Елдің 10 өңірінен келген 170 спортшы жеңімпаз атану үшін бақ сынауда. Олардың қатарында Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Түркістан облыстарының өкілдері мен шымкенттік спортшылар бар.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының бадминтоншылары халықаралық турнирге қатысып, елге оралған болатын. Ал бұл чемпионат жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Ратмир Гильманов, бадминтоншы:
«Бұл турнир жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе жинайтын мүмкіндік. Себебі спорттағы жолдың бәрі жастар арасындағы жарыстардан басталады. Кейін олар ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаттарына қатысып, жинаған тәжірибесін көрсете алады. Жақында Тәжікстанның Худжанд қаласында өткен Орталық Азия турниріне қатысып, командалық есепте де, жекелей сында да екінші орын алдық. Алдағы мақсатым – Олимпиада ойындарына қатысу. Қазір соған дайындалып жатырмын».
16-30 қыркүйек аралығында Жапонияның Нагоя қаласында Азия ойындары өтеді. Құрлықтағы ең ірі спорт додасына Азияның үздік спортшылары жиналады. Қазірдің өзінде Қазақстанның бадминтон құрамасына Шымкенттен төрт спортшы іріктеліп отыр. Олар үшін Азия ойындары – спорттық мансабындағы маңызды кезең. Сондай-ақ бұл – Шымкент пен Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғауға берілген үлкен мүмкіндік.
Артур Ниязов, Шымкент қаласының бадминтоннан аға жаттықтырушысы:
«Жастар арасындағы чемпионаттың командалық кезеңі аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Енді спортшылар жекелей сында бақ сынайды. Бұл кезеңде де жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Шымкент құрамасы командалық есепте үшінші орын алды. Бұл – біз үшін жақсы нәтиже. Алдымызға қойған мақсатымызға жеттік деп есептеймін. Сонымен қатар, 16-30 қыркүйек аралығында Жапонияда Азия ойындары өтеді. Шымкенттен төрт спортшы ұлттық құрама сапына іріктелді. Азия ойындары қарсаңында құрама Малайзияның Куала-Лумпур қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Онда әр елден келген мықты спортшылармен бірге жаттығып, тәжірибе алмастық».
Шымкентте өтіп жатқан бадминтоннан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты 12 қыркүйекке дейін жалғасады.
© “Otyrar” телеарнасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары