркістан облысындағы 1 082 орта ...

Түркістан облысында биыл заңды тұлғалар үшін электр энергия тарифі 12,4%-ға төмендетілді

Мемлекет басшысының электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды алып тастау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 2024 жылғы 1 мамырдан бастап заңды ...