Тұрандықтар үшін жайлы орта қалыптасқан — Xnews — ақпарат агенттігі

Тұрандықтар үшін жайлы орта қалыптасқан

Тұрғындардың тұрмыстық түйткілдері азайып, жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай тууына ең алдымен сапалы инфрақұрылым негіз болады. Жолдың жөнделуі, ауыз судың үздіксіз берілуі, электр мен газдың қолжетімді болуы, кәріз жүйесінің реттелуі – күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін маңызды мәселелер. Осы бағыттар бойынша Тұран ауданында биыл ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жол жаңарту, абаттандыру, жарықтандыру және әлеуметтік қолдау шаралары қатар жүргізілуде.

Тұран ауданының әкімі Біржан Әзімбердиевтің айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан аумақта жаңа тұрғын үйлердің көбеюі инженерлік желілерге түсетін жүктемені де арттырып отыр. Сондықтан ауданның бүгінгі қажеттілігін ғана емес, алдағы даму перспективаларын ескере отырып жұмыс жүргізу маңызды.

Аумағы 36 300 гектарды құрайтын Тұран ауданында 22 шағын аудан бар. Мұнда 232 708 тұрғын тұрады. Аудан аумағында жеке 39 357 тұрғын үй мен көп қабатты 548 тұрғын үй орналасқан. Халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік 293 нысан бар. Ал, аудан көшелерінің саны – 1 229.

Инженерлік инфрақұрылым жаңаруда

Тұрғындардың тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – сапалы ауыз сумен қамту. Бұл бағытта Тұран ауданында айтарлықтай нәтиже бар. Қазіргі таңда барлық 22 шағын аудан сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Яғни, аудан бойынша ауыз су инфрақұрылымының қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Дегенмен инженерлік желілерді жүргізу тек құбыр тартумен шектелмейді. Жүйеге қосылған тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары да қатар жүруі қажет. Осыған байланысты Құрсай шағын ауданында бұған дейін жүргізілген ауыз су құбыры бойынша абоненттеу жұмыстары жалғасуда. Аталған ауыз су желісі 2021 жылы «Риголит» ЖШС тарапынан жүргізілген. Қазіргі таңда мердігер мекеме тұрғын үйлерді жүйеге қосуға қажетті жұмыстарды атқарып жатыр.

Электр энергиясымен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жеткен. Алайда, ауданның қарқынды дамуына байланысты электр желілерін жаңғырту, қуат көздерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа тұрғын үйлерді жүйеге қосу жұмыстары жалғасуда. «Жер ана» өндірістік кооперативінің аумағында салынған тұрғын үйлерді электр қуаты желісіне қосу және әр үйге жеке есеп жүргізу жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС жүргізіп жатыр. Осы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Биыл инвестициялық бағдарлама аясында сыртта орнатылатын жиынтық трансформаторлық 8 станция ауыстырылған. Тағы жаңа трансформаторлық 2 станция орнату жоспарланған.

Газдандыру бағытында да жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда 22 шағын ауданның 19-ы табиғи газбен қамтылған. Бұл – 85,7 пайыз. Құрсай және Жаңаталап шағын аудандарының жартылай қамтылған аумақтары бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындылары алынған. Бұл аумақтарда құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады. Ал, Айкөл шағын ауданын табиғи газбен қамту жұмысы келесі жылдың еншісінде.

Кәріз жүйесі бойынша 13 шағын аудан қамтылған. Бұл – 60,2 пайыз. Қалған 9 шағын ауданды кәріз жүйесіне қосу үшін Агропром, Қорғасын шағын ауданы мен орталықтағы Қазыбек би, И.Лихачев, М.Байзақұлы, О.Жандосов, В.Верещагин, А.Шолохов және Ш.Уәлиханов көшелерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс мерзімі 2026–2027 жылдарға белгіленген. Ал 112-орам бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Тұрғындардың қыс мезгіліндегі қауіпсіздігі де бақылауда. Тұран ауданындағы көп қабатты 548 тұрғын үйдің 503-і орталық жылу жүйесіне қосылған, 45 үй жеке қазандықтар арқылы жылытылады. Аудан аумағында бес қазандық және төрт жылу сорғы станциясы жұмыс істейді. Көп қабатты 340 тұрғын үй жылу маусымына толық дайын. Қалған үйлер бойынша дайындық жұмыстары жалғасып, тұрғындарға түсіндіру жүргізілуде.

