«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысушы шабандоздар Түркістанға жетті (видео)

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысушы шабандоздар киелі Түркістан шаһарына жетті,-деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

12 күн бұрын Елордадан басталған аламанға қатысушылар 1200 шақырымды бағындырып, Түркістанда түйіндеді. Ұлттық спортты ұлықтап, тақымында тұлпар ойнатқан шабандоздарды жанкүйер қауым ыстық ықыласпен қарсы алды.

Биыл алғаш рет өткен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде мәре сызығынан бірінші болып Жамбыл облысының жүйрігі өтті. Қордайдың аузымен құс тістеген қылқұйрығы алдына қара салмады.

Дарын Саймасаев, Жамбыл облысының шабандозы:
— Бәрі айтқан негізі таза қанды аттармен ұзаққа бармайды деп. Біз 600 шақырымнан екі рет өттік, екеуінде де таза қанды аттармен өттік. Жүйрік аттармен қатыстық. Бесеу болдық басында, қазір үшеуімен кірдік. Екі ат аяғы ақсап, ойыннан шығып кетті.

Ал Түркістан облысының тұлпары мәре сызығын екінші болып кесті. Созақтық Исатай Бауыржанұлы тақымдаған сәйгүлік те бабы мен бағы қатар шапқанын көрсетті. Жалпы дүбірлі додада Түркістан облысының намысын бірыңғай Созақ ауданының шабандоздары қорғады.

Исатай Бауыржанұлы, Түркістан облысының шабандозы:
— Өз қиыншылығы мен қызықшылығымен жақсы өтті. Ұлытаудың тауында тас ең қиыны сол жер болды. Аттар тағаланған соның арқасында жайлап өттік. Ешқандай жерде ат жетектеген жоқпыз. Екеуі де жақсы келді. Бұл мықты аттардың шығуына, балалардың шынығуына, мықты болып өсуіне себеп болады.

1200 шақырымды 12 күнде бағындырған батырларды Түркістан төрінде ел құрметпен қарсы алды. Әр команданың өз жанкүйерлері шабандоздарына қолдау көрсетті.

Үшкемір Әбиталиев, жанкүйер:
— Ат үстіндегі жігіттеріміз кішкентайынан ат үстінде, ат жалын тартып мінген азаматтар. Әрине оларға оңай болған жоқ. Көлікпен жүргенде де 1200 шақырымды қазіргі жігіттер шарап қалып жатыр. Бұл жігіттер жігіттің жігіті деп есептеймін.

Елорданан басталған дүбірлі додаға еліміз бойынша 19 аймақтан 200-ге жуық сәйгүлік қатысты. Әр команда марафон-бәйгеге бес аттан қосып, 600 шақырымнан кейін аттарды ауыстырып отырды. Олар күніне 100 шақырымды бағындырды. Сайыстың соңғы күні 4 команда ғана жарыс жолын жалғастырып, Түркістанға жетті. Олар – Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Жамбыл облыстарының шабандоздары. Алайда ұйымдастырушылар уақыттың тығыздығына байланысты биыл шабандоздардың жақсылап дайындалуына мүмкіндік болмағанын айтады.

Бақытжан Тұрлыбеков, жоба авторы:
— Біз неге асықтық, себебі біз қыркүйек айында өткізіп жібермесек, астана жақта қыс түсіп кетеді, суық болады. Асығыс өткізгеніміз сол. Бұл пилоттық жоба. Біз келесі жылдан бастап, жылы өңірлерде көктемнен бастап, әр аймақта өткізетін боламыз.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
— Біздің еліміздің ұлттық кодын оятатын жобаның біреуі деп айтуға болады. Тактиканы жігіттердің бәрі үйренді. Қалай жүру керек соның барлығын есептейді деп ойлаймын. Сондықтан бұл еліміздің мақтан тұтаын үлкен жоба ретінде қабылдаймыз. Дүниежүзілік ашық чемпионат жасасақ болады дп ойлаймын. Себебі Моңғолиядан да, Түркиядан да, Қырғызстан, Өзбекстаннан да келіп қатысады деп мен ойлаймын.

Қазақтың қазанатын дәріптеп, жылқының ұлтымыз үшін қастерлі жануар екенін дәлелдейтін жобаның жеңімпаздары Түркістанда анықталды. Командалық есеп бойынша, 1200 шақырымды қысқа уақытта еңсерген Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасы көшпелі бәйгенің жеңімпазы аттанды. Ұзақ жолға мойымаған шын мықтылар 24 млн теңгенің сертификатын иеленді. Екінші орын Жетісу өңірінің «Жетісу» командасына бұйырды. Оларға 12 млн теңге жүлде тарту етілді. Ал Түркістан облысының «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн теңге сыйақыны қанжығаларына байлады. Жарысты ұйымдастырушылар ұлттық спортты жаңғырту арқылы халықтың рухын көтеруге болатынын айтады.

x

Check Also

Ордабасы ауданында 140-қа жуық отбасы баспанамен қамтылады

Бүгін Ордабасы ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шара аясында журналистер алдымен Темірлан ауылында ашылған 250 орындық спорттық сауықтыру кешенін ...

Ордабасы ауданында биыл 40 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған

Ордабасы ауданында 2024 жылдың 11 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 153,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,7 ...