Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Президент тапсырмасына сәйкес республика көлемінде салынатын бір мың жаңа мектептің 101-і, яғни, әрбір оныншы мектеп Шымкент қаласында бой көтеретінін мәлімдеді.
«Ағымдағы жылы 32 мектептің құрылысы жүргізіліп, 11 764 орындық 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп, 14 үш ауысымды мектептер саны 9-ға дейін азайды. 2025 жылы қалада үш ауысымды және мектебі жоқ шағынаудандар мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен бірге, қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы басталды», — деп атап өтті шаһар басшысы.
Адами капиталды дамыту шеңберіндегі жұмыстарды баяндаған қала әкімі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастарымыз үшін спортпен шұғылдануға жағдай жасалып жатқандығын жеткізді. Осы орайда биыл 115 ойын және спорт алаңшасы салынып отырғандығын, спорттың 14 түрі бойынша 10 мыңға жуық бала тегін спорттық секциялармен қамтылғанын атап өтті.
Мектеп оқушылары арасында Жастар лигасы өткізіліп, спорттың 4 түрінен 8 мыңнан астам оқушы қатысқандығын айтты. Жазғы Олимпиада ойындарында 2 спортшымыз қола жүлдегер атанса, бір спортшымыз бокстан әлем чемпионатында күміс медальға ие болғандығына тоқталды.
Спорт инфрақұрлымын дамытуда 3 нысан, оның ішінде «Металлург» стадионын қайта құрылымдау, қалалық №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат салу, жеке инвестор есебінен заманауи ипподром құрылысын жүргізу жобалары енгендігін атап өтті.