Шымкент Республика күнін тойлауды бастады — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент Республика күнін тойлауды бастады

Елдігімізді айғақтап, азаттығымызды айшықтайтын бұл мейрам шаһарда ұлттық өнерді ұлықтаған кешпен басталды. «Шымкент сазы» концертінде қазақтың қоңыр әні мен күмбірлеген күйі қатар шырқалып, елдің әр өңіріне тән дәстүрлі өнер үлгілері сахна төріне шықты.

Сахна төрінен төгілген әуезді ән залға ерекше әсер сыйлады. Домбыраның күмбірі мен дәстүрлі әннің нақышы көрерменді бірден баурап, көпшілікті өнерпаздармен бірге қосылып ән айтуға жетеледі. Ұлттық өнерді ұлықтаған кешке қала тұрғындарымен қатар, алыстан арнайы келген қонақтар да жиналды. Олар қазақ әнінің құдіретін тыңдап қана қоймай, дәстүрлі өнердің өзіндік бояуын сезінді.

Закира Омарқұлова, қала қонағы: «Сарыағаш ауданына келіп отырмын. Құдағиым осындай концерт болады деп шақырып отыр. Бұл жерге бірінші келуім. Өте әдемі, өте тамаша. Есіктен кіргенде қандай өзіне баурап алатын».

Жанар Байдулаева, қала қонағы: «Мен Темірлан ауылынан келдім. Жалғыз келген жоқпын әрине. Біз үнемі отбасымызбен келеміз. Мына қыздарым отыр. Үнемі жанды дауыста айтады, жанды дауыста ойнайды. Бізге өте ұнайды, көңілімізден шығады. Сол үшін біз ауылдан келеміз. Үнемі келеміз».

Бұл кеште көрерменге бір ғана бағыттағы өнер емес, қазақтың дәстүрлі әні мен күйінің сан қырлы үлгісі ұсынылды. Өнерпаздар әр өңірдің өзіндік мақамын сақтай отырып, халық мұрасын сахна төрінде жаңғыртты. Ал ән мен күйді «Қаратау» этно-фольклорлық ансамблі сүйемелдеді.

Тұрар Темірұлы, Шымкент концерттік ұйымының дәстүрлі әншісі: «Бұл енді бір дәстүрлі өнер кеші. Бұл жерде бүкіл дәстүрлі әніміздің 5 мектебі тіпті 7 мектебі қамтылады. Және де күйшілік мектеп. Өзіміздің күйлер бар, басқа өңірдің күйлері бар жалпы тек бір өңірде тоқтап қалмаймыз әнмен күймен бүкіл Қазақстанды шарлайын деп отырмыз».

«Шымкент сазы» концерті екі жылдан бері дәстүрлі өнерді дәріптеп, өз көрерменін қалыптастырып келеді. Өзіндік бағыты мен мазмұны бар жоба ұлттық өнерді шаһар сахнасында ғана емес, өзге өңірлерде де насихаттайды.

Қуанышбек Құттыбайұлы, Шымкент концерттік ұйымының шығармашылық бөлім меңгерушісі: «Шымкент сазы» осы қателеспесем 10 шақты күн болды. Қызылорда қаласына іс сапармен барып қайттық. Ол жақта осы «Шымкент сазы» концерттік бағдарламамызды қойдық. Керемет өтті. Халық дән риза. Сол мақсатта өзімізде бергенді жөн көрдік».

Айта кетейік, биылғы «Шымкент сазы» ән шеруі Республика күніне орай ұйымдастырылды. Елдік мерекеге арналған кеште ұлттық өнердің жауһарлары орындалып, дәстүр сабақтастығы дәріптелді.

Ботакөз Әнуар,
Otyrar.kz

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...