Ардагерлер арасында бильярд ойынынан турнир өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Ардагерлер арасында бильярд ойынынан турнир өтті

Шымкентте Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлер арасында бильярдтан жарыс ұйымдастырылды. Додаға жасы 60-тан асқан әуесқой спортшылар қатысып, дәлдік пен ептілікті талап ететін спорт түрінен өзара мықтыны анықтады. Қариялар жас ерекшелігіне қарамастан спортқа деген қызығушылықтарын көрсетіп, жарыс алаңында белсенділік танытты.

Қазір бильярдтан қаланың аудандарында іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Әр спорт түрінен үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар қалалық жарысқа жолдама алады. Ал қалалық бильярд додасы 20-21 қазан күндері өткізіледі. Бұл кезеңде аудандық жарыстарда топ жарған ардагерлер өзара бақ сынап, үздіктер анықталады.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевтың айтуынша, жарыстардың басты мақсаты – егде жастағы азаматтарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру, олардың белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту.

«Халықаралық қарттар күніне орай федерация басшыларының қатысуымен ардагерлер арасында бірқатар спорттық жарыс ұйымдастырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – ардагерлерді спортпен тұрақты түрде айналысуға насихаттау, олардың белсенділігін арттыру және денсаулығын нығайту. Бұл жерде ең бастысы – жарыстың нәтижесі емес, ардагерлердің спортқа қызығушылығын арттыру», – деді ол.

Ұйымдастырушылар бильярдтың жас талғамайтын спорт түрі екенін атап өтті. Оның ерекшелігі – дене дайындығымен қатар, ойыншыдан сабырлылықты, дәлдікті, зейінді және тактикалық ойлауды талап етеді. Сондықтан бұл спорт түрі егде жастағы азаматтар үшін де қолайлы.

Қалалық бильярд спорты федерациясының төрағасы Ержан Баймағанбетов жарыстың екі күнге жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, басты міндет – ардагерлердің белсенді өмір салтын қолдап, олардың көңілінен шығу және бильярдты бұқаралық спорт ретінде дамыту.

«Басты мақсатымыз – қариялардың көңілінен шығу, олардың белсенді өмір салтын қолдау және бильярд спортының бұқаралық деңгейін көтеру. Сонымен қатар жастарды осы спорт түріне баулу да маңызды міндеттердің бірі», – деді федерация басшысы.

Ардагерлерді спортқа тарту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Биыл республика бойынша ардагерлер ұйымының құрылғанына 40 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкентте ардагерлер арасында спорттың төрт түрінен жарыстар ұйымдастырылуда. Оның қатарында бильярд, шахмат және басқа да спорт түрлері бар.

Мұндай жарыстар аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, өзара тәжірибе алмасуына және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Сонымен бірге спорттық додалар ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттырып, кейінгі ұрпаққа үлгі болуға жол ашады.

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...