Жерлестеріміз жүлдегерлер қатарында — Xnews — ақпарат агенттігі

Жерлестеріміз жүлдегерлер қатарында

Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындары соңына таяды. Әзірге, ел қоржынында 9 алтын, 16 күміс, 31 қола жүлде бар. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары жауапты бәсекеде алтын, күміс, қола жүлделерге ие болды. Атап айтқанда, жерлестеріміз ауыр атлетика, байдарка және каноэде есу, оқ ату, бокс, семсерлесуден жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ендігі кезек – жекпе-жек өкілдерінде.

XX жазғы Азия ойындарының мәресіне жетуіне санаулы күндер қалды. Каратэ, велоспорт, аралас жекпе-жек өкілдерінен кейін отандық спортшылар семсерлесу, ескек есуден алтын жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, ауыр атлетика, нысана көздеу, жеңіл атлетика, бокс, ушу, спорттық гимнастика және тағы басқа спорт түрлерінен күміс, қола жүлделерді еншіледі.

Басты жеңісті сәттерді атап өтсек. Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден 2026 жылғы Азия ойындарында топ жарды. Командалық сайыстың финалында отандық шпагашылар Оңтүстік Корея құрамасымен кездесіп, 43:42 есебімен жеңіске жетті. Алтын медальді Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов жеңіп алды. Биыл Қазақстан құрамасы командалық есепте Азия чемпионатында да алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, әлем чемпионатында тарихта алғаш рет жеңімпаз атанды.

– Азия ойындарында бәсеке әрдайым өте жоғары деңгейде болады. Азияда мықты командалар көп. Тіпті, жеңіс тағдырын бір-екі ұпай шешіп кетуі мүмкін. Бізге оңай болған жоқ, жарыстың өзі де, оған дайындық та үлкен күшті талап етті. Қазақстан семсерлесудің элитасына кірді. Бұған көрсеткен нәтижелеріміз дәлел. Енді осы жеңіске аздап қуанып, әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Алда Олимпиадаға іріктеу кезеңі тұр. Барлық жанкүйерге қолдау көрсеткендері үшін көп рақмет, – деді Руслан Курбанов жарыстан кейінгі сұхбатында (Olympic.kz).

Сонымен қатар, Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасында академиялық ескек есуден Азиадада топ жарды. Шешуші бәсекеде спортшылар қашықтықты 6 минут 25,13 секундта бағындырып, бірінші орынға ие болды. Күміс жүлдені қытайлық Чуан Цао мен Мэншуай Ян иеленді. Олар қазақстандықтардан 2,09 секундқа қалып қойды. Үшінші орынға Өзбекстан өкілдері Максим Голубев пен Алишер Турдиев (6:32,34) жайғасты. Осылайша, Яковлев пен Чернухин Қазақстан құрамасының қоржынына Азия ойындарының алтын медалін салды.

Жерлесіміз, әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы бастаған зілтеміршілер 3 күміспен қуантты. Бокстан екі отандасымыз дүбірлі бәсекенің финалына өтті. Әйелдер боксынан Алуа Балқыбекова, Наталья Богданова, ерлерден Махмұд Сабырхан қола жүлдегер атанды. Ал, Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан финалда бақ сынайды. Әттеген-айы, кейбір үміт күткен тәжірибелі боксшылар жүлдеге жете алмай, жарысты ерте аяқтады.

Дзюдодан Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова жарыстың алғашқы күні күміс жүлдеге ие болды. Грек-рим күресінен жерлесіміз Мейіржан Шермаханбет кезекті Азия ойындарында қола жүлдені жеңіп алды.

Газетіміздің өткен нөмірінде каратэші Софья Берульцева Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанғанын жазған едік. Одан кейін де шымкенттік спортшылар жеңісті жолды жалғастыруда. Жерлестеріміз семсерлесу, оқу ату, бокс, ауыр атлетикадан жүлделі орындарға қол жеткізді. Атап айтқанда, Зоя Пискун стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасының сапында XX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді. «Скит» жаттығуындағы командалық бәсекеде Зоя Пискун Әсем Орынбай (Алматы облысы) және Адель Садақбаевамен (Астана қаласы) бірге ел намысын қорғап, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 274 ұпай жинады. Осылайша Қазақстан құрамасы II орынға тұрақтап, Азия ойындарының күміс жүлдесін еншіледі.

Байдарка және каноэда есу спортшылары жүлделі орындардан көрінгенін айта кеткен жөн. Ескек есушілер, ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтар каноэде есуден қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасындағы 500 метр қашықтықтағы жұптық каноэ бәсекесінің А финалында олар 1:44.972 нәтижесімен мәреге үшінші болып жетті. Ағайынды Емельяновтар бұған дейін де Азия ойындарында ел қоржынына жүлде салған. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX Азия ойындарында Сергей мен Тимофей Емельяновтар каноэде есуден 500 метр қашықтықтағы жұптық жарыста күміс жүлдегер атанған болатын.

Стелла Суханова да байдарка мен каноэде есуден К-4 500 метр қашықтықта Қазақстан Республикасының ұлттық командасының сапында қола жүлдеге ие болды. Суханова 500 метрге бірлік-байдарка жарысында мәреге үшінші жетіп, Азия ойындарындағы екінші жүлдесін еншіледі. Сергей Емельянов пен Руфина Искакова да аралас екілік-каноэде 500 метрге жарыстың финалында сынға түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Нысана көздеуден София Шульженко мен Елизавета Безрукова Қазақстан әйелдер құрамасының сапында командалық сайыста қола жүлдені қоржынға салды. Одан бөлек, семсерлесуден ерлер арасындағы қылыш бағдарламасының командалық сайысында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Шымкент қаласының спортшысы Қуаныш Эргашбай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Азия ойындарындағы алғашқы жүлдесін иеленді. Зілтемірші 95 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Нұрғиса жұлқа көтеруде 177 келіні, серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 394 келіні еңсеріп, күмістен алқа тақты. Ирандық Али Алипур алтын медаль жеңіп алды. Ал, қытайлық И Ту қола медальға ие болды.

Отандасымыз жарыстан кейін өз өнеріне баға беріп, алдағы мақсаттары жайлы айтты.

– Бір жылға жуық уақыт жарысқа қатысқан жоқпын. Соңғы рет Ислам ойындарында өнер көрсеткен едім. Соған қарамастан, күміс медальдің өзі жаман нәтиже емес. Бұл – менің алғашқы Азия ойындарым. Серпе көтеруде де соңына дейін күрестім. 222 келіні кеудеме алып тұра алдым. Тіпті, 225 келіні де бағындыруға мүмкіндігім болды. Бірақ бұл жарысты ұзақ күткеннен кейін қатты шаршаған сияқтымын. Күшім де азайып қалғандай болды. Бүгін күні бойы ұйқылы-ояу жүргендей күйде болдым. Серпе көтеруге келгенде өзімді әрең қолға алдым. «Қалай болғанда да, бар күшімді салып, 222 келіні көтеруім керек» деп шықтым. Алдағы уақытта жіберген қателіктерімізді талдап, солармен жұмыс істейміз. Әрине, алтын медаль алуды қатты қаладым. Ислам ойындарында да, әлем чемпионатында да алтын алғанмын. Енді Олимпиада мен Азия ойындарында да чемпион атансам деймін, – деді ол ұлттық олимпиада комитетінің сайтына берген сұхбатында.

Боксшылардың жолына үмітпен қараймыз. Шымкенттен аттанған қос боксшының бірі Төрехан Сабырхан жарысты жалғастыруда. Финалға шыққан боксшылардан ел жанкүйерлері алтын медаль күтіп отыр.

Күрес түрес түрлері, таэквондо, дзюдодан бәсекелер басталды. Бұл сындарда да шымкенттік өрендер жарыс жолына шығады. Біз жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...