ӘЛИХАН СМАЙЛОВ- ТҮРКІСТАНДА

Қараша айында сыбайлас жемқорлардан алынған ақша мектеп құрылысына бағыттала бастайды – Әлихан Смайылов
Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Кеңесте облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі ағымдағы ахуал, негізгі экономикалық көрсеткіштер мен инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады. Сонымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, бірінші энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков, ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай және оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдап болғаннан кейін Премьер-Министр биыл облысты дамытуға республикалық бюджетте 367 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылғанын атап өтті. Бюджетті нақтылау кезінде тағы 100 млрд теңге бөлінді.
«Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды, сондықтан жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Премьер-Министр қазіргі уақытта кесене айналасында қарқынды құрылыс жүріп жатқанын, оған келушілер саны да едәуір артқанын атап өтті. Осыған байланысты әкімдік ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын қатаң сақтауы керек.
Экономикалық мәселелерге тоқталған Әлихан Смайылов азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін бірінші кезекте өңірдің дамуына серпін беретін жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөнінде шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Мәселен, биыл облыста 33 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек 1,9 трлн теңгеге тағы 74 жоба талқыланып жатыр.
«Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Облыс әкімдігі жоспарланған жобалардың барлығын мерзімінде әрі сапалы іске қосуды қамтамасыз етуі қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр азық-түлік тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық қолда бар нарықтық механизмдерді тиімді пайдалану, облыстың инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізу, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірдегі оқушы орындарының санын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат енді мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады», — деді Премьер-Министр.
Кеңесті қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін нақты қадамдарды белгілегенін еске салды. Олардың ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейту, пайдаланылмаған жерлерді қайтару, жаңа мектептер салу, ауыл медицинасын жаңғырту және т.б. бар.
x

Check Also

Түркістандағы «Жасыл белдеуде» ағашты күтіп-баптау, толықтыру жұмыстары жүргізілуде

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында күзгі тал егу, тазалық жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгін экологиялық шара аясында ауқымды сенбілік өтті. ...

Түркістан: «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тапқан ерекше жобалар жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, ...