Жол сапасына және қауіпсіздікке басымдық берілді

Тұран ауданындағы тағы бір маңызды бағыт – жол инфрақұрылымын дамыту. Аудандағы 1 229 көшенің жалпы ұзындығы 570,4 шақырымды құрайды.

Соңғы жылдары жолды ретке келтіру бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. 2024 жылы 42 көше, 2025 жылы 251 көше асфальтталған. Ал, биыл 81 көшенің 48,05 шақырымын асфальттау жоспарланған. Жол жөндеумен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған жол да салынып жатыр. 597 көшенің ұзындығы 338,2 шақырымына аяқжол салынған. Биыл тағы 26 көшеге 24,9 шақырым аяқжол салу жоспарланған.

Шымкентің аптап ыстығын ескерсек, ирригацияның, яғни, жасыл желектер мен ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға арналған жүйелердің маңызы зор. Ауданның 203 көшесінде жалпы ұзындығы 134,5 шақырым ирригация жүйесі салынған. Биыл 41 көшеге 22,314 шақырым ирригация жүйесін салу жоспарланған. Байырқұм, Рабат, Б.Момышұлы, С.Қожанов, О.Сүлейменов, Айнабұлақ, Т.Бокин және Ақжиек көшелеріндегі жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген.

Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 375 көше жарықтандырылған. Биыл қосымша ішкі орам 15 көше мен 10 аяқжолды жарықтандыру жоспарланған.

Ауданның келбеті көркейе түсуде

Тұрандағы жұмыстардың маңызды бөлігі – абаттандыру. Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін қоғамдық демалыс орындарын көбейту мақсатында биыл 28 жоба қолға алынған. Сол бойынша 18 балалар ойын алаңшасы және 10 кешенді алаңша салынады.

Сонымен бірге, көгалдандыру және абаттандыру үлесін арттыру мақсатында әмбебап 5 демалыс орнын салу жоспарланып отыр. Алтынжол көшесіндегі гүлзар аумағына қатысты жер кадастрлық жоспары әзірленіп, бекітуге ұсынылған. А.Мангелдин және Ө.Жәнібеков көшелері бойындағы аумақты мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізілуде. Қазығұрт шағын ауданында қаладан шыға берістегі жар бөлігіне, ал, Арғымақ шағын ауданында гүлзар салу жоспарланған.

Ауданның сәулеттік келбетін жаңарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетіне мурал салу жұмыстары да қолға алынған. 2024 жылы 6 үйге, былтыр 9 үйге мурал салынған. Ал, биыл 1 080 шаршы метр тұрғын үй қасбетіне мурал салуға арналған сметалық құжаттама әзірленген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, қазіргі таңда шағымдану кезеңі жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Тұранда көпқабатты 25 тұрғын үйдің сырты жарықтандырылған. Келесі жылы тағы көпқабатты 7 үйді жарықтандыру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік қолдау – назарда

Ауданда инфрақұрылымдық жобалармен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша нақты жұмыстар қолға алынған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тұрмыс жағдайын зерделеу үшін ауданда учаскелік 5 комиссия жұмыс істейді. Комиссиялар тоқсан сайын көмек алуға өтініш білдірген азаматтардың тұрмыс жағдайын зерделеп, қорытындысын тиісті орындарға жолдайды. Өткен жылдан бастап бұл жұмыстар FSM Social қосымшасы арқылы жүргізіледі. Жүйеге өтініш берушінің үйінің фотосуреті, геолокациясы, мекен-жайы және отбасы құрамы енгізіледі. Ауданда көп балалы 7 967 ана бар. Оның ішінде төрт баласы бар 4 826 отбасы, бес баласы бар 2 157 отбасы, алты баласы бар 1 415 отбасы және жеті баласы бар 539 отбасы тіркелген. Ал, 8–10 баласы бар 37 отбасы бар. Көп балалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр 201 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілеріне ие болған. Оның 48-і «Алтын алқамен», 153-і «Күміс алқамен» марапатталған. Ал, биыл алғашқы сегіз айда көпбалалы 184 ана марапатталған. Оның 48-і «Алтын алқа», 136-сы «Күміс алқа» төсбелгісін иеленді. Тағы көп балалы 133 ана марапатқа құжат тапсырған. Оның ішінде 40 ана «Алтын алқаға», 93 ана «Күміс алқаға» ұсынылған.

Жалпы, Тұран ауданында биыл қолға алынған жұмыстардың ауқымы кең. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды жөндеу, аяқжолдар мен ирригация жүйелерін салу, көшелерді жарықтандыру, жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру және әлеуметтік қолдауды күшейту бағыттары қатар қамтылған.

Ұлжан Көгіл,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...