Республика күні қарсаңында Шымкентте ұлттық зияткерлік ойыннан Қазақстан чемпионаты басталды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған үздіктер енді чемпиондық атаққа таласады. Олар классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша бақ сынайды. Жарыс қорытындысында маусымның үздік ойыншысы анықталып, Азия чемпионаты мен Азия кубогына қатысатын спортшылар белгілі болады. Ұлттық зияткерлік ойынның мәртебесін көтеруге бағытталған бәсеке 27 қазанға дейін жалғасады.
Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласынан 60-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген алты спорт шебері бар. Солардың бірі, Биғали Зікірияев. Ол, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Оның тоғызқұмалақ спортымен айналысып келе жатқанына 17 жылдан асқан. Қазіргі таңда, шәкірт тәрбиелеп жүрген жайы бар.
Биғали Зікірияев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Өзім негізі Қызылорда қаласының тумасымын. Қазір Астана қаласының спортшысы болып табыламын. Бұрын мектептегі үйірмеден бастағанбыз. Сынып жетекшім шақырған болатын».
Тоғызқұмалақ, ұлттың рухани мұрасы әрі ойлау қабілетін шыңдайтын зияткерлік ойын. 2020 жылы ол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Ал Шымкенттегі бұл чемпионат 2026 жылғы рейтингтік маусымның қорытынды бәсекесі саналады. Жарыс нәтижесінде маусымның үздік ойыншысы анықталып, этноолимпиадаға қатысатын ұлттық құраманы жасақтауға да негіз қаланады. Ал, ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары ұлттық спортқа қызығушылық танытып келе жатқан жастардың да саны артып келеді.
Алмас Толықбай, Шымкент қалалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті: «Жылдан жылға тоғызқұмалақ ойнайтын спортшылардың саны артып келеді. Сіздерге де алғыс айтқым келіп отыр. Өйткені, дәріптеп жүрсіздер. Қазір мектептерде үйірмелер ашылып жатыр. Факультативті сабақтар. Бұл спорттың кереметтілігі физикалқы тұрғыдан емес, мимен жақсы жұмыс істеуге боалды. Математиканы шағасыздар. Ойлау қабілетті арттырады».
Айта кетейік, жарыс 21–27 қазан аралығында классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша өтеді. Әр қатысушының мақсаты – қарсыласынан басым түсіп, ел чемпионы атану. Ал алғашқы екі орын иегері келесі жылы өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Үшінші орын алған спортшы Азия кубогында ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.
© “Otyrar” телеарнасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары