Қажы атаның қайсарлығы

Ордабасы пробациясында тіркеуде тұрған жиырмадан аса сотталғандар аты әлемге танылған спортшы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі жайында қойылған спектакльге қатысты.
Биылғы жылы даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай республика көлемінде мерекелік шаралар аталып өтілуде. Соның бірі Ордабасы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен белгілі режиссер Ғазиз Арыновтың қойылымымен «Қажымұқан» атты спектакль өткізілді.

Аталған көріністе балуанның бала кездегі бейнесі де сомдалған. Қажымұқан әлемді өзінің күшімен таңғалдырған қарапайым қазақ баласы. Ұлтын бүкіл әлемге танытқан алғашқы спортшы, күш атасы. Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Қараөткел деген ауылда дүниеге келген. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданып жұмыс істеп ер жетеді. Той-томалақтарда күреске түсіп елге көрініп, «бала балуан» деген атқа ие болады. Байға жалданып, күн көріп жүрген бала Мұқанға жұмыстың ауыры жоқ еді. Мұқан арбаны да өзі сүйреп, ауыр қапты да бұйым көрмей ұршықша иіріп әкеткен. Ауыл адамдары оны баламен де, үлкенмен де белдестіріп, қызықтап, халық оны «бала балуан» деп еркелете бастаған. Алып күштің иесі бала кезінен-ақ бөлектеніп тұрды. Жауырыны қақпақтай, қолы күректей, еңгезердей ер жігіт болып жетіле берді. Сөйтіп, ешбір қазақтың табаны тимеген әлемнің 28 елін аралап, өнер көрсетіп, өзіне қаратты. Ешбір қазақ тақпаған 56 алтын мен күміс медальды кеудесіне тақты. Әлемнің ең мықты балуандарымен белдесіп, жеңді. Жауырыны жерге тимеді, қазақты мойындатты. Міне, атақты күш атасы Қажымұқанның күреске толы өмір жолы осындай болды.

– Бүгін біз пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарды осы спектакльді көруге арнайы ертіп келдік. Сотталғандарды мұндай қойылымдарға ертіп келудегі мақсатымыз – қылмыс жасап, қоғамнан шеттетілген адамдарды қоғамға бейімдеу болып табылады. Олар өздерінің балуан аталарынан үлгі алып, өздерінің жасаған қылмысын келешекте қайталамаса екен дейміз. Алып күш иесі жайында сөз қозғар болсақ, Қажымұқанның арғы аталары да қарулы, айбатты батырлар болған деседі. Қажымұқан Қобыланды батырдың 11-ұрпағы деген де деректер бар. «Алып анадан туады» демекші, балуанның анасы да, әжесі де осал болмаған. Анасы Қабира батырдың ұрпағынан еді. Анасы Мұқанға дейін өмірге Асан және Үсен есімді егіз ұл әкеледі. Дегенмен егіздердің көрер жарығы аз болып, екеуі бірдей белгісіз аурудан шетінеп кетеді. Анасы қатты ауырып, біраз жыл құрсақ көтермейді. Әжесі ­Айсары келіні «құрсақ көтерсін» деп Алладан тілек тілеп жүріп өмірге Мұқан келеді. Алпамсадай баланы босану анасы Қабираға өте ауыр болып, бірнеше күн толғатып, әбден әлсіреген ана босану кезінде көз жұмады. Осылайша, шыр етіп дүниеге келген Мұқан ана сүтіне қанбай, мейірімін көрмей, жетімсіреп қалады. Анасы қайтыс болып кеткендіктен бала Мұқан әжесі Айсары мен әкесі Мұңайтпастың тәрбиесінде өседі. Бала кезінен өте ірі болған Мұқан 6 жасынан бастап әкесі Мұңайтпасқа еріп, жалшылықпен күн көреді. Қажымұқан небәрі 12-13 жасында вагон сүйреуден орыстың 6 бірдей мұжығымен жарысқан. Сөйтіп, Мұқанның мұндай өнері ел ішінде аңыз болып тарай береді. Уақыт өте келе жалшылық өмір алып күш иесіне тым таршылық етеді. Ол үлкен өмірді көргісі келеді. Осындай ізденіс кезеңінде «цирк» деген сиқыр әлемі туралы естіп, көргенше асығады. Бұл өнер балуанның өмірін түбегейлі өзгертеді. Алдымен ол өнер шаңырағының ат қорасында жұмысшы болып еңбек етеді. Сөйтіп жүріп француз күресінің қыр-сырын меңгере бастайды. Сол уақытта аренадағы атақты әрі ең мықты балуан орыстың Андрей Злобині еді. Боз кілемде қарсы келгенді сұлатып, бұлшық еттерін ойнатып қоймаған палуанды көргенде қазақ батырының делебесі қозады. Осылайша, Мұқан Злобинмен бақ сынап көруге шаршы алаңға шығады. Ұзақ айқасады. Сонда Злобин Мұқанның табиғи күш-қайратын мойындайды. Сөйтіп, оған осы өнерді кәсіби түрде жалғастыруына кеңес беріп, тіпті тиісті жерге хатын жазып, жолын ашып берген екен. Міне, қазақтың күш атасының осындай шеберлігінің бейнесін осы көріністе тамашаладық, – деді Ордабасы аудандық пробация қызметі бөлімінің инспекторы әділет капитаны Ержан Темірханұлы.

Пробация есебінде тұрған азаматтар да «Қажымұқан» көрінісін таңдана тамашалады. Олар өздерінің батыр әрі балуан бабаларының өнерін өз көзімен көргендей әсерде болды.

– Мен, шынымды айтсам, Қажымұқан бабамыз жайындағы спектакльді алғаш рет көруім. Маған қатты ұнады. Алып күш иесінің өміріне еніп, қасында жүргендей күй кештік. Қажымұқанның әлемдік деңгейдегі балуан болып қалыптасуына Санкт-Петербургтегі Иван Лебедевтің күрес мектебі сеп болды. Ел арасында «дядя Ваня» аталып кеткен бапкерге балуан 1904 жылы келеді. Қыр бозбаласы білікті маманнан екі жыл дәріс алып, шеберлігін шыңдайды. Әлемдік деңгейде алғаш рет 1906 жылы көрінді. Осы жылы Германияда өткен дүниежүзілік сайыста қазақ ­балуаны өңіріне әлем чемпионының алтын медалін таққан. Алайда патшалық Ресейдің сықиған ­саясаты қазақ ­палуанын өз ­атымен атауға рұқсат бермеген. Қажымұқан байрақты бәсекелерде түрлі лақап атпен шығуға мәжбүр болып «Ямагата Муханури», «Қара Мұстафа», «Черный Иван» секілді лақап аттарымен күресіп, талай-талай айдарынан жел ескен жампоздарды жер жастандырған. Африканың «Қара батырымен» айқасып, жапонның «Саракикиімен» белдесіп, түріктің «Нұрлысымен» тіресіп ең «мен» деген жуан жұдырықтылармен күрескен. Қажымұқан 1912 жылы Ыстамбұл қаласында атақты атышулы түрік балуаны Нұрлысымен кездесіп, оны жеңгеніне қатты қуанған түріктің бай манаптары Мұқанды өз қаражаттарымен Мекке, Медине сапарына алып барып, Қажы атағын алып бергені мені де қатты қуантты. Осындай балуан бабамыздың өмір-тарихы және ерлігімен танысуға мүмкіндік берген Ордабасы пробация қызметінің қызметкерлеріне алғысымды айтамын, – деді пробация есебінде тұрған азамат.

Раушан НАРБЕК
«Ана тілі» газеті (14.10.21)

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...