Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы Нұртас шағын ауданында «Асыл Мұра» тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев, «OKS Group» құрылыс компаниясының акционері Әлімжан Құртаев және «Отбасы банк» АҚ директоры Дәурен Саудабаев сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтады.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаевтың айтуынша, жоба құрылыс барысында туындаған мәселелерге байланысты тоқтап қалған. 2024 жылдың қыркүйегінде компания кепілдік жағдайының орын алғанын жариялап, нысан құрылысын аяқтау міндетін өз мойнына алған. Осыдан кейін тұрғын үйдің техникалық және қаржылық жағдайына аудит жүргізіліп, жобалық құжаттамасы жаңартылған. Қажетті дайындық жұмыстары аяқталған соң, құрылысқа инвестор ретінде «OKS Group» компаниясы тартылып, нысанның құрылысы толық аяқталған.
«OKS Group» құрылыс компаниясының директоры Асылжан Құртаевтың айтуынша, жалпы аумағы 9 441 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешенінде бір, екі, үш бөлмелі 112 пәтер бар. Компания құрылыс жұмыстарын биыл ақпан айында қолға алған.
– Тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауды көздедік. Кешен қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Жақын маңда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп пен балабақша да бар. Ғимарат бес қабатты болғанымен, тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін жедел саты орнатылды. Сонымен қатар қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында Face ID жүйесін енгіздік, – деді Асылжан Құртаев.
Қазіргі таңда пәтерлердің басым бөлігі сатылып, оннан астамы әлі де өз иесін күтуде. Пәтер иелерінің қатарында «Отбасы банк» арқылы төлем қабілеттілігін растап, түрлі тұрғын үй бағдарламалары аясында баспаналы болған азаматтар да бар.
Көптен күткен баспанасына қол жеткізгендердің бірі – 74 жастағы Толғанай Жиенбаева. Ол пәтерді құрылыс енді басталған кезде сатып алған. Баспаналы болу үшін жеке үйін сатып, пәтер құнын толық төлегенімен, құрылыс салушыға қатысты мәселелерге байланысты төрт жыл бойы үйіне қол жеткізе алмай келген.
— Төрт жыл бойы неше түрлі ойға баттық. Бүгін осы күнге жеткенімізге қатты қуанып отырмын, – деді Толғанай Жиенбаева.
Тұрғын үй кешенінің ашылу салтанаты аясында тұрғындарға мерекелік концерт ұсынылды. Әншілер ән шырқап, бишілер өнер көрсетті. Балалар үшін де арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Осылайша, мерекелік шара жаңа пәтер иелерінің қуанышын еселей түсті.
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары