Түркістан: Майтөбе ауылында жаңа медициналық нысан ашылды — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістан: Майтөбе ауылында жаңа медициналық нысан ашылды

Республика күні мерекесі қарсаңында Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында тұрғындар игілігіне арналған жаңа медициналық нысан салтанатты түрде ашылды.

Адам денсаулығы – қоғамның басты байлығы. Ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталған бұл нысанның ашылуы – ауданның денсаулық сақтау саласындағы маңызды жетістіктерінің бірі.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ол халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Жаңа медициналық нысанның мүмкіндіктері:
▪️ Майтөбе ауылындағы 5 666 тұрғынға медициналық қызмет көрсетуге арналған;
▪️ Қабылдау қуаттылығы – бір ауысымда 45 келуші;
▪️ Емдеу бөлімі 4 төсек-орынмен жабдықталған;
▪️ Мұнда 5 дәрігер, 13 орта буын және 2 кіші буын медицина қызметкері еңбек ететін болады.

Жаңа нысан ауыл тұрғындарына медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге, аурулардың алдын алуға және халық денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалы Сәрсен Байсейітов ақ батасын беріп, игі бастамаға ізгі тілегін арнады. Ақсақал ел амандығын, ауылдың өркендеуін және жаңа нысанда қызмет атқаратын медицина мамандарына абырой мен табыс тіледі.

Рәсім аясында жаңа ғимараттың лентасы қиылып, қатысушылар медициналық нысанның жұмыс жағдайымен танысты.

Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа нысан халық денсаулығын қорғау жолында қызмет ететін болады.

Түлкібас аудандық орталық ауруханасы халық денсаулығын сақтау жолындағы игі бастамалардың жүзеге асуына әрдайым қолдау білдіреді. Еліміз аман, халқымыз саулығы мықты болсын! Жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, талай жанның алғысына бөленсін!

Республика күні құтты болсын! Еліміз өркендеп, халқымыздың денсаулығы нығая берсін!

x

Check Also

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...

Ордабасының мақтанышы – әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

Қытай Халық Республикасының Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ордабасы ауданының тумасы Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанып, Қазақстан ...