Спектакль көрермендерінің саны артты — Xnews — ақпарат агенттігі

Спектакль көрермендерінің саны артты

Мәдениет қаланың рухани келбеті, ал өнер ұлттың үні. Шымкентте жыл басынан бері мәдени-көпшілік және ресми бағытта 4 мың 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 миллионнан астам адам қатысты. Ал, театр сахналарында жаңа қойылымдар көрерменге жол тартса, кітапханалар мен музейлерде танымдық жобалар жүзеге асты.

Үшінші мегаполисте мәдениет саласындағы жетістіктер аз емес. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы тоғыз айда театр сахналарында 22 жаңа спектакльдің тұсауы кесіліп, 846 қойылым мен 14 концерт ұйымдастырылған. Сахна өнерін тамашалаған көрермендер саны 157 мыңнан асты. Дегенмен, мәдениет саласында шешімін күткен мәселе де бар. Қалада бір мезетте 30-40 мың көрерменді қабылдай алатын ірі концерттік алаң жоқ. Сондықтан шетелдік танымал әншілер мен әлемдік жұлдыздардың концерттерін өткізуге мүмкіндік шектеулі.

Бауыржан Орынтаев, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы: «Енді үшінші мегаполиспіз. Астана, Алматымен салыстырғанда біздің ондай шетелдік әншілерді әзірге қабылдауға әлеуетіміз жетпейді. Себебі оларды қабылдау үшін бізге 30 мыңнан 40 мыңға асатын адам қабылдайтындай мүмкіндігі бар жер керек. Енді білесіздер, стадион салынып жатыр. Шымкент Арена жоспарда бар. Солардың барлығы алдағы уақытта жоспары бойынша іске асса, мен ойлаймын, қаламызға сондай шетелдік танымал жұлдыздар келеді деп».

Өңірде сапалы мәдени іс- шараларды ұйымдастырумен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де басымдық берілген. Жыл басынан бері тілдерді оқыту орталығында 111 оқу тобы жасақталып, 1 290 адам арнайы курстарға қатысқан. Оның 679-ы қазақ тілін меңгеріп жүр. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі жарнама тақтайшаларына да мониторинг жүргізіліп, бірқатар кемшілік анықталған.

Бауыржан Орынтаев, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы: «Жалпы бізде қазіргі таңда кәсіпкерлік мемлекеттік тілде енгізілген қала тұрғындарының үлесі 98,6 пайызды құрайды. Сонымен қатар лед экрандарына жүзден астам жарнамаға алты кәсіпкерлік нысанның монтажының ескизіне келісім берілді. Заң талаптарының бұзылуына байланысты қырққа жуық кәсіпкерлік нысанға ескерту беріліп, екі нысанға айыппұл салынды. Қазіргі таңда бұл маңдайшаларды орналастыру арнайы біздің басқарма арқылы жүзеге асырылып, мүмкіндігінше қызмет көрсету саласы арқылы тиісті жүзеге асырылып жатыр».

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласының мәдениет мекемелерінде 2 жарым мыңнан астам адам еңбек етеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына 22 мекеме тұрақты қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 7 театр, кітапханалар, музейлер, цирк, хайуанаттар бағы және концерттік ұйымдар бар.

Нұргүл Жолымбетова,
Otyrar.kz

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...