Тұран ауданы – Шымкент қаласының жаңа құрылған аудандарының бірі. Соған қарамастан уақыт өткен сайын жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым жаңарып, аудан халқының саны артып келеді.
Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесіне де жаңа талаптар қояды. Халық саны өскен сайын тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігіне деген сұраныс та арта түседі. Осындай жағдайда мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халыққа адал қызмет ету. Ал, адал қызметтің өзегінде заңдылық, әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттары тұруы тиіс.
Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім бір күнде қалыптаспайды. Ол азаматтың мемлекеттік мекемеге жүгінген сәтінен бастап, оның өтінішінің қалай қаралғанына, мәселесінің қаншалықты әділ әрі уақтылы шешілгеніне дейінгі әрбір әрекеттен құралады. Сондықтан мемлекеттік қызметші үшін өз міндетін сапалы атқару ғана емес, тұрғынның құқығы мен заңды мүддесіне құрметпен қарау да аса маңызды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік басқарудың негізгі бағыттарының бірі. Сыбайлас жемқорлық қоғамның дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер етеді. Сондықтан оған қарсы күресті тек жазалау шараларымен шектеуге болмайды. Ең бастысы, жемқорлыққа жол бермейтін қоғамдық орта қалыптастыру. Мұндай орта, ең алдымен, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын күнделікті өмірде орнықтыру арқылы қалыптасады. Заңды сақтау, қызметтік міндетті мінсіз орындау, жеке мүддені қоғамдық мүддеден жоғары қоймау – мемлекеттік қызметшіге қойылатын басты талаптардың бірі.
Тұран ауданында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ашықтық бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесінен де көрінеді. Мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай жүргізілуі, қабылданған шешімдердің қоғамға түсінікті болуы – халық сенімін нығайтатын маңызды факторлар.
Сондықтан тұрғындармен ашық кездесулер өткізу, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беру, қоғамдық кеңес мүшелерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен пікір алмасу – біз үшін жай ғана міндет емес, тиімді басқарудың маңызды құралы.
Мемлекеттік қызметшінің мәдениеті мен әдебі де осы сенімнің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Әрбір қызметкер азаматтың мәселесіне немқұрайлы қарамай, өтінішін заң аясында әрі уақытылы қарауға міндетті. Тұрғынмен сөйлескендегі бір ауыз сөздің өзі мемлекеттік органға деген көзқарасқа әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметші үшін кәсібилік пен адалдық қатар жүруі қажет. Өз жұмысына жауапкершілікпен қараған, заң талаптарын сақтаған және азаматтың құқығын құрметтеген қызметкер ғана халықтың сеніміне ие болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қоғамның да жауапкершілігі жоғары. Заң бұзушылыққа көз жұма қарамау, пара беруге де, алуға да жол бермеу әр азаматтың азаматтық ұстанымы болуы тиіс. Құқықтық сауаттылықтың артуы мен заңды құрметтеу мәдениетінің қалыптасуы қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіру – маңызды міндет. Бүгінгі жастар – ертеңгі мемлекеттік қызметші, кәсіпкер, маман және қоғам мүшесі. Сондықтан олардың құқықтық сауатын арттырып, еңбекті бағалауға, заңды құрметтеуге және жауапкершілікпен әрекет етуге тәрбиелеу – болашаққа жасалған маңызды қадам.
Мемлекеттік қызметші ретінде мен үшін халықтың сенімі – ең жоғары жауапкершілік. Өйткені, қабылданған әрбір шешімнің артында нақты адамның тағдыры, отбасының тұрмысы, баланың болашағы тұр. Осыны әрдайым ескере отырып, ауданның дамуында ашықтық пен әділдік қағидаттарын басты орынға қоюымыз қажет.
Халықтың ұсынысын тыңдау, тұрғындардың мәселесіне дер кезінде назар аудару, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және қабылданған шешімдердің нәтижесін ашық көрсету – сенімді басқарудың негізгі шарттары.
Біздің мақсатымыз – тұрғын мен мемлекеттік орган арасында кедергі емес, сенім қалыптастыратын қарым-қатынас орнату. Себебі, халықтың мемлекетке деген сенімі мемлекеттік қызметшінің күнделікті ісінен басталады.
Адал қызмет – халық сенімінің негізі. Заңды құрметтеп, әділдік пен жауапкершілікті берік ұстанған жағдайда ғана қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайта аламыз. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.
Біржан ӘЗІМБЕРДИЕВ,
Тұран ауданының әкімі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары