Шардаралық қожалық 1600 тонна өнім жинады (видео)

Шардаралық шаруалар ішкі нарықтағы бағаның тұрақтануына да өз үлестерін қосып келеді. Аудандағы Юри Ан басқаратын «Тұрар» шаруа қожалығы егіс басынан жуаның келісін 120 теңгеден беріп жатыр екен. Енді сәбізі мен картобын термек. Қожалық егін егуде заманауи техника көмегімен тиімді тәсілді қолданады екен. Соның арқасында жыл басынан бері 1600 тонна өнім жинаған. 18 ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтылса маусымында 100 адамға дейін терімге қатысады, деп хабарлайды «Ońtústik» телеарнасы

Қожалық егін егуде заманауи техника мен технология қолданылады. Шардара теңізінен наонспен тартылатын ағын су да тамшылатып суарылады. Дайын өнімді де техника жинайды. Соның арқасында еселеп өнім алып отыр. Алайда биылғы аптапты ыстыққа байланысты уылжып піскен пиязды қолмен жинап жатыр екен. Өйткені техника жерден аршып кеткен көкөністі күн ұрып кетіпті.

Қожалықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дей тұрғанмен ерте көктемнен бастап қара күзге дейінгі маусымда тағы 100 адам күші тартылады. Ерте көктемде қарбыз жинайды, шөп шабады, енді қолмен пияз теріп жатыр. Егін алқабында жүргендердің дені жастар. Ерінбей еңбек етсе күндігіне 10 мың теңгеден асырып табыс тауып жатыр екен.

Қожалық пияз еккен жерге бес жылға дейін басқа өнім екпейді. Жылда тыңайтқышын тастап өңдеп отырады. Теңіз жаңасындағы қыр жерге ерте көктемде пленка астына бақша өнімдерін егіп, оның алдын ресейге экспорттаған. Бұған дейін бақша мен мақта, көкөніс егіп жүрген қожалық биыл картоп отырғызып көріпті. Шығым жаман емес дейді шаруа.

Шардара ауданының жалпы жер көлемі 1 миллион гектардан асып жығылады.Оның 15 мың гектарына мақта егілген, 8 мың гектар алқапта бақша бар. 600 гектар жерге күріш себілген. Оны да өздері өңдеп экспорттап жатыр.

Шардара ауданында жалпы 5 мыңнан астам шаруашылық тіркелген. Оның 56-сы ірілеенген өндірістік кооператив. Шардаралық шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінген 3120 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайды 2 оператор жеткізіп беріп жатыр. Тапшылық жоқ, дейді дихандар.