Тегін медициналық көмекке кепілдік беріледі

Түркістанда жоғары технологиялық медициналық көмекке (ЖТМК) қолжеткізуін арттыру үшін 2022 жылы 2,725 млрд теңге сомасына 155 қызмет көзделген. 2021 жылы – 4,281 млрд теңге сомасына 94 ЖТМК көрсетілді.

Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – ел халқын дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету. Осы мақсатта Бірыңғай дистрибьютор СҚ-Фармация амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету аясында 173 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттарды сатып алды, бұл ретте өңірлерге сатып алынған дәрілік заттардың 45%-ы жеткізілді, ал стационар деңгейінде 165 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алды, бұл ретте сатып алынған көлемнен өңірлерге 39%-ы жеткізілді.

Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарында, оның ішінде босандыру және жансақтау қызметтеріне оларды медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жабдықтау бойынша түгендеу жүргізілді. Медициналық техникамен жабдықтау 83,3%-ды құрады, техниканың 51%-ы тозған. Түркістан облысы бойынша медициналық техникамен жабдықтау 84%-ды, мұнда техника 24 %-ға тозған.

Сонымен қатар 2022 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын сатып алу үлесін 40%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешу үшін мынадай шаралар көзделген: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосу, оның ішінде Big Pharma (Roche, PFIZER және басқаларды) тарта отырып, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні (FDA) дамыту (Нұр-Сұлтан қаласындағы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының жанынан зертхана салу), отандық фармацевтикалық өнімдердің сапасын арттыру, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы процестерін цифрландыру (өтініш беруден бастап олардың айналымға шығуына дейін), дәрілік заттарды таңбалау мен оларды қадағалауды енгізу (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап).

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылып жатыр. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 16,1 млн адам тіркелген, бұл біздің ел халқының 83,6%-ын құрайды.

Бұл ретте 3,15 млн адам әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр, көрсеткіш Түркістан облысы бойынша бұл 463,9 мың адамды (22,2%) құрап отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асырудың арқасында 2021 жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыру 4%-ға, оның ішінде:
— профилактикалық медициналық қарап-тексеру 2 есе;
— консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе;
— стационарлық көмек 1,2 есе;
— жоғары технологиялық медициналық қызметтер 2,2 есе ұлғайтылды.

Сондай-ақ КТ, МРТ және ПЭТ қымбат тұратын зерттеулер санының ұлғайғаны байқалады. Одан басқа, соңғы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының есебінен жаңа қымбат тұратын технологияларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылданды.

Атап айтқанда:
— Гамма-пышақты қолданумен радиохирургиялық емдеу әдісі;
— ретинобластома кезіндегі селективті интраартериялық химия терапия;
— омыртқаның тері арқылы транспедикулярлық фиксациясы;
— омыртқа денесінің транспедикулярлық пластикасы;
— түзету тибиалдік остеотомия;
— және радиозотоптық диагностика қызметтерінің 18 атауы бойынша.

2022 жылға дейінгі міндеттер:
• Сақтандырылмаған халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеудің баламалы тетігін енгізу арқылы медициналық сақтандырумен қамтуды кеңейту (жарналар 12 айға аударылуы тиіс);
• 2023 жылдан бастап медициналық қызметтердің сапасы мен сервисін арттыру, инвестицияларды ынталандыру мақсатында тарифті толықтыру (негізгі құралдарды жаңартуға шығыстарды қосу).

2022 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерге 67 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғы шығындардан 14 млрд теңгеге көп (КВИ бойынша шығыстарды есепке алмағанда).

Жалпы 2022 жылы денсаулық сақтау жүйесінің алдында мынадай бірқатар басым міндеттер тұр:
• «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңды іске асыру;
• Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау;
• «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру;
• Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қабылдау;
• Қылмыстық-түзету жүйесінің медициналық қызметін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру.

Сондай-ақ биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын әзірлеу және оны іске асыруды бастау жоспарланған.