Шымкентте ардагерлер, зейнеткерлер, көп балалы аналар және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көрсетілетін қолдау шаралары кеңейіп келеді. Әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстар тек қаржылай көмек көрсетумен шектелмей, азаматтардың денсаулығын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға, қажетті әлеуметтік қызметтермен қамтуға жағдай жасауға бағытталған.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаеваның айтуынша, әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды бағыттардың бірі – жасы үлкен азаматтарға көрсетілетін қолдау. Бүгінде Шымкентте 105 547 зейнеткер тұрады. Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 2 098 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылуда. Ардагерлер мен зейнеткерлердің денсаулығын нығайту, демалысын тиімді ұйымдастыру және өмір сапасын арттыру бағыттарында қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта санаторлық-курорттық емделуге ерекше мән беріліп отыр. Биыл зейнеткерлердің денсаулығын нығайту мақсатында 8 735 адамды санаторлық-курорттық емдеумен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 090 азаматқа жолдама берілген.
Санаторлық-курорттық емдеу қарт адамдар үшін медициналық сауықтырумен қатар, күнделікті ортадан тынығып, денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін әлеуметтік қолдаудың бір тетігі ретінде қарастырылады. Жолдамалар бірнеше санаторлық-курорттық мекеме арасында бөлінген. Оның ішінде «Ізетті зейнеткерлер» орталығы да бар. Аталған мекеме 2025 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейткен. Бұған дейін орталық 70 адамға есептелсе, жаңа ғимаратта бір легте 120 адамды қабылдауға жағдай жасалған.
Қаладағы қарт кісілерге көрсетілетін қолдаудың тағы бір бағыты – олардың қоғамнан шет қалмауына жағдай жасау. Жасы үлкен азаматтардың қоғаммен байланысын сақтау, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беру, түрлі әлеуметтік және мәдени шараларға қатысуын қамтамасыз ету де – өмір сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі.
Мүгедектігі бар азаматтарға көмек жалғасады
Әлеуметтік қорғау саласындағы шаралар ардагерлер мен көп балалы аналармен ғана шектелмейді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, атаулы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бөлінетін қаражат көлемі де артып келеді. Жанат Өмірсейітқызы келтірген мәлімет бойынша, Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 43 924 азамат тіркелген. Олардың 5 223-і бірінші, 15 304-і екінші, 14 502-сі үшінші топ мүгедегі. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 8 895 баланың мүмкіндігі шектеулі.
Басқарма басшысы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету көрсеткішінің де өткен жылмен салыстырғанда өскеніне назар аударды. Биыл 52 515 өтінімнің 42 330-ы орындалып, қамтамасыз ету деңгейі 80,7 пайызға жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 77,7 пайыз болған.
Оңалту құралдарының ішінде кресло-арбаға мұқтаж азаматтарды қамту деңгейі 91,4 пайызға жеткен. Жеке көмекші қызметін қажет еткендердің 97,3 пайызы, ымдау тілі маманының қызметіне жүгінген азаматтардың да 97,3 пайызы қажетті көмекпен қамтылды. Ал гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету көрсеткіші 91 пайызды құрады.
Сонымен қатар биыл 5 528 азамат протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілген. 652 адам сурдологиялық, 1 135 азамат тифлотехникалық құралдар алған. Денсаулығын сауықтыруға мұқтаж 11 633 азамат санаторлық-курорттық емделуге жолдамаға ие болды.
Мүгедектігі бар азаматтардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасау үшін «Инватакси» қызметі де ұсынылған. Қазіргі таңда Шымкентте арнайы жабдықталған 38 көлік жұмыс істейді. Жыл басынан бері аталған қызметті алу бойынша 551 өтініш қабылданып, азаматтарға қажетті тасымалдау қызметі көрсетілген.
Жанат Утебаева әлеуметтік қолдаудың мәні тек оңалту құралдарын беруді ғана қамтымайтынын атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өмірге белсенді араласуына, қажетті қызметтерді кедергісіз алуына және қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасау.
Арнаулы әлеуметтік қызметпен 3 мыңнан астам азамат қамтылды
Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін қалада жаңа нысандар ашылып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған орталықтардың мүмкіндігі кеңейіп келеді. 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 3 261 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 816 адам стационарлық, 825 адам жартылай стационарлық, 373 адам уақытша болу жағдайында көмек алған. Ал 1 247 азаматқа әлеуметтік қызмет үй жағдайында көрсетілген. Өткен жылы бұл қызмет түрлерімен 3 236 адам қамтылған.
Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы 50 орынды «Сенім» орталығы мен 150 орынды «Балауса» балалар орталығы іске қосылған. Сонымен қатар №1 стационар жағдайдағы орталықтың жанынан қосымша 50 орынды ғимараттың құрылысы аяқталып, қазіргі таңда материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік қызмет көрсету мүмкіндігін одан әрі арттыру мақсатында 150 орынға арналған оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Оның жұмысын биыл желтоқсан айында толық аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, «Қолдау» балалар орталығын жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 574,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсету қарастырылған. Ал «Бейімдеу орталығында» қосымша 100 орынды ғимарат салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған
Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайғаны байқалады. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында көмек 1 858 отбасыдағы 9 597 азаматқа тағайындалған. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 4 763 отбасыны құраған. Яғни биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 61 пайызға азайған. Бұл ретте басқарма басшысы еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында еңбекке жарамды 2 194 азамат бар. Оның 806-сы – атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген кезде жұмыс істеп жүрген азаматтар. Ал 247-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, 227 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 2-еуі кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған. Бұдан бөлек 11-і қоғамдық жұмыстарға, 1-еуі әлеуметтік жұмыс орнына жолданса, 6-уы қайта даярлау курстарынан өткен.
Әлеуметтік салада жаңа тәсілдер
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа тәсілдермен жалғасын табуда. Әлеуметтік көмекті азаматтардың нақты қажеттілігіне қарай бағыттау, еңбекке қабілетті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік осал санаттарды қолдау – негізгі бағыттардың қатарында.
Жанат Утебаеваның айтуынша, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа жүйеде отбасының жеке мәселесіне ғана емес, оның жалпы әлеуметтік жағдайына кешенді баға беріледі. Бұл тәсіл мемлекеттік қолдауды көмекке мұқтаж азаматтарға тиімді жеткізуге мүмкіндік бермек.
Жұмыс іздеушілерге қатысты тәртіп те жаңарады. 1 қазаннан бастап мансап орталығы мамандарына азаматқа лайықты жұмыс орнын іздеуге 13 күнге дейін уақыт беріледі. Бұған дейін бұл мерзім екі күн болатын. Осы аралықта мамандар азаматтың білімі мен еңбек өтілін ғана емес, кәсіби дағдылары мен мүмкіндіктерін де ескеріп, соған сәйкес бос жұмыс орындарын қарастырады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен байланысып, азаматтың тұрақты қызметке орналасуына ықпал етеді. Ж.Утебаева атап өткендей, азаматқа лайықты жұмыс ертерек табылса, 13 күннің аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Ал сәйкес бос жұмыс орны болмаған жағдайда кәсіптік оқуға, субсидияланатын жұмыс орындарына немесе жұмыспен қамтудың басқа да шараларына қатыстырылады.
Жұмыспен қамту шараларына 26 мыңнан астам адам қатысқан
Қаладағы жұмыспен қамту көрсеткіштері де еңбек нарығындағы ахуалды аңғартады. 2026 жылдың II тоқсанында Шымкенттегі жұмыссыздар саны 22 401 адамды құраған. Жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызды құрайды.
Биыл жұмыспен қамту шараларына 31 398 адамды тарту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 26 412-сі, яғни 84,1 пайызы түрлі шараларға қатысқан. Олардың 16 273-і тұрақты жұмысқа орналасса, 3 366 адам уақытша жұмыс орындарына жолданған. Ал кәсіптік оқыту бағыттарын таңдағандар саны – 6 772. Сонымен қатар жұмыспен қамту шаралары аясында 21 952 адамды қамту жоспарланса, оған нақты 18 680 адам қатысқан. Олардың 8 678-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
Қалада жүзеге асырылып жатқан концепциялар, даму бағдарламалары және азаматтардың жеке бастамалары есебінен жаңа жұмыс орындарын құруға да басымдық берілуде. Осы бағытта 9 446 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі таңда оның 7 732-сі жұмысқа жолдама алды.
Жазғы демалысын тиімді өткізіп, еңбек тәжірибесін жинақтауға ниетті 298 жас үш ай қоғамдық жұмысқа тартылды. Олардың 192-сі – жоғары оқу орындарының студенттері, 106-сы – 16 жастан асқан мектеп оқушылары. Оларға ай сайын 28 АЕК мөлшерінде, яғни 121 100 теңге жалақы төленген.
143 отбасы жұмыс күші аз өңірге қоныс аударды
Шымкенттен еңбек ресурстары жеткіліксіз өңірлерге қоныс аудару қарқыны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қаладан 143 отбасы басқа өңірлерге қоныс аударған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 40 отбасы болған. Биыл көшіп барғандардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарын таңдаған.
Ал қандастарды қолдау бойынша 2026 жылдың сегіз айында 142 азаматқа «қандас» мәртебесі берілген. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай мәртебені 626 азамат алған.
Жалпы, Шымкентте әлеуметтік қорғау шаралары тұрғындардың әртүрлі санатын қамтып, олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Ардагерлер мен зейнеткерлердің денсаулығын нығайту, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті қызметтерді ұсыну, көп балалы аналарды қолдау, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды жұмыспен қамту және еңбек нарығына тарту – осы бағыттағы негізгі жұмыстардың қатарында.
Алдағы кезеңде әлеуметтік көмекті азаматтың нақты қажеттілігіне қарай көрсетуге, еңбекке қабілетті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілмек.
Ұлжан ИСАХАНҚЫЗЫ,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары