- Ұйқы- адамның физикалық қажеттіліктерінің бірі.Ғалымдардың айтуынша адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді. Адам бойына күш-қуат, жігер беріп, шаршағанды басып, жүйке жүйесін тынықтыруда ұйқының маңызы жоғары.
Балаларға күніне 9 — 10 сағат ұйқы жетсе, ал ересектерге 6 — 7 сағат ұйықтаған пайдалы.Түскі мезгілде де бір сағат мызғып алу адам жүйкесінің тынығуына оң септігін тигізеді.Америкалық медицина академиясының зерттеулеріне сүйенсек, шамадан тыс көп ұйқы диабет, жүрек ауруларына шалдықтыруы және артық салмақ қосуға әкелуі мүмкін. Одан бөлек, ғалымдар күніне 7 сағаттан артық ұйықтайтындар ерте қайтыс болатын адамдар қатарына жатады дейді.
Көп ұйықтау адамның жүрек жұмысын нашарлатады,ағзасын әлсіретіп, есте сақтау қабілетін төмендетеді. Сергектік қашып, бас ауруы пайда болуы мүмкін дейді. Сонымен қоса, шамадан тыс ұйқы уақытты тиімді пайдалануға да мүмкіндік бермейді.
Дұрыс ұйықтап, деннің саулығын сақтау үшін адам күніне 6-7 сағат ұйықтауға дағдылануы керек. Уақытында ұйықтау шартты релекс сияқты әдетке айналуы қажет.Дұрыс ұйықтай алмайтын жандар ұйықтау қабілетін жоғалтқан жоқ, тек дағдыға айналдырып алған.
Ұйықтаудың бұзылуы тамақтануға тікелей байланысты. Тойып ішкен тамақтан соң адам өте мазасыз ұйықтайды. Және ащы шай мен кофе де уақытында ұйықтауға кедергі келтіреді.
Күнделікті жатар алдында бөлмені желдетіп, ауасын тазартып, бөлме температурасын қатты ыстық та суық та еместігін бақылап ұйықтаған дұрыс. Француз ғалымдарының айтуынша,ұйықтарда жататын жайлы орынның да маңызы зор. Сонымен қатар жамылатын көрпе де үлкен рөл атқарады. Оның жеңіл, ауа өткізетін жұмсақ, икемді, оралымды болғаны абзал. Ауыр көрпе зілдей басып, қан айналуын нашарлатады.Салдарынан ауа еркін өтпей, дене қатты қызады.
Дегенмен, адамның үйреншікті әдеті бәрінен де жоғары. Қызба, ашушаң, ызақор адамдар және кішкене балалар қараңғы үйде ұйықтай алмайды. Сол себепті оларға жарық жағып қою керек. Оның ешбір зияны жоқ. Кейбіреудің ұйықтар алдында кітап оқитын әдеті бар. Осының бәрі дәрісіз ұйықтауға арналған жаттығулар.
Әр адамның организмі әртүрлі. Соған сәйкес, ұйықтар алдындағы әдеттері де әрқалай болады
Дегенмен, пайдалы әдеттерді күнделікті дағдыға айналдырған дұрысырақ.