Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан намысын абыроймен қорғаған жас дзюдошылармен кездесті.
Әлем біріншілігіне 59 елден 457 спортшы қатысып, татамиде үздіктер анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласының жас дзюдошылары ел қоржынына екі медаль салды.
Атап айтқанда, Әдия Жанахмет 40 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Бұл – жас спортшының әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Ал Тоғжан Төлебай Қазақстан ұлттық құрамасының сапында аралас командалық жарыста топ жарып, әлем чемпионы атанды.
Кездесу барысында қала әкімі жас спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың бапкерлеріне кәсіби еңбегі мен шәкірттерін халықаралық додаларға дайындауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Әдия Жанахмет пен Тоғжан Төлебайға естелік сыйлықтар табысталды.
Ғабит Сыздықбеков спорттағы әрбір жетістіктің артында ұзақ жылғы дайындық, қатаң тәртіп, тынымсыз еңбек және бапкерлердің қолдауы тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, жас спортшылардың халықаралық аренадағы жеңістері өскелең ұрпаққа үлгі болып, табандылық пен мақсатқа ұмтылудың маңызын көрсетеді.
Қала басшысы алдағы уақытта да талантты спортшыларды қолдау, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және спортпен айналысуға қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Шымкенттік жас дзюдошылардың әлемдік додадағы бұл нәтижелері қала спортының әлеуетін тағы бір мәрте айқындап, жас буын арасында дзюдоның дамуына серпін берері сөзсіз.
Еске салсақ, Қазақстан командалық ӘЧ-2026 бәсекесін Болгарияны 4:1 есебімен жеңуден бастады. Одан кейін ширек финалда қазақстандықтар сенсациялық түрде Жапониядан 4:2 есебімен басым түссе, жартылай финалда Өзбекстанды 4:2 есебімен ұтты. Финалда Қазақстан құрамасы Бразилияны 4:3 есебімен ұтып, жеңісті жұлып алды. Негізгі белдесулер 3:3 есебімен тең аяқталып, жеребе тарту қорытындысы бойынша шешуші кездесу 48 келі салмақ дәрежесіне түсті. Бұл сында Иянат Жұбатқан айқын жеңіске жетті.
Командалық сында ел намысын қорғап, чемпион атанған спортшылар: Ғабит Расулхан (60 кг), Інжу Жұмадан (63 кг), Еркен Бекәлі (81 кг), Тоғжан Төлебай (63 кг жоғары), Әділжан Жәудінов (81 кг жоғары) және Иянат Жұбатқан (48 кг) өнер көрсетті.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы бұл әлем чемпионатында жекелей сындарды қосқанда жалпы саны 11 медаль (4 алтын, 3 күміс, 4 қола) иеленіп, командалық есепте де үздік нәтиже көрсетті. Осылайша өз тарихында тұңғыш рет кадеттер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық турнирінде жеңімпаз атанды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары